+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ДҮЛЕЙ


Қарақұлақ сырттан жөнінде жұрттың аузынан жиі естимін. Қасқырды көрмесем де атынан-ақ қорқам, сонда да болса әжемнен қайталап сұраймын.
- Әже, әже, қасқыр қыз көрсем қайтем дейді?
- Қыз көрсем қызыл өңешіме салып аламын дейді.
- Кемпір көрсем қайтемін дейді?
- Кеңк-кеңк күлемін дейді.
- Шал көрсем қайтем дейді?
- Шалқамнан түсіп жатамын дейді.
- Ал, ұл көрсе ше?..
- Ұлы қабақтан асып қашамын дейді...
- Әже, әже, Сержан ұл ғой...
- Ұл! Сержаннан қасқыр қорқады, оны көргеннен зәресі қалмай, қабақ-қабақтардан асып қашып кетеді.
Мен тұрған жерде қасқырдың жоламайтынын естіп апаларым мәз болады, өзім де мәртебеленіп қоқиланып қаламын.
Апам айтады: "Қоралы бала-шағамызбен үйіріліп қашанғы отырайық, әкең таяқ сүйеніп жүруге жарағасын-ақ ескі қоныстан көштік" дейді. Ол кезде жердің ызасы бетіне жақын жата ма, әлде табиғатта сондай бір белгісіз құдірет пайда болды ма, көктемгі жауыннан тұрып қалған көл аумағындай қақ суы жыл он екі айда жерге сіңбей мөлдіреп жатады екен. Халық сол суға егін салып, қауын, қарбыз, тары, жүгері егеді.
Біз де сондай бір ауылға көшіп барыппыз. Менің есімде қалғаны: жаздыкүні жағалай тігілген үйлер, дабырлап сөйлеген қыз-келіншек, егіс басына аттанып бара жатқан ер адамдар. Әкем мені алдына отырғызып егінге ала кетеді. Міне, осы кезеңнен біздің ауырмалықты бөлісіп арқалаған әжемнің бейнесі менің есімде ұмытылмастай сақталыпты. Кенеттен ауыл үстін аласапыран қылып, қазан-аяққа дейін төңкеріп, бүкіл әлемді алай-түлей еткен алапат дауыл көз алдымда. Мен қорыққаннан әжемнің маңайына бұғып жата кеттім, басымды көтерсем, төбемізде үй жоқ. Қасымыздағы жүкаяқ үстімізге құлап, әжемді басып қалған, шырылдап ұшып тұрдым. Менен сәл ғана қауметтірек кемпірді қолынан тартқылап, жүкаяқтың астынан суырып ала алмай әуремін. Қайдан жүргенін кім біліпті, қасымда өңіреп-мөңіреп бұзау тұр.
Ел айтады: Біз егінде жүр едік, сонау құм қолтығынан айдаһар сияқты қара бұлт көтерілді де, ауылдың төбесіне қарай шырқап шыға берді. Сол кезде егіндікке тауықтың жұмыртқасындай бұршақтар тасырлап түсе бастады. Егіс басындағылар, күн саябырсыған кезде, бала-шағаларын ойлап ауылға қарай шапты. Келсе, киіз үйлер жоқ. Әр жерде шашылып уық-кереге, шаңырақтар жатыр. Шетінен жау шауып кеткендей жайрап қалған. Елде Айман деген ісіне мығым, әр уықты шегедей қадап, бас құрды шіреп байлап, босағасына дейін қазықтап көметін жесір келіншек бар еді. Соның үйінің жұрты ғана қалыпты. Ауыл адамдары атқа мініп ізім-қайым жоғалып кеткен үйдің ізіне түссін. Бір-екі қыр асқан кезде биік қабақтың ықтасындау жерінде еш жері бүлінбей тікесінен тұрған үйді көріп, жұрттың бәрі Айманның мұқияттығына жағаларын ұстап, таң қалып келді. Ал, қалған үйлердің бәрі керегелерін қайта көктеп, шаңырақтың күлдіреуіштерін жамап-жасқап жаңадан салып, тамтығы қалған ағаш үйдің сүйектерін құрастырып баспана жасады. Есімді еміс-еміс білетін кезде көрген табиғаттың аласапыран күйін көз алдыма елестету әлі қиын. Бұның ауырмалығы елге тиді. Қарбыздар қақ-қақ бөлінді, басылған тарылар жапырыла жатып қалды, ел ішінде бей-берекетшілік басталып, ауылда үлкен төбелес болды. Кім-кімді ұрып жатқанын білмеймін, біреудің есігінің алды апыр-топыр болып, өзара қырқысқан дүрмекті көрдім. Арашаға аурудан тұрған әкем де барған, солардың аяғының астында қалса керек, ойбайымды салайын. Шешем әкемді қолтығынан демеп, үйге қайтып келеді екен:
- Айыру бермесе, бірін-бірі түтіп жесін, - деп келеді.

Қази Данабаев. "Сағыныш екен бала кез..." әңгімелер жинағынан

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

560

1 comment

  • Сейсенбі, 28 Шілде 2015 17:28 КҮЛӘ

    жАҚСЫ ЕКЕН

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз