+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Елеусiз қалғаны өкiнiштi...


Қазақ ән өнерiнде өзiндiк қолтаңбасын қалдырып, бозторғай атанған талантты әншi Рәбиға Есiмжанованың туғанына биыл 100 жыл толды.

 

1914 жылдың 5 қаңтарында қазiргi Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Кiндiктi ауылында кiндiгi кесiлген Рәбиға өнерлi отбасында тәрбиеленедi. Мектепте жүргенде-ақ, асқан дарыны мен Жаратқанның тарту еткен талантымен сыныптастарынан өзгешеленген. Дарыны болмаса 17 жасында Қазақтың музыкалық театрына актриса болып жұмысқа орналаспаушы еді. Осы театрда 1934 жылға дейiн еңбек етiп, кейiн Семейдегi Абай атындағы драма театрына ауысады. Табанды еңбегi мен талантының арқасында 1937 жылы Қазақ опера және балет театрының қызметкерi атанады. Сол жылдары халыққа кеңiнен танымал болған әншi әрі актрисаны өзiнiң туып-өскен өңiрi Қорғалжын ауданындағы театрға жолдамамен шақыртқанда, кеудемсоқтық танытпай келiсiм берiп, 1940 жылға дейiн елiне адал қызмет етедi. Актрисалық өнерiмен де көпшiлiктi баураған Рәбиға «Қыз Жiбекте» Жiбектiң, «Жалбырда» Қадишаның рөлiн өзiнiң биiгiнде сомдап, көрерменнiң көңiлiнен шыға бiлдi. 1940 жылдан 1960 жылға дейiн Қарағанды облыстық радиокомитетінде, Қазақ радиосында әнші болып еңбек етті.

 

Қайталанбас ерекше меццо-сопрано дауысты әнші «Әпитөк», «Әупілдек», «Сәулем-ай», «Гаухартас», «Ауылың сенің іргелі» сынды халық әндерін радионың алтын қорына тамаша даусымен жазып қалдырды. Радиодан халық әндерін Рәбиғаның даусымен еститін тыңдаушылар редакция қоржынына ықылас арқалаған алғыс хаттар қарша бораған екен. Сол кезде Алматы обылысы, Бақанас ауылының бір топ тұрғындары Қазақ радиосына былай деп хат жолдаған:

 

«Құрметті, қазақ радиосы! Рәбиға Есімжанованың радиодан шырқаған әндерін бар ынтамызбен тыңдадық. Ортамызда отырған 83 жастағы қария мен 77 жастағы әжеміз де разылық танытып, зор алғысын айтты. «Әпитөк», «Әупілдек», «Жонып алды» туындыларын нақышына келтіре шырқағанда қарт кісілердің жастық шағы есіне түстіме, бір босап алды», - делінген.

 

Осындай еңбегінің арқасында 1959 жылы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі атағымен қоса «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1960 жылы мемлекеттік «Қазақконцерт» бірлестігіне ауысып, бұл ұжымда да табаны күректей 20 жыл қызмет етеді. 1968 жылы Қазақ ССР-нің Халық әртісі атанған Рәбиға, тек еліміздің ғана емес, көршілес жатқан өзбек, қырғыз, түркімендер де ерекше құрметпенөнерін жоғары бағалаған.

 

Рәбиға апамыздың бірінші күйеуі Орынбек Бековтің өзінен 16 жас үлкендігі бар. Жолдасы 1937 жылғы қуғын-сүргінде атылу жазасына кесіледі. Кейін Рәбәни Мұхамедияровқа (сол кездегі Қазақстанның бас прокуроры) тұрмысқа шығады.

 

1986 жылы өмірден өткен Рәбиға Есімжанованың қысқашы тарихы осындай. Өкініштісі сол, бір-екі әнсімақты техниканың тілімен әрлеп жазып алып, жұлдыз болып шығакелетіндерді жарнамалаудан жалықпайтын телеарналар қазақтың бұлбұлы 100 жасқа толғаны туралы тұшымды дүние көрсеткен жоқ.

 

Айдар ЖОРАНОВ,

Алматы қаласы

 

Суреттер ҚР Орталық Мемлекеттiк мұрағатынан алынды

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

584

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз