+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Майдан шебінде шырқалған ән


Кеңес жауынгерлерін жігерлендірген қазақ әншілері соғыс ардагері атанып, түскен қаржыға танк жасатып берді. Киелі өнердің өміршеңдігі қандай қиыншылықта да тоқтамаған. Сондай оқ пен оттың ортасында жүріп, өнердің құдіретін сезіндірген, кеңес жауынгерлерінің жүрегіне шуақ дарытқан, отансүйгіштік рух пен күш-жігер берген сәттер сұрапыл соғыс жылдары аз болмаған.


Соғыс жылдары Отанымызды қорғаған ер-азаматтардың қатарында жауынгерлерге бойындағы өнерімен қызмет еткен 17 өнер қайраткері 1942 жылы өздерінің оркестр, ансамбльдерімен майдан шебіне сұранып барғанын дәлелдейтін мұрағат деректері бар. Ол өнер шеберлері артиллеристер мен ұшқыштар арасында, орман мен шалаш ішінде 50 концерт берген. Сталинград пен Украина майданында күнің ыстық-суығына қарамастан өнер көрсеткен. Олардың қатарында бұлбұл әншіміз КСРО халық әртісі Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Үрия Тұрдықұлова, Манарбек Ержанов, Зейнеп Розмұхамедова, Елубай Өмірзақов, Әнуарбек Үмбетбаев, Шара Жиенқұлова, Шабал Бейсековалар ән салып, би билеп, кеңес жауынгерлерін көңілдендіріп отырды. Танымал өнер иелерінің еңбегі оырынды бағаланып, орден, медальдармен марапатталды.


Қырық бес күн бойы майдан шебін аралап, өнер көрсеткендерінің ішінде қазақ әртістері, Халық Қаһарманы, ғажайып әнші Роза Бағланова мен Қазақ КСР халық әртісі Айсұлу Байқадамқызы екеуі тұңғыш рет Ұлы Отан соғысының ардагері атанды. Ал, Шара Жиенқұлова гастрольдік өнер сапарынан түскен қаржысына танк жасатып берді. Оған дәлел- Бас қолбасшы Сталиннің бишіге жазған жеделхаты Орталық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы тұр. Қазақ КСР-нің халық әртісі Үрия Тұрдықұлованың өз қолымен жазған өмірбаянында; «Ұлы Отан соғысы басталған кезде, ел басына қауіп-қатер туғанда бүкіл кеңес халқымен бірге біз де мейірімсіз жауды тізе бүктіруге жан-тәнімізбен атсалыстық, қасық қанымызды отан алдында пида етуге даяр едік. Мен өзім соғыстың ең сұрапыл, ауыр кезеңдерінде Ленинград, Сталинград майдандарында болып жауынгерлердің алдында, окопта, блиндажда концерт бердім. Сол үшін мен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым. Біздің Абай атындағы опера және балет театры әртістерінің ішінен майдан жауынгерлеріне өз өнерілерін көрсетпеген әртістер кемде-кем. Хал-қадіріміз жеткенше жауынгерлердің патриоттық рухын, жігерін көтеруге талпындық. Мұны өзіміздің азаматтық борышымыз деп санадық», - деп жазған.


Айдар Жоранов
Суреттер мен құжаттар ҚР ОМ КФҚ ДЖМ алынды

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1540

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз