+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



МЕКТЕП КӨРМЕГЕН ҮШЕУ


2000 жылдардың басы болу керек. Қызылорда қаласының сыртында дариядан балық аулап, жабайы жидені қайнатып жеп, қамыстан салынған лашықта тұрып жатқан бір отбасы бар деген хабар жетті. Үлкен ұлдары 12 жасқа келсе де мектеп табалдырығын аттап көрмеген. Екінші бала тоғыз жаста болса, қарындасы 8 жаста. Үшеуі де мектептің не екенін білмейді. Ол кезде «Хабар» агенттігінің облыстағы тілшісі әрі жергілікті телеарнада аға редактор болып қатар істедім. «Хабар» агенттігі  сол жылдары тек «халықтық» проблемалық сюжеттерді ғана талап ететін. Көп ұзамай әлгі отбасына бір фермер малын бақтырып, еңбек ақысына  ас-суын жеткізіп отыруға келісіпті. Түсірілім жасауға Тасбөгет қыстағының әкімін, учаскелік полицейді, дәрігерді ертіп алып шағын ғана шаруашылыққа жетіп бардық. Құрқылтайдың ұясындай бөлмеде ыбасып-сыбасып барлығы тұрып жатыр. Кір қожалақ әйелі тұрмыстағы ауырпалығын айтып, кір-кір сүлгімен бұлаулаған көз жасын сүртіп әлек. Күйеуі темір дәнекерлеушісі болып Тасбөгеттегі кәсіпорында істеген. Өндірістік жарақат алғасын жұмысты қойған. Отбасының мүлде табысы жоқ. Тас ғасырдың тұрғындары секілді. Үлкен баласынан сұхбат алып едім «Ең болмаса інім мен қарындасым оқыса екен»деп еңіреп жылап жіберді. Материал түсірілуін түсірілді. Үйге келіп видеоларды әрі қараймын бері қараймын. Енді ана сюжет «Хабардан» шықса, «жарылғалы» тұр. Әкем: «Материалды бере бер, әкімшілік бірдеңе айтса, өзім жауап беремін», - деп қысқа қайырды. Облыстағы беделді журналист болатын. Кешкілік эфирде «Қызылорда облысында бір отбасыдан үш бала мектепке бара алмай отыр», - деп «айқайлатып» анонс берді. Сюжет беріліп болар болмаста үйдегі телефон шыр етті. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы. Аптығып тұр, «Қазекең қайда?» деп. Сөйтсем, телефонның арғы басында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ерімбетов сөйлескісі келіп тұр екен. Әкем үндемей тыңдап алды да, сөз соңында шенеунікке «Артық кеткен жерің жоқ па Нұрлан?» деп бірақ сауалды шегелеп қойды. Ашуға бір қайнап, бір суынған әкім орынбасары «балаға ие болмайсыз ба, елге масқара етті ғой», -деп «абыройын» ойлап  жатыр екен! Телефонды қоя бере жергілікті телеарнаның бастығы звондап маған «я менімен, я «Хабармен» бол деп дүрсе қоя берді.

 

Сөйтсе қызық болған екен. Сол сюжет эфирден берілген күні ертесіне Алматыда өтетін республикалық мұғалімдердің сьезіне облыстан Нұрлан Ерімбетов бастаған делегация  жолға шыққалы отыр екен. Ол жиынға мемлекет басшысы қатысып, баяндама жасайды. Әкім орынбасарын «сол баяндамаға мына фактімен ілініп кетемін бе» деген үрей билеген.  Кешкілік сюжет өткесін түн ортасында жиын жасап, ана балаларды дереу интернатқа жатқызу туралы шешім қабылданған. Таң азанымен ұйқыда жатқан балаларды дәрігерлері бар, полициясы бар сирақтарынан сүйреп оятып, интернатқа алып келген. Кең болса да оқушы киімін киіндіріп үшеуін үш классқа «сүңгітіпті». «Хабардың» журналистері интернаттан тағы бір сюжет күтеміз деп болған жайдың жалғасын сұрады. Делегация құрамындағы  білім басқармасының басшысы жолай  Шымкентте вокзалдан орынбасарларына звондап «ана бала тағы бірдеңе бүлдіріп қоймасын» деп тапсырма жүктепті. Орынбасарлары келіп «қара бет еттің бізді» деп олар кіжініп келіп кеттеді. Мен:  «Болған жайды ғана айттым, видеосы бар. Маған бәрі бір. «Всеобуч» бағдарламаларың қайда барлық бала мектеппен қамтылған дейтін», -деп тіпті жүйкелерін жұқартып болдым.

 

Қысқасы не керек, интернаттан жатаханаға орналасқан үш баланың жалғасын түсірдім. Еңгезердей 12 жасар баланы 7 жасарлардың арасына қосыпты. Сұхбат алсам: «Бүгін А, Б, В, Г әріптерін үйрендім. Гүлнар, Айжан, Айгүл деген қыздармен таныстым. Маған мектеп ұнады», - деп тақылдап тұр. Содан Ерімбетов Алматыдан оралғасын әкемді шақыртты. Екеуара біраз сөз таластырған. Әкем: «Нұрлан, «Хабардың» жаңалықтары саған аз көрінсе, республикалық газеттер де басуға дайын отыр. Меншікті тілшілер осы жағдайды аша түсіп «Егеменнен» бастап, «Заман Қазақстанға» дейін басады. Балам бәріне сұхбат береді, осымен қой, болмаса әрі кетеміз», - деп талабын нығырлағанда ғана әкім орынбасары істің насырға шабатынын аңдап, мәселені жылы жауыпты.              

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

501

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз