+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Үйлену тойындағы салт-дәстүрлер

  • Бейсенбі, Тамыз 13 2015

Қазақ – ежелден тойшыл халық. Иә, той десе ішкен асын жерге қоятын ха­лқымызда дәулетті отбасынан тақыр кедейіне дейін әйтеуір, бір той жасамаса, өмір­лерінің мәні жоқ тәрізді көрінеді.

«Шілдехана», «Бесік той», «Тұсаукесер», «Сүндет тойдан» бастап, бірінен кейін бірі жалғасып жүре беретін шаңырақ қуанышын үсті-үстіне еселеп тойлайды. Әрине, бүгінде де тойымыз сарқылған жоқ. Алайда, соңғы жылдары қазақ тойында байқала бастаған бір құбылыс –ұлттық салт-дәстүрлерден алшақтап бара жатқаны.

Бүгінде халқымыз тойды қалай жасап жүр? Осындай жиындар дәстүрімізді дәріптеуге, салтымызды сақтауға қаншалықты әсер етіп келеді?

Айтпағымыз – халқымыздың үйлену тойында жасалатын салт-жоралғыларымызды ұстанып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – әр қазақтың қолында екенін ұмытпағайсыз!

 

«Қыз көру»

 

«Қыз көру» салты кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жігіттер жар таңдау үшін өнерлі дос-жолдастарын ертіп, қыз ауылына барады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді?» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға хақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бірін-бірі сынаған қыз-жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген.

 

«Қыз ұзату тойы»

 

Ұзату тойында қыздың өз туыстары мен құрбы-құрдастары отырады. Ата дәстүріміз сол. Қазақ қызы әкесі мен ағаларының, өзге аталас туыс-бауырларының көзінше жігіттің жанына жақындауға ұялған. Қазақ салтында жеңгелері қайын сіңлісінің қолын ұстатып, күйеу жігіттен «қол ұстатар», шашын сипатып «шаш сипатар» сыйлықтарын алған.

Қыз ұзату – үлкен той-думан әрі қызық болғанымен, бұл күні ата-ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны – «қызым өсті, өрісім кеңейді» дейді, жылайтыны – қимастық көңілі, бағып-қаққан перзентінің жатжұрттық боп кете баратыны... Қызды алуға құда жақтан бес не жеті (тақ санмен), кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жігіт пен күйеу жолдас болады.

Ұзатылған қызды, дәстүр бойынша, таң ата, күн шыға жөнелтеді.

 

«Сыңсу»

 

Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу. Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанарда «сыңсу» айтып қоштасады. Бұл сәтте оның жанында жеңгелері жүреді. Ол өзінің балалық дәуренің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Базардан келген құйысқан, Тарамай шашым ұйысқан. Келіп кетіп жүріңдер-ай, Сағындырмай туысқан, - деп өзінің өтінішін де айтады. Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес.

 

«Қыз көші»

 

Құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, жас іні, сіңлілермен бірге көлікке отырып жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамауы керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп ән-күймен ереді. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» деп атайды. Одан әрі асқаннан кейін «келіншек көші» дейді. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары «келіншек көшін» тоқтатып «түйемұрындық» алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады.

 

 

«Сәукеле кигізу»

 

«Сәукеле кигізу» салтына құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата беріледі. Сәукеле байғазысының бағасы олқы болмайды. Оның көрімдігі де оған лайық болу керек.

Көрсе көздің жауын алатын сәукеле бұйымы – тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс.  «Алтын мен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі, мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі-түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады.

 

 

«Есік ашар»

 

Үйлену тойы өткен соң, күйеу жігіт келіншегін алып, келісілген уақытта құрдас жігіттермен ата енесінің үйіне келеді. Мұны «есік ашар» дейді.  Ел жұрт бұрын көрмеген күйеу баламен танысады, сынайды.

Есік ашардың түрлі кәделері бар. Әзілқой жеңгелер мен балдыздары күйеу баламен ойнап, сынаққа алып, тексереді. Қазақ ауылы үшін күйеу баланың есік аша келуі көңілді мерекеден кем болмайды. Бұрындары кей жерлерде есікті күйеу бала ашар кезде, ашқанда, ар жақтан жеңгелері шелекпен бетіне қарай су шашып жіберіп отырған. Осылай тексеріп, көңіл көтереді.

 

«Әмеңгерлік»

 

Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі жас болса «ерден кетсе де елден кетпек жоқ», «аға өлсе іні мұра» деген қағидамен, әмеңгерлік жолмен күйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Тұрмыста қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған. Егер әйел тиісті әмеңгеріне шықпай, басқа біреуге шығатын болса, бұрынғы күйеуінің мал-мүлкінен үлес ала алмайды, өз төркінінен келген мүлкімен ғана кете алады . Мұны қазақша «іргеден шығару» дейді. 

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
2493





Пікір қалдырыңыз