+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



МЫҚТЫНЫҢ МЫСЫ


Туған ауылым «Ерімбет жағада» Көбеген атамыз туралы ел аңызға бергісіз әңгімелерді әлі күнге айтады. Ет жақын туысымыз. Сөзге шешен, қарулы, ажарлы, еңселі, өте беделді болған. Ұйымдастыру қабілетімен, азаматтығымен  елге бас болған. «Көбеген айтты» деген сөз ауылда пәтуә ретінде қабылданған. Колхоз басқармасы болып жүргенде ауыл молдасы үстінен арыз жазып, ауылдың бір топ азаматтарының басына қара түнек төніпті. Сөйтсе, жерге асы жоқ жетім-жесірлерге, қаралы үйге колхоздың  бірен-саран ешкі-лағын үлестіріп берген екен. Сол арыз етіп жазуға жарапты. Кеңес дәуірі аясын ба?! Бір ауылдың баскөтерер азаматтарын сыпыра соттайтын болғасын, Көбеген атам  «кінәні» мойнына алып, «пешенемнен көрермін» деп  Сібірге «итжеккенге» сотталып кеткен. Орысша сауатты, еңселі жігіт түрменің бастығымен тез тіл табысыпты. Қысқасы, Көбеген атам 10 жыл Сібірдің түрмесінен бір тісі түспей, бетіне әжім  ілікпей  қайта оралды. «Ауылға Көбеген келе жатыр» деген хабар шыққаннан барша ауыл ортақ жылқы сойып, дастархан жайып, ақсақалдар алдынан атпен шығып күтіп алған деседі. Қауышып, қауқылдасқан тойға жалғыз молданың үйі бармаған. Көпшілік тойда біреу «Молда әлі тірі, осы ауылда» десе, «Бар болсын, тірі жүргені аты ғана» деп, Көбеген атам қысқа қайырыпты. Содан кейін молданың үйіне жан баласы аттамайтын болған. Ойын балалары да ауласына жоламайды. «Қара бет» болған ауыл молдасы шыдамай кеңшар орталығына көшіп кеткен. Кейін  Көбеген атам қайтыс болғаннан кейін әлгі молда баласына келіп, көңіл айтыпты. «Әкем кешеге дейін көзі тірі болды ғой, бақұлдасып кешірім сұрасаңыз қайда қалдыңыз?! Маған қай бетіңізбен келдіңіз?!» деп молданы тірілей жұрттың көзінше сөзбен іреген екен.

 

Негізі, Көбеген атаның нағашы жағынан тегі мықты. Сыр өңіріне танымал Сапақ бидің туған жиені. Сапақ бидің ауылына Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге қажылыққа барған сайын жолай қонақтайды екен. Екеуі керемет сыйласқан. Аралдың іргесінде шығысқа қарай 16 шақырым қашықтықта Сапақ станциясы әлі бар.    

 

Тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай  НКВД-ның ескі құжаттарына есік ашылды. Ұзақ жыл прокуратурада істеген Жасарал Жұмашев деген ағамыз  әкемнің жұмысына барып әбден сарғайған жазбаларды көрсетіпті. Соның бірі, кезінде Көбеген атамның үстінен «домалақ арыз» дөңгеленткен молданың түсініктемесі екен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

328

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз