+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ҚОРҚЫНЫШТЫ ТҮН


...Біз сол баяғы ескі жұртта отырмыз-ау... Үйіміз күтпеген жерден қуанышқа толды да, Бибінұр мен Бибанар мәз-мәйрам. Мен ес білгеннен бері біздің үйдің желпініп отырғанын көргенім сол, оқыс қуанышты тосырқап қараймын. Абыр-сабырдан бойымды аулағырақ салмаққа әкемді айналып, қолтығының астынан көз тастағам. Бибінұр оқудан оралған екен, шашының арасын айырып өргендіктен, жатырқап жүрмін. Мені қуалап ұстап алғысы келеді. Азар да безер шыға қашамын. Өйткені жанында бейтаныс адам бар. Ол - менің әскерден демалысқа шыққан көкем. Көптен бері көрінбей кеткен пешеней-кәмпит отбасымызға ойын-сауығымен оралды, апаларым өлең айтты да, менің тәттіден аузым босамады. Тіпті, кәмпит ораған қағаздардың өрнектеріне дейін жұтып қойғандай әдемі, сондықтан оны да тіске салып шайнаймын. Себебі әдемі нәрсе тәтті де болуы керек қой.
Көкем көп болмады үйде. Мен солдат киімдерін киіп, құмарымнан шығып үлгермедім, оянған кезде төрдегі төсегінен таба алмадым.
- Көке-е!..
- Көкең келеді күнім... Жаңа ғана қала жаққа жаяу-жалпы кетті, - деп шешем ту алыста сағымдары ойнап, теңіздей толқыған көкжиектерді көрсетеді. Бірақ "келеді" дегенді түсінбеймін, көкем маған қазір керек өйткені.
- Көке-е!..
Бірінші класқа барғаны болмаса, Бибінұр да алдағанға сене салатын бала емес пе, біз үшеуміз ұбырып-шұбырып, апамның көзін ала бере, даладан көкемді іздеп тауып алуға шықтық.
- Қалайда көкемді қуып жетемін, - дейді Бибінұр арқасындағы маған.
Ауылдан ұбырып-шұбырып өріске шығатын мал жоқ болғандықтан, иесіз қыстаулардың төңірегіне түз шөптері қаулап өсуші еді, ал еркектей бастаған жантақтың бойынан бірімізді біріміз көрмейтінбіз.
- Көкем, ана бұтаның арғы жағында тығылып отырған шығар, - дейді кішкентай Бибанар жан-жақты қолымен нұсқап. Әріректе бірдеңе қарауытып қимылдайды...
- Көке, көке!
Солай қарай тұра жүгіреміз. Барсақ, желмен шайқалған қураған жантақтың саяудай-саяудай түбіршіктері болып шығады. Кеше ғана арамызда жатқан көкемді елегзи іздеп жүріп, біраз жерге барып қалғанымызды байқамадық, төңіректі қараңғылық пердесі тұмшалай бастағанмен, қанша дауыстасақ та көкем жауап қатпады.
Үстімізден қанаты сусылдап, ілгері-кейінді қарлығаштар ұша бастады ма, түнерген аспанның төсінен белгісіз нәрселер үрей үйіріп біздерді жан-жағымыздан қаумалай түсті. Иесіз қыстауларды басыма көтеріп жылауға кірісіп едім, екі апам маған қосылды. Қызыл іңірдің кезінде жетімсіреген үшеуміз қоңыр қозыдай болып маңырап тұрмыз. Даусымызды есіткен апам артымыздан жүгіріп келді.
- Құлыным, құлыным!.. - Қою қараңғылықтан қорқынышым бар, қарнымның ашқаны айырбас, апамның омырауына басымды тығып, бүрісе отырып өксимін. Апам басымнан сипайды.
- Қарғаларым-ау, тұрған жерлерің мидай жазық қу мекиен дала ғой, ... елсіз жерде үбіжік жүреді... Бұл жақта не ғып жүрсіңдер, қаңғалап?
- Көкем, көкем қайда?.. - Мен одан арғысын айта алмай, еңіреп қоя бердім. - Көкемді сағындым...

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

772

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз