+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Күләштiң қайраткерлiгi неге насихатталмайды?


Қазақтың дархан даласына жаратқан алтын дауыс иесiн берсе, ол – теңдессiз Күләш Байсейiтова. Оның ерекше дауысы адамның жан дүниесiн ерекше сезiмге бөлеп, елiктiрiп әкетедi.

 

Ол асқан талант иесi болмаса небәрi 24 жасында КСРО Халық әртісі атанбас едi. Сол кездегi Кеңестер одағын мойындатып, атағы жер жарған К. Станиславский, А. Нежданова, Б. Щукин, А. Хорова сынды өнер тарландарымен Байсейiтованың есiмi қатар аталды.

 

Күләш – бұлбұл дауысты көрнектi әншi ғана емес, Қазақ КСР Жоғары кеңесiне 4 мәрте депутат болып сайланған қоғам қайраткерi. ҚР Мемлекеттiк орталық мұрағатында Күләш Бай­сейiтованың күнделiк жазбалары мен Қазақ КСР Жоғары кеңесiне сайланған кезеңдегi құжаттары сақтаулы. 1938 жылы Қазақ КСР Жоғары кеңесiнiң 1-ші шақырылымына сайланған 300 депутаттың бiрi ретiнде халық Күләш Бай­сейiтованы таңдайды.

 

Мұрағат құжаттарында Күләштiң көмек сұрап алдына келген адамдардың тiлегiн аяқасты етпей, шамасы жеткенше мәселе­нiң шешi­п беруі туралы жазылған. Балаларын балабақшаға орналастырып, сол кездегi жас әртістердiң баспаналы болуына жағдай жасаған. Сондай-ақ, 16 адамның темір тордан шығуына септігін тигізген. Әншінің депутаттық қызметіне сүйене отырып, халықтың мұң-мұқтажын шешкеніне төмендегі хат дәлел. Майдангер жазушы Д. Снегин 1947 жылы 31 наурызда жазған хатында былай дейді:

 

«Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне сайлау өткен күні Панфилов дивизиясы, 6-шы гвардиялық полкінің жауынгері, менің майдангер досым Алексей Иосифович Мамонтов та сіздің үміткерлігіңізді қолдап, дауыс берді. Ол Отанды неміс басқыншыларынан қорғау барысында ауыр ұрыстарға қатысып, 2-ші топтағы мүгедек болып қалды. Осы мәселеге депутат ретінде көмектесіп, билік органдарына жауынгердің жағдайын жақсартуға ықпал етіуіңізді сұраймын. Өз тарапымнан да қолдан келген шаралардың барлығын жасаймын. Ыстық ықыласпен Д. Снегин».

 

Байсейітова хатты алғаннан кейін ресми орындарға сауал жолдайды. Сауалының соңына «Жауынгердің сұраған нәрсесінің бәрін алып беру керек. Майдан даласында мен олардың оқ пен оттың ортасында жаумен арпалысқан күйін жақсы білемін» деп қол қояды.

 

Өкінішке орай, көпшілігіміз Күләшті күміс көмей әнші ретінде ғана біліп, қайраткерлік еңбегін ескере бермейміз.

 

Айдар Жоранов,

Алматы қаласы.

 

Суреттер ҚР ОМ КФҚ ДЖМ алынды.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1434

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз