+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Шотай. Әділетті жеңіс. Жасасын бірінші класс! ІІ тарау


Өткен жылы жағам жайлауда, парталардың арасымен зыр жүгіріп жүргем,  әйтеуір, біреулермен ойнаған болуым керек, бәрі бірдей есімде емес. Кластың шалқасынан ашылған есігінен ақ жаулығын айқара тартқан, тап-тапал қара кемпірдің басы көрінеді. Бейтаныс біреумен бірінші тілдесу - жаным сүйетін іс болғасын, қасына жетіп барсам, есіктің арғы бетінде сәліңгірдей тағы бір жігіт тұр. "Жаңа мұғалім шығар" деп тайсақтағам, кемпірдің өзі тілге келе кетті.

- Әй, бала, мұғалімдерің қайда?

- Кеңседе, қазір келеді.

- Мына баланы кімге қалдырып кетем?

"Баласы несі?" Өз құлағыма өзім сенбеймін. Әлде жігіттің де ізіне ерген баласы бар ма? Қараймын, жоқ... Еңгезердей көрінген әлгі "бала" есік алдында түйеше теңселеді. Тырнақтары сояудай екен. "Жезтырнақ па?" деген ой миымның арасын қуалап өтіп, жүйке тамырыммен жүгіре жөнелді.

- Әже, шынымен, біздің класта оқи ма? - дедім қуанышымды жасыра алмай, - маған-ақ қалдырыңыз.

- Ие-е, балам, биыл бірінші рет осы... Ауылсабет айтқасын амал қанша? Түрткілей көрмеңдер, қайта жолдас болып ойнаңдар, біреу тисе жақтасыңдар. Сен өзің кімнің баласысың? - Біртіндеп маған жанаса түскен.

Қуаныштан жүрегім қақ жарыла жаздады. "Не д-деген ғажап?! Әкемдей кісі бізбен бірге отырып сабақ оқымақшы! Әріп үйренеді. Ән сабағында қалай өлең айтпақшы? Үзіліске шыққаны бәрінен қызық шығар... Мұны бірден класқа атаман сайлау керек", - деген шұғыл шешім жасап та үлгердім.

Қоңыраулатып Қарасай ағай да жеткен. Мұндай шәкіртті өмірінде күтпеген болуы керек, бойы өзі құралпы жігітпен иық тірестіріп, аузына сөз түспей, біраз іркілді. Кемпір маған айтқанындай, әлгі алпауытты ағайға тапсыра бастады. Жетектеп балабақшаға әкелген тәрізді қайта-қайта: "Жарығыма пана боларсың, аңқаулау... Өзі нәзіктеу, бұла өскен еді, ағасы, - деп көзінің жасын бір сығып, қол орамалын "мұрныңды сүртерсің" - деп баласына берген. Сосын көзімен балалардың басынан асыра шарлап: - Әлгі Сердебайдың ұлы қайда, оған да тапсырғанмын. - Қарасай ағай көзінің қиығымен мені бір атты. "Құдай тас төбемнен ұрды, бірінші жетіп барып нем бар еді?" Шүйкедей кемпір айналсоқтап жүріп әрең шықты. Шығарында, әлгі жігіттің күректей қолдарына орамалдың бұрышынан саудыраған тиындарды құйып жіберген, анау оны тоқтатпастан шалбар қалтасына сау еткізді. Үйреншікті үлкен кісілердің дағдысы, есімізден айрылып есеңгірегендей отырмыз.

Ағай саусақтарын сытырлатып, "ым-ым" - деп тұрып жігітке иегін бір қағып ертіп кеткен, енді қарасақ жоғарғы класс оқушыларына арналған қайықтай партаны көтере тартып келеді. Шетімізден ілгері жылжи ығысып артымыздан орын бердік. Анадағы келетін "ініспектр" деген кісі секілді, тек киімдері көнелеу.

- Туған жылың? - Ағай сабақ бастамастан бұрын сауалдар қойған. Жігіт тапжылмастан отыра берді. - Түрегеліп жауап беру керек.

Үлкен парта салдыр-гүлдір...

- Білмеймін, апам айтады, тышқанның жазында, Шалаудың қойына көмекші шопан едік. Ақтабанның шұңқырында тудың деп.

Кластың ішін күлкі кернеп кетті. Ағай да рақаттанып қалған. Осындай қызықтың болатынын күні бұрын сезген жүрегім өзімде емес, аттай шабады. Басылып, байсалды кейіпке түскен ағай саусақтарын бүгіп санап тұрды да: "Он беске шығасың, ә", деген күйінде тысқа беттеді. Сірәсі "оқытуға бола ма, жоқ па?" деген оймен кеңсеге тартпаса? Бір қауым уақыттан соң, мектеп мұғалімдерінің тайлы-таяғы қалмай директор, бастаған шағын топ класқа кіріп келді. Бейтаныс балаларды саралай қарап, көзі үйреніспеген бөлменің бұрыш-бұрышын ұрлана барлаған жігіт, үйме-жүйме қалың топты көргенде орнынан атып тұрып:

- Ассалаумағалейкүмдер! - деп үйіне қонақ келгендей алдарынан шықты.

Үйректің балапандарындай қыт-қыттап мәз боп қалдық.

- Ойбай, қарағым-ау, мынау Ақ теңізден келген Ломоносов қой. - Директор ағай емініп тұрған екі қолды жымиып барып алды. - Атың кім?

- Шотай.

- Шотай, Шотай, Шотай... - Жабыла жаттап алдық.

Не костюміне, не шалбарына жайғаспай тұрған директор ағайдан Шотайдың серейген бойы әлдеқайда биік те, "Қылышқара" атанған еңбек пәні мұғалімінің құлағын қағып тұр. Орнына қайта барудың қисынын келтіре алмай, қысыла, қипақтап жүрген жігітке директор күлімсірей қарап:

- Шотеке, аулыңа қашып кетіп жүрмейсің бе? - деді.

Жігіт "тақ" еткізіп таңдайын қақты да, басын шайқады. "Қашпаймын" дегені.

- Оқимын, - деп айту керек. - Табан астында түзету жасалып жатыр.

- Байқа! - Директор сұқ саусағын сұстана көтерген. - Қашсаң ауылсоветке айтып штраф салдырамыз. Әкеңнің аты кім?

- Айшуақ.

- Значит, Айшуақов Шотай деген азамат сіз боласыз. - Блокнотқа бірдемелерді түрте бастады. - Санау білесің бе, көрші, кәнекей...

Шотай санамас бұрын күректей алақанын баттита жайып, бармақтан бастап бүкті де, заулатып ала жөнелген. Екі қолы жұдырыққа айналған кезде болды ма дегендей класс жетекшіге қарады. "Онан әріні" ағайдың қабағынан көргесін, қолын қайтадан жайып, "он бір, он екі"" деп зулатпасы бар ма?

- Енді саусақтарыңды бүкпей санап көрші? - Мұны айтқан "Қылышқара".

Саусақсыз санап, онға табаны тиісімен, он бірден бір бәленің басын көргендей, қалшиып қатты да қалды.

- Жарайды, интернатқа жатасың. Документтеріңді класс жетекші дайын етер. Әзірге жаңағы партаңа отыр, кейін онан да үлкендеуін қарастырармыз. Сосын... - Директор Қарасай ағайға денесімен бұрылды. - Жалғыз қалмасын, қасына бала қос.

Ол "бала" ауылға қашумен аты танымал, бірінші класты бірнеше мәртебе қайталап оқыған Сәлима деген қыз. Бас-аяғын қосқанда кластың артқы жағына жас отау иелері қоныс тепкендей еді.

Сабақ үстінде көзіміз мұғалімде, көңіліміз Шотай жақта. Неткен ғажайып күй! Құдайдың сақтап бергені мен емес, осы кез Шотай ма дерсің! Ағайдың назарын ала бере жалт бұрылғанымызда, ерте туған бұзаудай өңкиіп, көзімен сүзе қараған жігітке тоқталмай өту мүмкін емес. Сабақ аяқталып, қоңырау соғылғанда, өзгеге  мойын бұрмастан тысқа қарай тартып кетті. Өкшесін басып еріп жүрген біздерден құтылу үшін, адымдай жүгіріп, мектептің бұрышын бір-ақ айналған. "Айдаумен ауылына тартқан шығар" деп артынан барғанда бір-ақ түсіндік. Жарға жанаса түсіп, қайыс белдігін босатып тастапты...

Біразға дейін ойымыз үйренгенмен, бойымыз үйренбей жүрдік. Класс жетекшіміздің өзі кейде Шотайға ұстаз болып ақыл айтады, кейде құрдас адамдай қалжыңдағысы келеді. Үш-төрт күннен соң-ақ:

- Әліппені орталап қалдық, Шотеке, кешігіп жеткен өзіңнен көр. Ілгеріде біреу қонағым аздан жесін деп бауырсақты майдалап кескен екен. Қарны ашқан адам оған қараушы ма еді, бес-алтауын уыстап ауызға тоғыта берген көрінеді. Сонда үй иесі:

- Қонағым, аулыңда өлген кісіні біреуден көмуші ме еді? - деп сұрапты.

- Ә-ә-ә, оны шейт болғандардың денесі біледі. Үлкен болса біреуден, кішілеу жан кездессе, бес-алтауын қосып бір жерлейді, - деген екен. Сондай-ақ, саған да күніне үш әріптен үйретеміз.

Қаншадан үйретсе де, қиналған Шотай жоқ. Үш алады, төрт алады, кейде беске де қолы жетіп қалады. Мұндайда басын костюмінің омырауына тығып жіберіп, "Еһе!" деп мекірене күледі. Класс іші желпініп басылады.

Өзгелерден оқшау жүретін Шотайға өштесіп алған - жоғарғы класс оқушылары. Қоңырау соғылса үйме-жүйме боп, біздің есіктің қыр көзіне келіп тұра-тұра қалғандары. Тысқа шыққан Шотайды, бәйге ат тамашалағандай, қоршап алды. Біреуі мақтайды, екіншісі кекетіп-мұқатады, ол жақ, бұл жағына қол жүгіртіп түртпектейді, аттаса - шалып қалады. Бір күні ойыннан от шықты. Шашын кейін қайырып, мойнына үлкен кісілердің галстугін қылғындыра байлап кекірейіп тұратын Базархан деген жігіт-бала "сор айдап", Шотайға тиіспесі бар ма! Ханның нөкеріндей қабаттасып, артқы жақта тұрғанда, не болғанын да білмей қалдық. Базарханның бақырған даусына мойнымызды созып қарасақ, Шотай әлгінің қолын бұрап жатыр. "Аға, көке" деген сөзіне құлақ аспастан ілгері бір, кейін бір еңкеңдетіп тұрды да, босаған қолымен орайлап тұрып, жақтан тартып жібергенде, зал жаңғырығып кетті. Әлгі байғұс галстук-малстугімен еденге желімделген қағаздай қатты да қалды. "Ойнайсың қасқа атпен!" Бірінші кластың баласы білдей жігітті ұрып жыққанға қораздай қоқиланып жүрміз. "Шаштарын майлап серең-серең еткенмен күштері жоқ екен ғой. Бос кеуделерді біз де ұрамыз. Кішкентай болсақ та тығыршықтаймыз, бұлшық еттеріміз толған күш. Енді тиісіп көрсін!.." Сабақ басталмастан Қарасай ағайдан сүйінші сұрадық.

- Ағай, біз төбелестік!

Әрине, ағай бас-басымызға сүйінші ұстатқан жоқ, қайта түсін суытып, қабағын қатуландырып тұрды да:

- Кімдермен? - деді.

- Оныншы кластың оқушыларымен. Қырып салдық... - Қырып салғанда бір ғана бала ғой. Онда да ұрған Шотай.

- Қойыңдар, әй... Тарихқа жаңалық енгізген екенсіңдер...

- Шын, ағай. Жасасын бірінші класс!

- Жасасын!

Даурыққан класты тоқтатып алып, біраздан кейін істің мән-жайына қанықты. Бізге ұрысқанмен Шотайға ештеңе деген жоқ, қайта қасына келіп басынан сипады.

- Байқау керек... Совет оқушысы былай жасамайды. Комсомол ағаларын құрметтеуге тиіс. Төбелес деген ұят нәрсе...

Ағай сипап кеткен орында "бірдеңе қалды ма?" дегендей, ізінше өз қолымен қайта жүргізіп өткен Шотай, еңсесін төмен салып отыра берді.

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

527

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз