+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Ән жұлдызы Роза Жаманованың даңқы асқақтады ма?


Қарапайым жандардың өмiрде де, өнерде де өзiне тиесiлi үлесiнен құр қалуы жиi кездеседi. Сондай асқақ тұлғаның бiрi – Роза Ахметқызы Жаманова. Аса талантты әншi апамыз зейнеткерлiкке шыққан соң да елеусiз, ескерусiз қалды. Тiптi 85 жасқа толған мерейтойында теледидар мен бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, дүркiретiп әкетпедi. Дүркiреткенiңiз не, аты дардай бiр журналистке өтiнiш бiлдiрiп едiм, «Ол кiсi әлi тiрi ме?» деп көзiн-аударып төңкергенде жағамды ұстап шошыдым. «Мен жастарға сенемiн, сендер барда бiздiң ұлттық өнерiмiз өшпейдi» деген Роза апамның жүрекжарды тiлегi жадымда тоқулы. Қазақ өнерiне сiңiрген өлшеусiз еңбегi бағаланып, Социалистiк Еңбек Ерi атағын алуға лайықты жан едi. Бiрақ өзiнiң тым қарапайымдылығы, ешкiмнен ештеңе сұрап бармайтындығы атақ алуға келгенде кесе-көлденең тұрды.

 

Шара Жиенқұлова «Өмiрiм – менiң өнерiм» атты кiтабында: «Қазақ өнерi Күләшiнен қапыда айырылып, жетiмсiреп жүдеп жүргенде, ол сомдаған тұлғалар – Жiбек, Сара, Ақжүнiстердi қайта тiрiлтер, жандандырар жезтаңдай бұлбұл ендi бола ма, жоқ па дегендей күйзелiс күйде жүргенде, осы Розамыз шықты! Қуанышымызға қарай, жас Роза опералық өнерге үлкен дайындықпен келген. Консерватория бiтiрген, қобыз сарынындай әсем, қою үндi (драмо-лирикалық сопрано) әншi. Үкiлi кәмшат бөркi, оқалы мақпал шапаны, қос етек шәй көйлегi төгiле, белi бұрала домбырасын көлденеңдей ұстап Қояндыда атақты Бiржан салмен айтысуға жұлқынып шыға келген қаршығадай қара қыз Сара, ақын Сара, Ешкiөлместiң баурайында бұлаңдап өскен саңлақ Сара осындай-ақ болар дегiзерлiктей едi. Ширыға келе образдың ең трагедиялық шыңына шыққан: «...Не дедi әлгi Алтынай? Жынданыпты дедi-ау, Бiржан, нанайын ба, апыр-ау?...» дейтiн арияда Роза нағыз профессионал биiк әншi дәрежесiнде көрiне бiлдi. Бұл әншiлiк қуат пен шеберлiк күшi едi», - деп баға бермеп пе едi.

 

Роза Ахметқызын соңғы рет КСРО халық әртiсi Еркеғали Рахмадиев өмiрден өтiп, қоштасу рәсiмiне барғанда көрдiм. «Замандасым, қанаттасым» деп егiле естелiк айтып, қатты қайғырып едi. Көп өтпей-ақ өзi де мәңгiлiк өмiрге аттанып кете барды.

 

Айдар Жоранов,

Алматы қаласы.

 

Суреттер ҚР ОМ КФҚ ДЖМ алынды.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1044

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз