+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



КӨКЖАЛДЫҢ КИЕСІ


Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен алғаш телефонмен сөйлескенімде  діңкілдеңкіреп сөйлейтін, зілді дауыспен төбеңе  тоқпақтап  ұрғандай әсерде тұрасың. Қысқа сөйлейді, нақты айтады. Икеміне илігіп алсаң,  БАТЫРдың да тілін табады екенсің!

Көліктің ішінде келе жатып бірінші сауалым «Адамның арланы болып, дала көкжалының  дегбірін қашырып не істеп жүрсіз, Тоқтар аға жапан түзде?»-дегенімде қасындағы шопырына  «Мына қу тілді баланың сауалын көрдің бе?!» деп бір қарады да таза ниетімен қарқылдай күлді. Қарды тіліп бара жатқан «Джип» көлігінің өзі теңселіп кеткендей болды.

 

-Білесің бе, құдай кешсін деймін де....деседе  кейде құдайдың әділдігіне күмәнім бар. Қазірде қасқырларды айтамын, мыңғырлаған мыңдаған жылқысы бар, дәулеті де жеткілікті «шық бермес Шығайбайлардың» малына тимейді,  жалғыз буаз бие «қашан туады»- деп күтіп жүрген ауылдағы кедей қазақтың қылқұйрығын жарып тастайды. Жарғаның не, көкжал-тажал биенің  құрсағына тұмсығын тығып, құлынын тірілей жұлып алғанын көзім көрді. Ол кедей қазақ биыл оқуға барады деп отырған студент баласына киім-кешек, қалтасына аз-маз ақша салып бермек болып отырған. Сонда қалай деймін ғой өзім?!

Аңшылық туралы Тоқтар Әубәкіровтің өз аузынан естіген тағы бір әңгімені ұсынамын.

 

КӨКЖАЛДЫҢ  КИЕСІ

 

Тағы бірде ауылдың малына қасқыр тиіп жатыр дегесін жолға шықтық. Ауылға барып, көрген-білгендерден сұрастырып, келетін бағытын, малға түсетін уақытын сұрастырдық. Қасқыр келеді –ау деген аумаққа снегоходпен жол салып, ертесіне таң ата  сол іздің үстін кесіп келе жатырмыз.  Бір кезде, кешегі сүрлеудің үстіне түскен арланның ізіне кезіктік. Түнімен осы маңды жосыпты. Төрт снегоход тоқтай қалып, бір бажайлап қарадық да ізге бастық. Әдетте, снегоходтың дауысы шықса, көкжалдардың жаны қалмайды. Ақылды хайуан. Техникадан оза шабуына шамасы келмейтінін білгесін, зырылап алды-артына қарамай заулайды. Кешке дейін ана қасқыр төбесін көрсетпей, сілемізді қатырды. Із жаңа. Анық алдымызда кетіп бара жатыр. Бір кезде жалғыз арланның ізі жеті-сегіз қасқырға қосылып із көбейіп кетті.  Басқа  үйірге қосылған. 50 шақырымдай өткеннен кейін жолайрық басталды. Жеті қасқырдың ізі бөлінген де, жалғыз арлан жолайрық жасап, қайтадан жалғыз шауыпты. Әбден діңкелеген жігіттерім «Тоқа, мына 7 қасқыр әрі кетсе екі төбенің астында кетіп бара жатыр. Соларды басып алайық. Ана арланыңыз шаршатты!»-деп қиылды.  Жоқ. Жалғыз арланның ізіне түсеміз. Ол да осы маңнан ұзай қоймас. Содан он шақырым өткеннен кейін қарасақ, арлан төбенің басына шығып алып, шоқиып отыр. Кілт тоқтай қалып, мылтықты оқтадық. Атпаңдар деп қасымдағыларға ишарат білдірдім. Снегоходтан түсіп, қасқырға жақындай түстім. Әбден сілелегені көрініп тұр. Қаруым оқтаулы, мен де кілт етсе  қағып тастауға дайынмын. Арамыз үш метрге таяды. Қасқыр көзден көз алмайды. Сәл үнсіздіктен кейін әлгі аспанға қарай ұлыды. Шарасыз көкжалды бірінші рет көруім. Мен де ұлыдым. «Саған не болды?» дегендей түріме қарайды. Екеуіміз қатар ұлып біршама отырдық. Киелі қасқыр екенін сонда ұқтым. Лезде атып тастауға дәтім бармады. Қасымдағы жігіттер қызықтап, тірі қасқырды суретке, видеоға түсіріп әуре.  Бір кезде әлгі арланға «кет» деп зілді дауыспен бұйрық бердім. Ұққандай болды да міз бақпады. Тағы да ақырып едім, алға бір қадам басты да, тоқтап қалып көзімнен көз алмады. Үшінші рет айқайлағанда, бөрі бұрылып алып, заулай жөнелді.  100 метрдей ұзағаннан кейін «Огонь» деп серіктеріме айқайлап едім, кілең  сүр мерген көкжалды атқанда, екі айналдырып барып, қарға бұрқ еткізді. Осы көрініс әлі күнге көз алдымнан кетпейді.         

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

907

3 comments

  • Дүйсенбі, 20 Шілде 2015 13:56 тамара

    Ағаның қасқырды атқызатыны бар, неге жіберді... Неге?

  • Жұма, 17 Шілде 2015 17:01 Ганжа

    Қасқырды осылай қыра бергеннен не пайда? Ол киелі жануар ғой!

  • Жұма, 17 Шілде 2015 16:59 Самат

    Нұреке, сен де жазғыз ағамыз да айтқыш екен. Әңгіме көңілден шықты.

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз