+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ШОҢТӨБЕ, ШОТАЙ, БАЛДӘУРЕН


І тарау

 

"Адамның бір қызығы бала деген!"

Жаңа жыл оқиғасы және аңшы туралы аңыз.

 

Мен жарық дүниеге келместен бұрын, айдай әлемге алақанын жайып, көлденең көк аттының, шылауына оралып, селт еткен сақалдының сауабын жинап, жан баласының жүзіне келуге қаймығып әжем мен атам күткен екен. Тірі пендеге тіл тигізбей, құмырсқаны "қыбырлауық", қоңызды "жыбырлауық" деп бипаздап, үміт ізінде әке-шешем жүрген. Сартаптанған сағынышпен сарылып күткенде туған бала - мен едім. "Жарықтықтардың тілектері қабыл болыпты, тарығып жеткен ұлдары қандай екен, көрімдігімізді атап, көңілімізді білдіріп шығайық", - деген ауылдың ақсақалдары шілдеханаға түгел жиылса керек. Кім келгенінде не шаруам бар, қабағым қаспақтанып, танауым таңырайып жатқан болармын. Ақтөбенің басы мен алқалы отырыста әңгіме желісін тартып отыратын елдегі Көбен қария мақамдап:

-"Тұлпар аттың тұқымы көрімдей болып келеді, тұғыр аттың тұқымы өрімдей болып келеді", көзің  суалып, жүзің қуарып көрген нәрестең томардың түбіріндей кескінсіз екен. О-оң... Қазір көзін ашпаған күшік қой, өскесін жігіттің сұлтаны осы болар... Жалғыз емес, жал-құйрығы шықсын, атын Аллаберген қоя сал, қалғанын жазудан көресің! - десе, біздің атам да теріс жағына қарай құлапты.

- Анада ақ ешкімді қора айналдыра "қубастап" қуып жүр едің, есі жоқ мақұлық айтқан лағнатыңыздан егіз үш лақ тапты, бірақ сол сөз менің кеудеме атқан оқтай дік етіп тиген, қайтейін... Ақсақал айтқан екенсің, "бергеніңді" алдым да, алдына "Сақтабын" қосқым келеді. – Сонда, Сақтапберген. Атам айтқасын амал жоқ, әйтпегенде, алған, бергеннен басқа атауды қара су қаптап кетті ме, әй, қайтерсің? Ал осы "Сақтапбергеннен" ес біліп, етек жапқаннан бері зәбір шегіп, жапа тартып келем.

- Атың кім? - дейді қос қолын қалталарынан шығармай, не шуақ, не көлеңкеде саяқ аттардай сипақтап тұрған біреулер. Үндемесең, жапырылған глобустың жарты шарындай бетіңе шұқшиып, айбақ-сайбақ кескініңнен-ақ адресіңді бірден табады.

- Ә-ә, бала, құлағың қалқиып, басың жалпиып, әпербақан әкеңе тартыпсың ғой, үлкендерді сыйлама деп сол үйретті ме?

Талқыға түсіп, талқаным шықпай тұрғанда:

- Сақтап, - деймін сыпайы ғана сырғақтап.

Қасыңдағы қара сирақтың біреуі қасынып жіберіп, қалған жағын тақ еткізеді.

- Сақтап емес, Сақтапберген.

- Е-е, солай десейші. - Енді әлгілер ол жақ, бұл жағыма ши жүгірте сөйлейді. - Сонда, қалай, кенже баласымысың, әлде әке-шешең кеш көрген бе? Тайпақ табақтай сені де сақтап берген құдайға құлдық.

Жұмыстан бос жүрген сыбай-салтаңдар айтқан әңгімелеріне ақы алатындай өзеуреп, түрткілеген сөздің түп-төркінін таппақшы. Шегіншектеп барып, шеткерілеу кетсем де, құлағы құрғыр қағып алып естіртеді. Мақтау да, масқаралау да емес, ақырында, күлкінің ортасына күмп еткізетін, жаның жаратпайтын бірдеңе.

- Баяғыда біреудің аты Керкеткен екен. - Жалқаулардың біреуі орағытып әкеліп орта жығатын тәсілге салады. - Сол байғұс күндердің күнінде: "Қой, бала-шаға өсіп келе жатыр... Ата сақалымыз аузымызға шықты... Болмас... Көрге кетсем де, Керкеткен болып кетпейін", - деп қой сойып ауыл-аймағын шақырып, молдаға кітап аштырады. Атын "Бірнәстедин" етіп ел алдында бәтуаласқан. Тістерін щұқып, үйлеріне қайтқандарға көлденеңнен кездескен көк аттылар:

- А-ал, жол болсын, қайдан келесіңдер? - десе керек.

- Уа-а, мына Керкеткен ағаңнан...

- Жайшылық па?..

- Атын өзгертті, жарықтық. "Өзім Керкеткен едім, балаларым Керкеткенов болмасын, - дейді.

- Е, енді кім деп атайсыңдар?

Әлгілер әрі ойланып, бері ойланып естеріне түсіре алмапты. Дұрыстап тағы бір сұрап алайық деп, шыққан үйлеріне қайтып барса, Керкеткен де есімін ұмытып, дал болып отыр екен. Байқа, бала...

Еріккен жандарға ермек керек, жандары шығып кететіндей шиқылдап бір күлсін.

Бас-аяғы осы болса тәуекел де, кез келген жерде аяғыңнан шалып, адымыңды аштырмайды. Атам қойған атымның кесірінен, жыл он екі айда жалғыз-ақ рет өтетін елкаға да шалалау қатыстым. Ағайымыз: "Жаңа жылдық жиынға жұлым-жұлымдарың шықпай, ақ көйлектеріңді киіп, әдеміленіп келіңдер" дегесін, әжем "дұшпан көз" дейтін қатырма жағамды үстіме іліп, шалбарымды шоқ өтекке мыжғылатып, табаны таздың басындай жалтыраған ақ жағал етігімді тазартып, кластың есігінен кіре бергенімде, "Қарасақау" атанған бір бала жүйке тамырыңа тиетін жіп-жіңішке даусымен: "Сақтапбелген, кешеді батпақ белденге" салып, құлағымды сарсытқан ескі әуенге басты-ай келіп. Өлеңдегідей күйім болса үндемес-ақ едім, тап-таза киіміме қалай араша түспейін, жыным тырысып, жұдырығым түйіле бастаған. Мектебімізге айқай салып кетпесе, көңілі көншімейтін жуан шешесі ойыма түсіп, жаймен ғана: "Қойсайшы", - дедім. Анау ішектей ыңылдатып қыл қобызын тарта берді. Енді кешіксем, қалған балалар да хорға қосылатындай тамақтарын кенеп жатқасын, "тәуекел" деп қойып кеткем. Көзімді тіккенім - ұзынды-қысқалы сиырдың емшегіндей салбыраған жағалар. "Әп" деп, Қарасақаудың тамағына тіреп ұстағам. Оның да қисық саусақты кішкене қолдары тышқанға құратын қақпандай шалт екен, көйлек сыртынан киген қара велветкамның қалтасына шап етті. Қанша жұлқып тартсам да "сиыр емшектер" мықты болып шықты, екі қолымды емізіп, елең қылмай тұр. Қайта менің төс қалтамның жел-құз желілеген талай жылғы тамыры үзілгендей, сытырлап қоя бермесі бар ма?

- Жібер, қалтамды жырттың!.. - Киімі түскірге ішім удай ашиды.

- Білінші өзің жібел! - Ол да біреу-міреу ажыратып жібере ме деген есек дәмемен балаларға қарап қояды. - Тап бал ғой, ағайға айтам.

"Ағай" дегесін алпыс екі тамырым "балқып", жүйкем босап, айбарақ жасап бір нұқыдым да, жіберіп қалғам. Ит таластырғандай уақыттарын көңілді өткізіп тұрған балалар шу ете қалды.

- Анаң қара!..

- Ананы қара!

Қарасам, алақандай қалтам Қарасақаудың қақпан қолдарына киіз түндіктей қыстырылып қалыпты. "Шынымен менікі ме?" деген оймен омырауымды шолсам, жіптері ағып, орны "жылап" тұр.

- Тап сенің! - жан-дәрменмен қайта ұмтылғанда, құланның қасуына, мылтықтың басуындай вожатый апай кіріп келді. "Вожатый" дейміз-ау, қыраулы қыста да мұрнының ұшы тершіп жүретін, өзімізден төрт-бес жас үлкендігі бар, Сүлейменқұлдың Әтей деген қызы. "Көршіміз ғой, маған не қылсын" деп, мұнымен де бұрын қырғиқабақ едім, енді қылмыс үстінде ұсталып, сызылдым да қалдым.

- Жаңа жылдарың құтты болсын! - Тілі ап-ащы қыз Сүлейменқұлдан аумайтын көкшіл көздерін сүмелектеп тұрған екеумізді өңмеңдете қадаған. Қарасақаудың қолындағы тәберіктей тәптіштеп жыртылған қара барқытқа көзі түсіп, мерт болған кімнің мүшесі екенін біле қойды.

- Бұл не, Түгелбаев?..

- Селдебаевтың қалтасы. - Қарасақау кеселімді кесіп алғандай вожатыйға беріп жатыр. - Өзі ғой білден төбелескен...

- Бірінші, апай, өзі мазақтады.

- Не деп?

"Апай да қызық, Қарасақаудың сөзін қалтасына салып ала кететіндей".

- "Сақтапбелген, кешеді батпақ белден" деп.

Алдыңғы партада, көптен жуынбағаннан бейнесі көмескі тартқан, жұртта қалған бәтеңкедей аузы үнемі ашық жүретін Мырзалы деген бала бар еді. Кертік мұрыннан "ақ боз ат, көк боз атын" қатар жарыстырып отырып, "Уақ" етіп күле бергенде, өз "байлығына" шашалып қарадай әлекке түсті. Осы абыройсыздығымен, "Өндіріс" атты қасиетті есімге ие болған. Мырзалыға: "Шашалсаң - өл" деп тұрмын. Парталарында тып-тыныш қана кино көргендей қызықтап қалған басқалардың өмірі - қол жетпестей арман! "Елка, Аяз Ата" дегендерің мұнан қызық болмаса керек, бағанағы даурығып жүргендер естерінен айрылып, көздерін бізден алмайды.

...Апай жазаның қай түрін берерін білмей, қасымызда сипақтап біраз тұрды да, кең залдағы қызықтан қалмаудың шарасын жасады. Екеумізді кластың екі бұрышына ұйықтаған үйректей бір аяқтатып қойып, балаларды ертіп шығып кетті. Ешкімнің ойында жоқ қарауылдыққа сұранған Мырзалы, бізбен бірге. Қылт етсең: "Ойбай, апай, әне қара, етігінің ұшы еденге тиіп дем алып тұр, оң аяғын сол жағына ауыстырып қойды" деп тұра шабудан тайынбайды. Ақиретті көріп, азапқа түскен Қарасақау қулыққа басып: "Өнділіс, балып елке көлсейші!" - деп алдаусыратқан. Анау көнер емес, "Ә-ә, қулар-ай!" дегендей ыржия күліп, басын шайқайды. Оң аяқтың бұлшық еттері түйіліп, беліміз бұралаңдай бастаған. Солға қарай ауысып тұруға болмайтынын жақсы білеміз. Қарасақаудың сиыр емшек жағалары бұрынғысынан да бір елі ұзара түскен тәрізді, қимылдап кетсе, салп-салп етеді. "Опат" болған омырауымды басып, қисалақтап мен тұрмын. Жылп етіп келетін бала қимылынан өзгешелеу сықырлап, тақтай есік самарқау ашылды. "Енді не бәлеге қалдық?" деп, бойымды үрей билеген. Қабақтарын қусыра түйіп жүрсе де, ешқашан езуі жиылмайтын еңгезердей Шотай. Мырзалы иесіне еркелеген күшіктей орнынан секіріп тұрып мәз болып қалған. Тиімді сәтті пайдаланып, аяғымызды еденге еппен басып, тартылған тамырымызды созып, тіземізді жазып алдық. Күлімсіреп кірген Шотай ешкімге назар салмастан,  қадамдаған күйінде, Мырзалының қасынан бір-ақ шықты. "Күзетті күшейткен екен" деп ойлағанымызша, күліп тұрған Өндірістің желкесінен қысып ұстап, "апайға айтамға" шамасын келтірместен, есіктен әрі ытқытып жіберді. Сосын етігі қолпылдап, қасымызда қарап біраз тұрған. "Еһе-еһелеп" селкілдеп күлді де: "Ағай келді, сендерге шықсын дедісін" сәлден соң айтты. Беліміз талып, тамырымыз құрысқан біздер, кирелеңдеп барып, қалың тобырға қосылдық.

Бар қызығы өтіп, базары тарқайын деп жатыр екен. Мүше үлестіргендей подарка беретін тартысты кезеңге ілініп, басымызбен қойып кеткенбіз. Байқастап қарасам, биылғы Аяз атамыз да жер шарының әлемішті глобусындай айғыз бет Тауасар. Қыс келсе Тауасарға арнап елка жасап, есі шығып жүргендерге таңым бар. Осыншама қошеметке қалайша қолы жеткені белгісіз. Тауасар мектеп бітіре кетсе, Аяз аталықты өзім атқарсам деген ой да жоқ емес. Жылда қалта арқалағанға үйренген Тауасар, оңайлықпен қолынан дорбасын бермес. Қазір трактордың иінді валындай келеңсіз ұзын қолдарын қызыл қалтасына бойлата сұғып, балаларға базарлық таратып жүр. Кәдімгі пряник пен кәмпит, жұрттың алақанынан алғасын жұтынып барамыз.

- Маған... маған-н...

Бір пряник, екі кәмпиттен аумай-төкпей үлестіріп келген Тауасар, қалт етіп тұра қалды да, мойнын созып әлдекімдерді іздей бастады. Орта шенде өрелері жетпей өңмеңдеп жатқан екі інісінің алақанына уыстап тұрып салмасы бар ма. "Аяз аталығын" қайтейік, тұс-тұстан шулап, кеттік.

- Ағай, ағай, Аяз ата інілеріне таратып жатыр.

- Әне, қараңыз, қалталарына сыймай, ауыздарына тыққан.

- Әй, қой. Қоймайсыңдар ма? - Ашулы Аяз атаның жапсырған сақал-мұрттары жыбырлап кетті. - Қазір далаға шығарсаңдар. Көрсетемін сендерге... Ауыз-мұрындарыңды помидор қылмасам ба? - "Несі бар, помидор да жаман тамақ емес".

Адамгершілігіне дақ түскен Аяз ата не айтып, не қоярын білмей абдырап тұрды да қалды. Кеңседен шыққан мұғалім бәрімізді қайта тыныштандырды.

-              Жылына бір-ақ рет келетін Аяз аталарыңды құрметтеңдер, қане, тағы бір билеп, ән салайық!

 Қолдастырып елканы айнала жүргізді. Арамыздан Айсұлу деген қыз шығып "Боз бие" өлеңін айтып, бір ауыздан "Боз бие" деген ат және бір кәмпит алған. Айсұлудан қалғысы келмеген Зейнеш:

                 Дарияның бетінде аққан сең бар,

                 Алақандай бетімде қара мең бар.

                 Менде сендей біреудің жас баласы,

                 Көлеңкемнен аулақ жүр, менде нең бар? - деген ұзынсонар айқайдан кейін, атамызға дәмете қараған. Тауасардың кәмпиттері таусылған болуы керек, қызыл қалтаны түбінен ұстап сіліккенмен ештеңе түспеді. Дередей білекті омырау тұсына сүңгіте сұғып, жамбас жағын біраз бүлкілдеткен сұқ саусақтың қармағы жылтыр кәмпит қапқан екен. Көзі жылтылдап қимай қарап тұрды да, "ас жемесең, тас же" дегендей, Зейнештің алақанына тастай салды.

Біз үшін елка онша қызық болған жоқ, жалғыз аяқтаған жарты сағат пен екі аяғыңды тең басқан жарты сағатты қосқанда, басы-аяғы бір сабақтың шамасында, сымпиып шыға келдік. Кешке қарай жоғарғы кластың оқушылары жиналмақшы. Былтыр жарқыраған терезелерді жағалап жүріп көргенмін, бір түрлі, балалар мен қыздар белдерінен ұстап ырғалып билейді. Бәрі де бірдеңе жоғалтқандай төмен қараған, сірә, ұялатын болулары керек. Ұялса да, қайта-қайта билейді...

Биыл бұл қызықтан құр алақан қалдым. Әжем шартақ ілген қалтамды қайыра тігіп, су болған ұлтарақтарымды пешке жайып, қыз-е-ек ертегі айтуға отырған. Бұл кісінің ертегісі көз алдыңдағы заттарды көгілдір аспанға айналдырып, қанат байлап ұшып жүретін кеңістікке оп-оңай алып барады. Құлағыңды салсаң, шайтан-перілердің шатағына араласып, періштелерді қорғап, есуас диюлардың жалына жабысып, әлдеқайда аға жөнелесің. Әтіс-қатысы жоқ әлдебіреулерге қастасып, жаның жаратқандарына кәдімгідей іш тартасың. Ертегі таусылғанда есің кірмей, қалғып-мүлгіп тұрғаның. Сабақ үйрету - бірыңғай ертек үйретуден тұрса деп қиялдайсың.

- Баяғыда Төрежан деген аңшы болыпты... - Әжем ұршық сабын шиырып тастап қызықты хикаяларды баяндауға кіріскен. - Өзіміз күнде көріп жүрген ақ шаңдақты Шоңтөбе - ол кезде сыңсыған орман, сірескен сексеуіл, бықыған құсқа тұнып тұрса керек. Келе-келе бұл аймақта "үйрек ұшып, қаз қонған... Бізге бұйырғаны осы ғана. Бірін ұшырып, екіншісін түсіріп қоятын тұстары түсініксіз, дегенмен, ештеңе қалмағаны қалай? "Неге?" деймін. "Өзім де білмеймін", - дейді әжем әңгімесін әрі сабақтай.

- Сол Төрежан қысы-жазы елден жырақтау барып, жата-жастана аң аулайды екен. Ұлтаны қатты кең табандықтан баспаналық жертөле қазған... Үй сияқты... Мезгіл-мезгіл керуеншілер өтетін құба жолдың бойына шығып, қолына түскен аң терілерін азық-түлікке, шыт-бөздемелерге айырбас жасап, бір ауылды асыраған көрінеді.

Күн кешкіріп қалған уақыт, ақ пен қызылдың арасында ет қақтап отырған аңшының есігін біреу қаққан екен дейді.

- Кіре бер! - Ер жүрек аңшы орнынан қозғалмаған.

Еппен ашылған есіктен қарақат көзді, сұңғақ бойлы, сұлу келіншек ізетпен иіліп сәлем етіпті. Адам қарасынан аулақ жүріп, өгейсіп қалған батыр әдемі бикешке ықылас көрсеткен. Ошақ аузынан орын беріп, жөн сұраған көрінеді.

- Көшіп келе жатқан елміз. - Күлімкөз әйел күдік алдырмай байыппен сөйлепті. - Тоңып-жаурап келеміз. Тамызыққа салар от ала кетсем деп едім.

Аңшы жеп отырған тамағынан ендете кесіп, әлгі келіншекке ұсыныпты. Қолын жасырып тұрған әйел жеңінің ұшымен алса керек...

Әңгіменің қызықты кезінде жастықтан басын көтерген атам да құлағын түріп, менімен қосыла тыңдайды. "Ойпырмай, ә..."

От алып шыққан бикешке көңілінде күдік қалған Төрежан да қулыққа көшеді. Есік алдындағы отындық сексеуілді өзінің пошымына келтіріп киіндіреді де, аулақтан аңдып жатқан деседі. Орман ішін қорқынышты қараңғылық басып, биік ағаштар жайған жасыл жапырақтар арасынан жарты ай сығалаған шақта, түннен бөлінген бір сүлде қарақшыға қарай жақындай түскен. Ай жарығымен аңшы жүзтаныс келіншекті көріпті. Бұрынғы түрін өзгертіп, үсті-басын түк басқан әлдебір мақұлықтарға ұқсап сақтана басып келеді екен. Оның күжірейген мойны мен кескінсіз бейнесінен, қараңғылықты қақ жарған отты жанарынан аңшының тұла бойы тітіреп қоя берген. Үрей билеген денесін әрең игеріп, демін ішіне тартып жатса керек. Әлгі алып тұлғалы албасты аяғын сыбдырсыз басып, қарақшыға төніп барып:

Ахау, ахау, ахалақ,

Менің атым жезтырнақ, - деп бас салған.

- Өй, атаңа нәлет! - Атам тырнақтың бір ұшы өзіне тигендей шоршып түсті. - Беті жылтырағанмен, бар бәлесі артыңда екен де. - Қолына түссе жіберіп ұратындай насыбай шақшасын іздеген. Бір-екі соққан соң жүрегім тоқтап қалатындай мен отырмын.

- Сексеуілдің өзегіне дейін ендеп кеткен болат пышақтай сояу тырнақтар қайтарып суыруға келмеген. Әрі-бері тартқылап қалжыраған Жезтырнақ: "Екі аяқтыдан айла аспас", - деп еңіреген екен.

Бәрін бақылап жатқан аңшы қанжарын қынабынан суырып, Жезтырнақтың саусақтарын түбінен шауып тастаған. Орманға қарай сүмеңдеп қашқан жауыз мақұлықтың хабарын аңшыдан естіген ауыл ақсақалдары: "Бекер істепсің, жанын алғаның жақсы еді. Енді ұя жасап, ұрпақ шашатын болды", - деп өкінген екен...

Көкірегімде көптеген сауалдар туындайды. Көпке дейін көзім ілінбей әжем мен атама маза бермеймін.

- Осының бәрі рас па?

- Қайдам, жұрт айтады ғой... Төрежанның осы ауылда шөбере-шөпшектері бар.

"Шөбере-шөпшек?.."

- Қазір Жезтырнақтар бар ма, ата?

- Білмеймін, балам, болуы да мүмкін. - Атам "мазамды алып, қоймадың ғой" дегендей аунап түсіп, бетін пешке беріп жатты. - Ұйықта енді, бұған бірдеңе десең, бәлеге қаласың.

Қалай ұйықтаймын, қалған сұрақтарымды әжеме қоямын.

- Жезтырнақтың қазіргі балаларын қалай білуге болады?

Әжем де, атам да орындарында жатып, селкілдей күлді. Маған қайтарар жауап таппай жатқандарын біле қоямын.

"Орман қайда, жертөле қайда, Жезтырнақты өлтірмегені несі?" Қалың ойдың қабатында көшіп жүріп көзіміз ілініп кетеді.

...Шоңтөбенің баурайы қайысқан қалың ағаш екен деймін. Кәдімгі "Әліппеде" әшекейлеп салатын әсем бейнелер. Қармалап қай жерінен ұстағаным есімде емес, ойымда қалғаны әлдебіреумен тартысып, алыса кеткем. Зер салып қарасам, қарсы алдымда Қарасақаудың қып-қызыл мұрны, уысыма іліккені сиыр емшек жағалар. Ұмтылып, ұрған болады. Маған маңайламай, көз алдымнан жарқылдап өтіп жатқан сояу істіктей состиған тырнақтар... Ойпырмай, қалай білмей келгем, мынау барып тұрған Жезтырнақтың ұрпағы ғой, тіпті туған баласы да шығар?! Күндізгіден күшейген бе, мысы басып барады. Қашуға талап жасағам, қозғала алмадым, айқайлайын деп едім, үнім шықпады... Ән салғандай мұрнымнан ыңқылдап қалсам керек, әжем қолымен тербеп тұр. Таңмен таласа түрегелетін атам мені ажал алып кетсе де жұмысы жоқ, қою шайды сораптап тартып отыр.

- Ата, Жезтырнақтың баласын мен таптым, ол - Түгелбайдың Қарасақауы екен, - дедім.

- Қой-әй, әкесі естісе ұят-ты. Ол осы  үйдің алты атадан туысатын ағайыны екенін білесің бе?

 

"Ағайынымыз..." Біреу тас төбемнен қос қолдап ұрып кеткен сияқты, бақырайып отырмын. "Қа-а-арасақау - біздің ағайынымыз".

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

641

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз