+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«ТҰЗ, МҰЗ, БОССЫҢ....»


Шүкір, бағыма қарай Серік Жанболат, Арман Сқабылұлы секілді талантты тележурналистер ортасына түстім. «Хабардың» «Хабар» болып тұрғанда, «қыз дәуірінде», екеуі де ел назарына ілікті, танылды. Үзеңгілес інісі ретінде ақпараттық арғымақтың жалын тарта мініп, құлындай құлдыраңдап іздеріне ілестім. Тәубе. Сол сыйластық тіні әзір де үзілмей келеді, үзілмесін. Қысқасы, кеше Серік ағам әлемге әйгілі спортшы Мұстафа Өзтүрік туралы ел естімеген, оңашада өзіне ғана айтқан сырдың құпиясын ашты.

 

«Тәуелсіздік алып, Мұстафаның елге келіп, таеквондо өнерінің тасы өрге домалаған дәуірі басталды. Әйгілі спортшымен жан досындай араласпасам да, телеарнаға 2-3 мәрте сұхбат алғасын жанына ертіп жүрер рухани інісіне айналдым. Бірде мені Мұстафа аға алыс жолға серік болуға шақырды. Келістім. Көлік ішінде спорттың арғы-бергі тарихын айтып, біраз пікір алыстық. Бір кезде маған оңашада сыбырлаңқырап сөйлеп сырын ашты. «Серікжан, өзің білесің, менің аталарымың туған жері - Шығыс Қазақстан облысы. Түркиядан келгеннен кейін көп ұзамай аталарымның кіндік қаны тамған, аунап өскен ауылына қонаққа шақырды. Барсам, пейілденген қалың қазақ құшақтай қауышып, шын пейілдерімен жүгіріп қарсы алды. Киіз үй тігіп, жылқы сойып, кәделі ас ұсынып, бәйек болып жатыр.Төрде сөзі қадірлі ақсақалдармен, ел азаматтарымен ұзақ әңгімелесіп, дастархан басында 7-8 сағаттай отырып қалдық. Бата беріліп, дастархан жиналып тұруға әрекет жасай бастаған кезде қасымда отырған қадірлі қария тіземді қолымен басты. «Аялда» деген ишараты болса керек. Содан киіз үйде отырған өзгелерге әлгі ақсақал «шығыңыздар» дегендей иегін қаққаны сол еді, бәрі ымды түсініп дереу тысқа шығып кетті. Үйде екеуден-екеу қалдық. «Балам Мұстафа, әлем таныған қазақтың қазіргі батырысың. Ұлтыңды сүйген қара домалақсың. Бабаларыңның ықылым заманнан келе жатқан «ұрпақ, тұқым алып қалу» деген дәстүрі бар. Сен жаңа осы үйге кіріп келе жатқаныңда оң жағыңда тұрған оңаша отауды аңдадың ба? Сол шаңырақта етегін еркек түрмеген текті тұқымның бір қызы отыр. Қысқасы, балам, өзіңдей алып батыр ұлан керек, елге де, бізге де. Бұл сөз жалғыз менің емес, елдің аманаты», - деп соңғы сөздерін шегелей, қадап айтты. Құдай-ау, осы жасқа келгенше адам баласынан тайсалмап едім. Көзінен көз алмайтын едім. Қорыққанымнан бойымнан ашщы тер бұрқ етті.Ақсақалдың сөзі қандай ауыр, орнықты. Бұлтара сөйлеуге де себеп тапсамшы, «бабалар дәстүрі» деп нығырлап айтқаны және бар. Ұзақ ойланып, теңселіп қалдым. Ернім ерніме жуыспай, сәлден кейін жауап қаттым:

 

- Ақсақал, бала-шағам, келініңіз Түркияда тұрып жатыр, білесіз, әлгі кісі хабардармын дегендей ишарат білдірді. - Мен бұны ақ некелі келініңізбен келіспей, азаматтығымнан тыс әрекетке қайдан барамын?! Қай бетімен, ол ақ отауға қарындасымдай қыздың жанына барып жантаямын? Өзіңіз ойланып қараңызшы?! Ұят емес пе, келініңіз келісім беруі екіталай. «Мен сені бала-шағадан кем еттім бе? Жоқ әлде ақ төсегіңді былғадым ба? Тұнығыңды лайладым ба?», - десе, аға-ау, не бетімді айтамын. Менің елге тік қарай алмағаным өлгенім есеп қой,-деп едім, әлгі ақсақал әр сөзімді мұқият тыңдап алды да,

 

- Осы отырған ақсақалдар бір қателік жасадық. Құдай-ау, қанша ақсақал, қарасақал жүріп, келіннің келісімін алуды ескермеппіз. Елдің аманаты дәл қазір келіннің саған артқан сенімінен жоғары емес, -деп айтып болды да, тыстағы біреуін дауыстап шақырып алып, - жығыңдар отауды, алып кетіңдер ана қызды, - деп тапсырма берді.

 

Айтқанша болған жоқ, біздер өзге әңгімеге алданып, тысқа шыққанша тігілген отау да, дидарын көрмеген әлгі қыз да көзден ғайып болды.

 

P.S.: Негізі, тарихтың тұңғиығына сүңгісең, жарты әлемге әмірін жүргізген Шыңғысхан жаулап алған елінен таңдап жүріп, текті деген әулеттен бір қызбен некелесіп, бала таптыратын дағдысы болған. Бірде үлбіреген, көркіне көз тоймайтын аруды Шыңғысханның шатырына алып келген екен деседі. Жанары тұнық, сөзі өткір әлгі қыз Шыңғысханнан қымсымбай:

Ханием, үш сауалым бар.

Айт!

- Бірінші, тамақтың дәмін келтіретін не?, - деп сұрапты.

Тұз.

Енді екінші сұрағым. Еттің дәмін бұзбай сақтап қалатын не?

Мұз.

Дұрыс. Үшінші сауалым, ханның талабын ханшайым қаламай тұрса, оның амалы не?-деп сауал қойып, болмастан төрде жантайып жатқан қысық көзді Шыңғысхан: 

- Боссың, жіберіңдер еркіне- деп жауап қайырып, қарулы жасаққа иек қаққан екен дейді.

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1361

5 comments

  • Жұма, 04 Қыркүйек 2015 08:03 маргулан

    Нагыз адал батыр улы казактын бир туар бундай казактын баласы коп болса Казакстан мулдем баскага болар еди ау....!!!!

  • Сәрсенбі, 26 Тамыз 2015 19:15 Загипа

    Қандай керемет адам. Жаны жаннатта болсын!

  • Сейсенбі, 25 Тамыз 2015 09:10 Гатау-Гали Бохан

    Мустафаның да өлімі тергелу керек ? отырған билік тарапынан сол кездерде көптеген жас таланттар кетті,күмінді жағдайда,шынын айтқанда елді бастап жүретіндер,білімді саясаткерлер жұмбақ жағдайда өлді,өлмегені қашып жырақта жүр бұның бәрі тергеліп ақиқаты ашылса Г.Е. айтқандай Нюренберг процесінен кем болмас,өз халқына қарсы ашылған құпия соғыс ретінде....

  • Дүйсенбі, 24 Тамыз 2015 15:29 Амантай

    керемет! биз казир кумис алсак кола алсакта куанамыз!

  • Жексенбі, 23 Тамыз 2015 02:28 Айа

    Жаны жанатта болсын!

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз