+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



НЕМЕРЕ НАЗЫ...


           Ес білгелі әженің баласы болып өстім. Әжем «әй» деп көрген емес. Ер баладан тұңғыш немересі болғасын ерекше еркелетті.  Ауылда рахат. Жеңешеме әжемнің сөзінің жүретінін білем. Түске таман тұрып «шай,шай» деп есінеп отырғанда  жеңешем  суыған самаурынның шәйін әкеліп алдыма қояды. Ол кездерде  қантты ауыл тұрғындары қапшықпен сатып алады. Шақпақ тастай қантты тіспен қажап,ұйқылы-ояу отырып әйтеуір оразамды ашып аламын. Әжем түске таман шашын тарап, тәуір көйлегін кисе құда жолына баратынының белгісі. Мені қарыс-қадым қасынан қалдырмайды. «Той көйлегімді» киіп менде артына ілесемін.  Құм қойнауындағы ауылда түске таман аптап ыстық басталады дейсің?! Құм қайнап, қадам басу мүмкім болмай қалған кезде әжем  арқалап алады. Тойға барғанда да әженің етегінен ұстап алып, адасып кететіндей тарс жібермеймін. Дастархан басына жайғасқан кіл кемпірлердің арасына әжемде жайғасады. Артқы жағына мен де отырамын. Талқанды майға езіп кішкентай кесемен береді. Сосын бір уыс кәмпит ұстатады. Ол«осыған тойып ал да, ойна» деген белгі. Есіктің аузында өзім құралпы қара домалақтармен ойнайтыным еміс-еміс есімде.

          Ауылда көрші Қошанияз деген соғыс ардагері болды. Кемпірі ертерек қайтып кеткен. Сол ара- тұра бас сұғады. Дүниеде Қошанияздан жек көретін адамым жоқ. Әр келген сайын «әжеңді алып кетемін»деп бәле салады. Соғыс ардагері болса қайтейін, менің «отаныма» ойран салғалы тұр деп жеті әкесін қоса боқтап, омырауындағы бүкіл медальді жұламын. Әзіл үшін айтса да киімінен сау тамтық қалмайды. Сөйтіп, жылып-сықтап жүріп әжемді әлгі шалдан алып қаламын.

           Сөйтіп жүргенде әке-шешем қалаға көшіп кетіп, мені мектептен сол жақта беретін болып шешті. Ауылдан әсіресе әженің жанынан шыққым келмейді. Қыркүйек жақындағанда  жаңа киім алып беріп,жүргіншілерге тапсырып, әжем үйде қалды. Ауыл сыртында әуежай болатын. Аты әуежай дегені болмаса екі бөлмелі шифері жоқ қазақы қоржын там. Ауданнан «Ан-2» деген шағын ұшақ қатынайды. Қорсылдап жылап, ұшаққа мінгім келмей, өксік буды. Ол құрмағыр ұшақ кетерде ауылды бір-екі айналып барып қалаға бағыт алады. Алақандай ауыл көз алдыңда тұрады. Әне біздің үй, әне әжем ақ орамалы желкілдеп,қолымен күн көлегейлеп қарап тұр. Бағанағы жылаған жылаған ба, әжеге деген сағыныш, қимастық ағыл-тегіл етті. Немеренің қимастықпен  жылаған дауысын тек аңыраған «АН -2» дауысы басып, дидарын терезеге бұрып әкеткен баланың көз-жасын ешкім аңдамады.

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

525

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз