+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



КҮМІС ТИЫНДАР


Қыстың суреті бәрінен де ғажап, бірақ соны қасына барып өз қолыммен ұстап көрейін десем, менің аяқ киімім жоқ. Сондықтан әжемнің сүйретіп жүрген ескі галошын іліп есікті ашып тұрамын да, төңірекке көз саламын. Әсіресе, ауылдан атты қонақ шықса болды, олардың ізінен абалап иттер де үре ұмтылады, солармен қат-қабат жалаң аяқ мен де жүгіремін... Себебі, үйдегі қонақтар атын жемдеп-сулап сәскелікте аттанады. Бұл кез қардың беті күн сәулесімен құбылып жататын ғажайып уақыт. Жер бетіне ақ түсті қар емес, нарттай жайнаған қызыл масаты төсеп тастағандай құлпырады. Сол қызыл масаты сыдыртқан аттың тұяғынан бұрқылдай көтеріліп, шашасына дейін қызыл бояуға көміп жібергендей ме... әйтеуір ат аяғының түбінен көтерілген қызыл шұғыланың ішінен жылтылдап, күміс тиындар шашырап ұшқандай болады. Тиынды жақсы көремін, ол менің омырауымда да, апамның шашбауы мен әкемнің қалтасында да кездеседі. Сондықтан шығар: "Е-е, қонақтың қалтасынан саудырап тиын түсіп жатыр екен ғой" деп ойлаймын. Солардың бірін де қалдырмай теріп алғым келіп, аттылының ізінен тұра жүгіремін. Оппа қарды ойып түскен тұяқтарының ізі ана жерде, мына жерде кішкентай шұқыр болып жатады. Қалтырап-дірілдеп тұрсам да, сол інгешектерге қолымды дендете жуан білекке дейін тығып сүңгітіп, әлгі тиындарды іздеймін. Қолыма, саусағымның басы тиісімен еріп жүре беретін мұздай қар ілінеді. Қанша рет еңбегім зая кетіп, құр алақан қайтып жүрсем де, қонақтың ізінен ере жүгіруді ауылдағы иттер де, мен де қоймадым. Сол кездері көзіме елестеп кететін күміс тиындар шынымен қарға шағылысқан күн сәулесі ме екен, әлде немене? Сәби жүрегіме қылаң беріп жатқан елеңнің алғашқы ұшқыны ма? Себебі, бүгінгі күнге дейін қыс айларында қар бетінен сол күміс тиындардың жарқылын көргендеймін.

ҚАБЫЛБАЙ

Үйге өткінші жүргіншілер жиі соғады. Ондайда менің жүрегім өзімде жоқ, кімнің де болса алдына жатырқамастан отырып аламын. Бұл әдетім көлденең келген көк аттылардың бәріне бірдей ұнамайтын шығар, әйтеуір менен құтылғанша асығатындай. Бүйірінде атша шауып отырған баланы қолының сыртымен байқатпай ығыстырып көреді. Оған тапжылатын мен жоқпын. Ақыр болмағасын әлгі кісілер де бас білген тайдай жөнге келіп, ыңыранғаннан басқа үн шығармайтындай болады.
Бір күні біздің үйге тілі сақау, күлдіргілеу сөйлейтін, желкесінде шоттиып шыққан шиқаны бар Қабылбай деген кісі келді. Жантайып жатқан әлгі ағаны ат қылып мінейін десем, шиқаныма тиіп кетеді деп ойлай ма, басын бұғып зар қақсайды.
- Атыңды естіп жүй едім, бая, мен саған өйең үйиетейін, - деді бір кезде. Тілін қызықтап тұрдым да, бұл ұсынысына қуана келістім.
- Үйрет.
- Домбия бай ма?
Біздің үрім-бұтағымыздағы үлкен кемшілік сол, біреуі домбыра шертіп, "әу" деп ән айтуды білмейді, сондықтан ондай аспап үйімізден табыла бермейтін. Қабылбай қатты қысылғандай болды. - Апимай, ә... Шашпа, бая, - Содан кейін қазан-аяқ жаққа жүгіріп барып, қолына оқтау алып оралды. Оқтаудың да құлағын бұрап, күйін келтіргендей шертіп біраз отырды да:
- Өйең шикіңді айтпағаныма көп болып еді. Мына баяның тауы шағимасын деп...
Үйде өзге де адамдар бар еді, "дұрыс, дұрыс" деп жатыр.
- Шу бай ма, - деді Қабылбай, - Қазии тамағы түшкии кеуіп қаяды ғой.
- Бар, бар...
- Қызыл шай әкел, - деді әкем есік жақтағы шешеме.
Қабылбай шайдан бір ұрттап алды да, бар даусымен айқайға салды; қолындағы оқтауы шұнаң-шұнаң етеді. Жұрттың бәрі қыран-топан күлкі, "жыраудың" онымен шаруасы жоқ.
Паявоз...
Айқылда,
Сайқылда,
Жанған оттай жайқылда...
Бала да болсам, күлкі шақыратын біраз өлең айтқызып, түн жарымына жеткенше отырған шығармыз. Мен ұйықтап қалыппын, бірақ оянысымен Қабылбайша қолыма оқтау алып, "Паявоз, айқылда, сайқылда, жанған оттай жайқылда" деп өлең айтуға кірістім. Бұрынғыша қонақтардың мазасын алмай, қайта сақауланып өлең айтып көңілін көтеремін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

505

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз