+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«ЖАР-ЖАР»


Бала күнімізде ауылда үйлену тойы болса, қаратабан, күсаяқ  ауыл балалары әлгі үйден әбден «той тарқамайынша» тараспайтын. Үйдегі  шағын бөлменің біріне шымылдырық тағып, келіншекті көзден тасалайды. Оны көрмей, баға бермей ауыл балаларына дамыл жоқ. «Келіншек келе жатыр»,- десе әлгі үйдің алдынан шар тағып сәндеген «Уазикті» тағатсыздана  тосамыз. Келді деген кезде бір топ әжелердің етегіне сүрнігіп, шашу  жинап кәмпитке кенелетін едік.  Басталғалы жатқан тойдан келсем жеңешем «Қалай, келіншек ажарлы ма екен?» деген сауалымен  тосып алады. Тойға барғанша да менің мәліметім  негізінде  біршама «ақпарат» көрші-көлемге тарайды.Қызық еді-ау балалық шақ. Содан кейін аулаға тігілген киіз үйдің, болмаса палатка астына жайылған дастарханмен «аңдысуға» тура келеді. Құтты бір аштықтан келгендей, үйірлей келіп үймелейміз. Үй иелеріне бұндай «қонақтардың» тіпті қадірі жоқ. «Шығыңдар ауладан, далаға ойнаңдар»-деген ескертпесіне қарайтын бала бар ма?! Тысқа шыққан болып, шарбақтың ту сыртынан сырық сымды дастарханға жүгіртіп, бұйыртқан жеміс-жидекті әлектеніп іліп, житінбіз. Кешке «Жар-жар» әні айтылып, мерекелік шара түн ауғанша жалғасатын. Мына ән сонысымен көңілге жақын, көзге ыстық.   

 

PS.Қазақтың кез келген шаңырақ көтеру тойы "Жар-жар" әнісіз өтпейтіні хақ. Екі жастың ғұмырларының бір арнада тоғысып, екі жақтың ортақ қуанышына куә болған талай жанның тарихта сүрлеуі жатыр. "Жар-жар" әнінің авторы ұмыт болғандықтан, ол ел аузында халық әні делінеді. Алайда, дәстүрлі той әнінің әуені халықтікі болғанмен, оның сөздерін белгілі ақын Әбдірахман Асылбек жазған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1079

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз