+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



КӘШТАЙ


 

Кәштай үшін әскердің дәм-тұзы Моңғолиядан бұйырды. Елде жүргенде іш пікірі "кет әрі" болмаса да, тиянақты бір жауабын айтпай, бір ауыз лебізіне зар еткен Күләй деген қыз бар еді. Әскерде жүріп: "Маған деген көңіліңде қылаудай кірбіңің болса ашып жаз. Мен елге қайтпай-ақ, Улан-Батор университетінің қазақ бөліміне оқуға түсемін" деп қызға хат жазыпты. Күләй ауылдан аттап шығып көрмеген қойшының қызы ғой, көз алдына кепкісі қақырайып, етігі жылтылдап, жып-жинақы жүрген Кәштай елестеді. Моңғолда да қыздар бар шығар деп қызғанышпен оңашада жылап та алды, ақыры жүрегінің түбіне шөгіп жатқан махаббат шоғы қайта маздады да: "Жат жердің оқуын қайтесің, елге келсейші. Уәде - құдайдікі, тағдыр жазса, мен - сендікпін" деп сағынышқа толы хатты үздіге отырып жазды.

Кәштай Күләйдің тілегін екі етпей орындайды, баяғы өзі шопыр болған ауылына оралып, үйлену тойларын дүрілдетіп өткізді. Той өтісімен директорға соқты, бұрын да айдаған машинасы еді, заңға сәйкес соны өзіне қайтып берсе, жұмысқа түсетіндей сыңайы бар.

- Қарағым, сен шопырлықты қой, - директор әлдене ойына түскендей күлімсіреді. - Сол кәсіп саған қол емес-ау деймін. Бұрын да бір шамаңды байқап көрмеп пе едің?..

- Жарайды! - "Неге күлдіңіз?" деп ежіктеместен бұл келісе кетті. - Енді не жұмыс тапсырасыз?

- Ауылдарыңа бір фотограф ұстауларың керек деп аудан құлағымның құрыш етін жеп жүр еді, - деді директор. - Мінезің майда, ешкімнің бетіне келмейсің, баяғы жаңғалақтығың әскерге барғасын түзелген шығар деп сені қол көріп отырмын. Бұған қалай қарайсың?

"Болмайды" деп айту Кәштайдың жаратылысында жоқ, "көреміз" деді. Сонан бері, бұл - фотограф. Дүниенің бар жан тыныштығы осында екен, кеңсенің түкпірінен беріп қойған бөлмесінде жатып-тұрып, түртінектеп тірлігін істей береді. Өз билігі - өзінде. Алғашқы айлары суреттің бәрі тұманды күні түсірілгендей бірыңғай бұлыңғырланып, адамдар шеттерінен ұйқы көрмеген сияқты беттері ісініп, қалқыңқы болып жүрді де, келе-келе біреудің көзі, біреудің кеудесі, біреудің кеңірдегі қолға ұстайтындай айқындала бастады. Суретке түсіретін аппараттың сырына қанығып, дәрілерді пайдаланудың тәсілдерін алған кезде суреттің қанықтығы сонша, жұрттың беті құм астынан аршылып алынған ескерткіштей жарқырап, трактористердің ұстара жүзін көрмеген сақал-мұрттарының сояудай-сояудай қылшықтарына дейін толық көрінді. Бірақ, алақандай ауыл ішінде бүйім-әлімсіз суретке кім түсе берсін, уақыт өткен сайын ондай шаруамен бұған соғатындар тіпті, сиреп кетті. Ауданнан екі күннің бірінде "жоспарыңды неге орындамай жатырсың, тездетіп тиесілі ақшаны почтаға жеткіз" деген қатынастар келеді де жатады. Тіпті, болмағасын бұл жұмысыңды көп көріп жүрсең, шығарамыз деп қорқытып-үркітуге көшті. Кім-кімге де қайырып қатты сөз айтпайтын Кәштайдың күн санап күйі кетіп бара жатыр. Жоспарын орындамағасын айлықтың да мазасы жоқ, алатыны – тиын-тебен. Енді қайтеді, Кәштай әрі-сәрі ойланып жүріп қулыққа көшті.

Ертеңіне ауыл почтасының алдына ілінген етектей қағазда түрлі-түсті бояумен әшекейлеп жазылған хабарландыру ілулі тұрды. Автобус тосқан, хат-хабар күткен, газет-журналдары болса үйіне ала кетуге келгендер бар, бір оқымай өтпейді. Әдемілігін былай қойғанның өзінде мән-мағынасы да қызық, жұрт "шын ба, өтірік пе?" дегендей біріне-бірі қарайды. Өйткені, хабарландыруда: "Таяу күндері аудан орталығында "Сұлу сымбат иелері" атты фотографиялық конкурс өткізілмекші. Конкурсқа қатысуға тілек білдірушілер 6х9 көлемдегі суретке түсіп, оны фотографқа табыс етулері тиіс. Конкурс адамдардың жасына, жынысына, біліміне қарамайды.

Конкурста жеңіп шыққандар үшін әділқазылар алқасының сыйлықтары мына көлемде:

Бірінші орынға - екі мың сом, екінші орын - мың сомнан және үшінші орын алғандарға - 500 сомның мұғдарында бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

Аудан бойынша жеңімпаз деп танылған суреттерді аудан облысқа, облыс Алматыға, Алматы Мәскеу жаққа жіберіп, Мәскеу журналға басып шығарады. Журналға шыққан сурет иелеріне жаңағыдай мөлшердегі бәйгелер қайтадан беріледі" деп жазылған.

Хабарландыруды ілуін ілсе де, мұның ақыры неге соғады екен деп көңілі күпті Кәштайдың дымы ішінде, бөлмесінен шықпай күні бойы отырды да қойды. Бір кезде бұған біреу аяғын сақтана басып келе жатқандай көк есік сықыр-сықыр етеді. Бөлмесінде әрең байыз тауып отырған жігіт "талапкерлерді" қарсы алу үшін орнынан ұшып тұрған.

- Қайне-ем! - деп күледі бала бақшада тәрбиеші болып істейтін опа-далапты молдау пайдаланатын бір келіншек. - Аманбысың?

- Кел, жеңеше, келіңіз...

- Мына бір хабарландыруың немене өзі? - Жеңгесі бұған қарай күлім қағып келеді. Иіліп ілтипатты бола қалыпты, үстінде өтектің жүзінен өткен жылтыр көйлек, басында гүлді орамал. Өз тірлігінен өзі ұялыс тапқандай туралап та қарай алмайды. - Бала-шағаға бір пайдасы тиетін нәрсе ме?

- Қайдам, жеңеше? - Кәштай сыр берген жоқ. - Бақ талабыңыздан көресіз. Алда-жалда орын алып жатсаңыз, абыройыңыз бізге де ортақ...

Келіншек ұялса да иіс майы бұрқыраған шашын айна алдында қайта-қайта тарап тұрып, сыр тартып көреді. - Конкурс болатынын әлгі біздің үйдегіге айтып едім, "қой, жерде жатқан қайдағы ақша, Кәштай қаққанның ойлап тауып жүрген бәлесі шығар" деп беттететін емес.

- Мен ешкімді қыштаған жоқпын жеңеше... Бастықтарым тапсырғасын хабарландыруын іліп қойдым, онан әрі қарай конкурсқа қатысу-қатыспау сіздің прабаңыз...

Бұдан соң көңілінде титімдей де күмән қалмаған келіншек сыланып келіп объективтің алдына жайғасты. Бұл баяғыша суретті көк тұман басып кетпес үшін бет-ажарын айқындап алайын деп камерасына үңіле бастаған еді, дәп сол сәтте-ақ суретке түсіріп алады деді ме, жеңгесі бір қырындай, кино актерлерінше көзінің қарасын үйдің төбесіне қарай аударып, аяғын аяғының үстіне қойып отыра қалған. Басына қара шүберек жамылып онсыз да әрең тұрған Кәштай жәшіктей аппаратының тасасында бүлк-бүлк етіп біраз күлді. Келіншек кетерінде суретімді ынталанып шығарсын деген болса керек, тиесілі үш сомның орнына алақанына бес сом қыстырды.

- Қайнем, бұны ешкімге айта көрмессің... Анау ағаң Кәштай қаққанның суретіне неге түсесің деп басыма әңгір-таяқ ойнатар, - деп аяғын еппен басып, артына қарай-қарай шығып барады. - Бір бәйгеге иегім ілінсе, жуатыным тағы бар.

Өз-өзімен оңаша қалған Кәштайды күлкі қыштап, оңашалап құмардан бір шығу үшін есігін жауып ала берген, тықылдатып біреу қағады. Осы ауылда түрлі-түрлі өлеңдер жазып, ән айтып, домбыра тартып, шашының дуда-дудасы шығып жүретін әуейілеу ақын жігіт бар еді, сол кіріп келіп тұр. Келді де мұның сәлемін де алмастан мақтай жөнелді.

- Кәштай, мынау бір мен туғаннан бері аулымызда болған үлкен жаңалық ал... Бізге бұрын қой бақ дегеннен басқа жылы сөз айтпайтын еді, аудан басшылары адам болар, түбі. Шет елдерде тауық төбелестіріп, ит таластыратындардың пайдасы шаш етектен ал... Бізде де бет бұрыс солай бара жатыр... Соның хабаршысы – бүгінгі сенің хабарландыруың... Ал, енді бала, пұл болмаса, күл болар бір қызық жасайық... Бақ шаппайды, бап шабады деген... Қазір шабыттанып жүрмін. Сен мені отырғызып қойып, сылап-сипай бермей, тас-төбемнен жарып түсір суретке... Мәселе, ракурста... Жұмбақтау болған дұрыс. Мен өзімше ойланып отырған болайын, сонда қабағым бетімді жауып, мұрным қазіргісінен түсіңкілеу көрінеді. Жазатайым, бәйге-сәйгесінен іле кетсем ортасынан қақ бөліп жартысын қолыңа ұстатамын ал... Әзірге мынау...

Кәштай айналдырған бес минуттың ішінде он сом тапқасын тағы да "талапкерлер" бар ма екен деп күтіп отыра берген. Есікті таяғымен түртіп ашып, арызқой Нәуеш деген шал босағадан аттады. Кірісімен басындағы ақ далбайын асықпай шиыршықтап қалтасына салып алды да, тершіп кеткен қасқа маңдайын, мойнын тәптіштеп тұрып сүртіп шықты. Күн жанып, көшені өрт алғандай аптап ұрған жаз айы еді, қара костюм-шалбарын киіп келгеніне қарағанда бұның да конкурстан дәмесі барын Кәштай сезіп қомпылдай бастады. Бұған басын екшеп амандасты, содан соң бөлменің бұрыш-бұрышында тығылып тұрған біреу жоқ па дегендей тінткілей қарап шықты. Алдындағы столға жайғасып отырды.

- Тәк, бала, талап оң болсын. - Нәуеш қалтасынан қаламы мен блокнотын суырып, көзілдірігін киді. Ауыл балалары Нәуешті сыртынан «тыңшы» деп айтатыны есіне түсіп Кәштайдың жүрегі аузына тығылды. Өйткені соғыс жылдары Нәуеш неміс жағына өтіп кетіп, солардың қол астында қызмет етіпті деген әңгімені құлағы үзіп-жұлып шалып қалатын. Әрі осы өңірге аты белгілі арызқой, осы кісінің шағымын тексеріп неше комиссия келіп, неше комиссия кетіп жатады. Оның үстіне, көрген-білгендерін түгін түсірмей жазып жүретін шал құрығын маған тастағалы тұр екен ғой деген қауіппен, төніп келген бәледен қалай сытылудың жайын ойлады. Ал, Нәуеш болса қаламын кезеп-кезеп қойды.

- Мына конкурсыңның басы-қасында жүрген бастықтары кімдер?

- Білмедім, аға, - деді Кәштай тыпыршып...

- Білмегенің дұрыс емес, әрине... - Блокноттың бетіне фотографтың бұл жайдан хабарсыз екендігі түртіліп алынды.

- Мынау бір енапат ақша ғой, кімдердің есебінен берілуге тиіс? - дейді тағы да бұған сұраулы жүзбен.

Бәрін бірдей білмедімді айтқаннан да жазып қалармын деп қысылған Кәштай:

- Үкімет шығар, - деді сиырқұйымшақтандырып...

- Әй, қайдам, үкімет те оңайлықпен ақша шығармайтын еді ғой, бірақ соңғы кездері сенім жоқ, не болса соған шашылатын болып жүр... - Нәуеш бұдан кейін маңдайын сипап біраз отырды, сосын қағаз-қаламын жинап қалтасына қайтадан салды. - Балам, баяғы аталарымыздың "Базарға бар да, бақ сына" деген сөзі бар... Мынау иесіз қойдай ығып келе жатқан мол дүние көрінеді... Содан біз де қарманып қалсақ айыбы болмас... Сен мені "Қарт коммунист" деп жақсылап тұрып суретке түсір, аудандағы шаруасын өзім бітіремін...

- Дұрыс қой, - Кәштай міңгір-міңгір етті, - бірақ сізге жайлы емес шығар. Ел сыйлаған ақсақалсыз, ертең бала-шағаның арасында суретіңіз жүрсе. Бұл көбіне қыз-келіншектердің қолы ғой.

- Әй, бала, сенің сөзің сұйылып тұр... Хабарландыруда "жасына, жынысына қарамайды" деп жазылған емес пе? Олай-бұлай бұлталағың болса, қазір ауданға звандаймын...

Кәштай бұдан соң ақ тер, көк тері шығып жүріп пленкаларын қайтадан оқтай бастады. Аппаратын сайлап жатып, объектив арқылы өзіне қарай тесіле қараған арызқой шалдың ертеңгі күні "конкурсқа кетті" деген суретінің ізін қуып, аудандағы бастықтарға баратыны ойына түсті. Жаңағы сөзінің сыңайына қарағанда, бастан аяқ өзі араласатындай ниеті бар. Аудандағы басшылар ондай атты конкурстың өтетінінен бейхабар, мәселе тиянақ таппай сырғанап аудандық мәдениет бөліміне ат басын тірейді. Оның бастығы "естісем құлағым керең болсын" деп ат-тонын ала қашады. Нәуеш "Улан-Батор университетіне оқимын" дегенге сене қалатын Күләй емес қой, мұнан кейін қағаздарын хаттап прокурорға тапсырады. "Мынау тып-тыныш елдің арасына сыналап еніп кеткен алаяқ жігіт екен, жұртты алдап-арбап пайда табудың жолына шыққан біреу ме?" - деп ол Нәуешті қағазымен қосып сотқа жібереді. Сот мұны шақыртады. Осыны ойлағанда, ертеден бері бәрін ойын-қалжың қылып, әрі табысын тауып жүрген Кәштайдың аза бойы қаза болды. Енді өкіріп шалдың аяғына жығылмаса, тайынатын жер қалған жоқ.

Фотоаппараттың шүңірейген көзін Нәуешке төндіріп біраз тұрды да, бір жағынан жарқыратып электр жарығын берді. "Ара-арасында қандай қулық ойласам құтыламын" деп миы қатып тұр.

- Ойпырмай, аға, - деді Кәштай - маңдайыңыз тіптен қылтанағы жоқ ашық екен... Жарықтың өзін кейін қарай теуіп көзімді қарықтырып тұр. Суреттің ала қоюы да қиын, әрі түріңіз өзгеріп шыға ма деген қаупім бар... Немістің Борман деген генералына қатты ұқсап кететіндей ме?

- Ол кім? - Нәуештің көзі ежірейіп кетті, жүзінде үрей пайда болды. Біреу ескі жарасын тырнап алғандай...

- "СС" деген бар ғой...

- Әй, бала, сенің оңдырмайтыныңды есіктен кірген кезде білгенмін. Саған біреу осы кісіні алдап-сулап, суретке түсіріп ал дегеннен саумысың?..

- Өзіңіз ғой келген, ондай ойым жоқ, аға.

- Ой, несі ай!.. Қай-жайдағыны тергіштеп... Мені сол немістің генералымен табақтас болды деп пе едің?.. Енді менің соңыма сені салып қойған екен ғой... Оңарсың жетпістегі шалдың басқан ізін аңдысаң...

Кәштай сандырақтап тұрып, ағасының осал тұсынан шыққанын біліп, шынымен-ақ астыртын комитеттің бірімен байланысты адамша, қабағын шытты... Бұрынғыдай асып-сасқан жоқ, сөзіне мән бере сөйледі.

- Бәрі үкіметтің тапсырмасы ғой, ақсақал. Адал болсаңыз, несіне ренжисіз?

- Әй, бала! - Асығыс-үсігіс жинала бастаған Нәуеш бұның құлағына аузын тақады. - Дүниеде жамандық қуған адам көктемейді екен, соған көзім жетті. Ал, сен бар ғой, балам, бағанадан бері айтқандарымды көңіліңе алма. Суретіңді түсір де, шыртылдатып тиындарыңды санап жүре бер. Бірақ жаңағыдай бәленің атын айтпа... Қайтесің?.. Қайта, оларыңа қой де... Менің берер саған батам, көктеп-көгере бер айналайын...

 

Шал тәлтіректеп есіктен шығып кетті. Бір бәлеге сағағынан ілініп тұрып, аман қалғанын білген Кәштай, сол күні кешкілік ешкімге көрінбей барды да, өз қолымен жазған хабарландыруды қабырғадан жұлып алды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

763

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз