+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Қазақ елі Үриядай дарынды әншісін ұмытты ма?


Тарих парақтарын ақтарсақ, қазақтың өнер сахнасында небір талантты тұлғалар болған. Олардың бірінің есімі бүгінде кеңінен аталып жүрсе, енді бірінікі ұмытыла бастағандай. Қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандардың еңбегі аталмай, ұрпағының жадында жаңғыртылмауы өкінішті-ақ. Бұл қазіргі ұрпаққа үлкен сын, кешірілмес күнә. XX ғасырдың көгінде жұлдыз болып қалықтаған әнші Үрия (Ұлбосын) Әлтікқызы Тұрдықұлованың есімін бүгінде біреу білсе, енді біреуі біле бермейді. Талантты әншінің ғажап дауысы «Алтын қорда» да сақтаулы.

 

Үрия кезінде өнер майталмандары Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Роза Бағлановалармен бірге өнер көрсетіп, талантымен мойындалған әнші. Ол 1930 жылы Мәскеу қаласындағы Чайковский атындағы консерваторияда оқып, 1932-1933 жылдары Алматыдағы «Радио комитеттің» ансамбль жетекшісі, әрі әншісі болған. 1933-1950 жылдары сондағы опера және балет театрының, 1950-1953 жылдары Қарағанды музыкалық драма театрының әртісі болған. Сол жылдары Н. В. Гогольдің «Үйлену», Мұхтар Әуезовтың «Еңлік Кебек», «Айман-Шолпан», Б. Майлиннің «Шұға» сынды қойылымдарында басты рөлдерді сомдаған. Ү. Тұрдықұлова 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің анасы Қамқа, «Жалбыр» операсындағы Қаламқастың рөлін асқан шеберлікпен сомдап, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Кейін Қазақстанның еңбек сінірген әртісі де болды. Талантымен танылған Үрия 1939 жылы Қазақстанның халық әртісі атанады.

 

Кәсіби шеберлігін шыңдай түскен әртіс «Ер Тарғын», «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Чио-Чио Сан», «Евгений Онегин», «Кармен» операларында да басты рөлдерді ойдағыдай сомдайды.

 

1953-1960 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында, 1960-1972 жылдары «Қазақ концертте» еңбек етеді. Сахна тарланы ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан шебінде өнер көрсетіп, патриоттық әндерімен жауынгерлердің рухын оятады. Сол ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

 

Осындай жезтаңдай әншісінің 100 жылдық мерейтойын туған халқы неге атап өтпегенін түсінбедім. Бұл талант иесіне, оның рухына жасалған қиянат емес пе?! Сөзіме дәлел болу үшін Алматы орталық мемлекеттік мұрағатына арнайы барып, ол туралы сирек кездесетін құжаттарды, бұрын соңды еш жерде жарияланбаған фотосуреттерін алдым.

 

Тарих парақтарын ақтарып, ұмытылған есімдерді қайта жаңғырту әрбір елге тән қасиет болса, Үрия апай – қазақ өнерінің тарихында есімі алтын әріппен жазылар аңыз адамдардың бірегейі.

 

 

Айдар ЖОРАНОВ,

Алматы қаласы

 

Сурет ҚР ОМ КФҚ ДЖМ алынды.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

2482

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз