+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«Қызым саған айтам, келінім, сен тыңда»


Қазақ халқының дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – ат тергеу. Дәстүр бойынша келіншектер атасының, қайнаға, қайын інісі, қайын сіңілісі,нің атын атамай, лайықты ат қояды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қойған. Мәселен, тапалды «сұңғақ», жайбасарды – «жүйрік» дегендей. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып есептелген. Ат тергеу ғұрпы жайында ел аузында мынадай әңгіме қалған.

 

Бір келіншектің алты қайнағасы болыпты дейді. Олардың азан шақырып қойған есімі мынадай болса керек: Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойшыбай, Қайрақбай, Лөкетбай. Бірде жас келіншек өзенге су алуға барса, қамыс арасында бір қойды қасқыр жейін деп жатқанын көреді де, қасқырды жасқап үркітіп жіберіп, қой арам өліп қалмас үшін хабар беруге үйге асыға жүгіріп келіпті-мыс. Сонда келіншек үйдегілерге: «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жейін деп жатыр екен, ұлыманы үркітіп жібердім. Енді маңыраманың арам өліп қалатын түрі бар, тезірек қынаманы жанымаға жанып-жанып алып жетіңіздер!» - депті-мыс.

 

Осы бір әзіл аралас әңгіменің өзіндік аңғартары бар. Әрине, жас келіншек қайнағаларының атын атап қоймас үшін сарқырама, сылдырама, маңырама, ұлыма, қынама, жаныма деген бодау сөздерді (эвфеизм) дәл сол жерде ойдан шығармаған. Ойдан шығаратын мұршасы болатын да жағдай емес қой. Бұл оның келін болып босаға аттаған күнінен бастап, тілдік қорына этикалық қалып (норма) ретінде орныққан. Және мұндай бодау  сөздер келіншектің ғана қолдануымен шектелмейді, сол келіншектің төңірегіндегілер үшін де түсінікті. Яғни, келіншектің этикалық қалыбы тудырған бодау сөздер төңірегіндегілердің де ұғымдық қалыбына айналды.

 

Қандай тектілік десеңізші! Ал осы бір салт бүгінде жалғасын тауып жүр ма? «Ой, бұл ескі кезде айтылған ғой, қазір заман басқа!» деп жатамыз. Мұндай қымбат құндылық дәстүрімізде неге жойылуда деген туындайды. Кінә кімде? Заманның ағымы басқа болғаннан ба, әлде өзімізден бе?

 

Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов «Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады» деген екен. Ендеше, осы бір қасиетімізден айырылып қалмайық. Ат тергеу салтын келіндеріміз берік ұстанса екен деген тілегіміз бар!

 

(Материалдағы мысал Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабынан алынды)

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

896

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз