+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Қазақтың екінші Күләші


Ол миллиондаған тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, өнер бұлағымен сусындатқан қазақ сахнасының теңдессiз бұлбұл дауысты әншiсi едi. Оның әуелете шырқаған әнi кәсiби тұрғыда адам жан дүниесiн ерекше сезiмге бөлепелiктiрiп әкетушi едi. Қазақ КСР Халық әртісi, XX ғасырдың үздiк лирико-клоротуралық сопранасы, қазақтың екiншi Күләшi Айсұлу Байқадамқызын кейiнгi жастар жыға тани бермейдi.

 

Дарын иесі 1927 жылы қазан айының 4 жұлдызында Қостанай қаласында дүниеге келген. Әкесi Байқадам Қаралдин, ал анасы Үрзипа Төлебаева көзi ашық, сауатты, өнерлi жандар болған. Осындай отбасынан Бақытжан Байқадамов секiлдi композитор, Данабике Байқадамова сынды заңғар жазушы, М. Әуезовтiң «Абай жолы» роман-эпопеясын қағаз бетiне түсiрген стенографист Күнiмжан Байқадамқызы сынды профессор шыққан. Айсұлудың әншiлiк талантының оянуына оның өскен ортасы өз септiгiн тигiзгенін осыдан байқауға болады.

 

Ол №12 қазақ орта мектебiнiң 1 сыныбында оқып жүрген кезiнде көркемөнерпаздар үйiрмесiнiң белсендi қатысушысы болады. Көрнектi әншi Күләш Байсейiтованың назарына iлiгiп, сахнаның әлiппесiн үйренедi. Сұрапыл соғыс қарсаңында Ахмет Жұбанов басқарған филармонияның халық аспаптар оркестрiне қабылданып, осы өнер ұжымымен бiрге майдан даласында өнер көрсетедi. Майдан даласында ән салып, кеудесiн оқ пен отқа төсеген жауынгерлерге әнiмен рух бередi. Сұрапыл соғыс жылдарындағы табанды еңбегi үшiн қазақ әншiлерi iшiнен Роза Бағланова екеуi II Дүниежүзiлiк соғыстың арда герi атанады.

 

1949 жылы Айсұлу Байқадамқызы Мәскеу консерваториясына түсуге аттанады. Ондағы атақты профессор Валерия Барсова қазақтың қаршадай қызын оқуға емтихансыз бiрден қабылдайды. 1954 жылы Мәскеу консерваториясын қызыл дипломмен тәмамдап, Абай атындағы қазақ опера және балет театрына келедi.

 

Байқадамовтар әулетiнен қазiр жасы тоқсанға келген Күнiмжан Байқадамқызы өзiмен егiз қозыдай бiрге өскен сiңлiсi туралы естелiгiнде былай дейдi: «Мектепте оқып жүргенде Күләш апай даусына ғашық болдым деп Айсұлуды бауырына басып көп көмегiн тигiздi. Күләш Байсейiтова театрда Айсұлуды қуана қарсы алып, «ендi сен «Қыз Жiбек» операсын бастан-аяқ орындайсың деп апалық көмегiн көп көрсеттi. Айсұлу операда ән шырқайтын күнi жұрт кассададан билет таппай жүретiн. Алайда қиындық та өнер иесінің қасынан айналып өтпеді. Байдың қызы, халық жауының қызы деп атақ бермей, көп қудалады. Бiрiншi еңбек сiңiрген әртiс атағын алды, сосын Д. Қонаевтың кезiнде халық әртiсi атағын бердi. КСРО халық әртiсiне лайықсың деп Мәскеу консерваториясының профессорлары қолдады. Күләш Байсейiтова да барынша күш салғанымен, алып бере алмады. Бiр күнi бiзге Мәскеу қаласына шұғыл ұшу керек болды. Мен, Айсұлу және Дiнмұхамед Қонаев үшеумiз оның жеке ұшағымен ұштық. Бұрын сiңлiм болған соң, аса мән бермеппiн, сонда мен Айсұлуды жаңа қырынан таныдым. Димаш ағамен сөйлескенi, пiкiр таластырғаны дипломатиялық жағынан бiлiмдiлiгiн көрiп таңғалдым. Өзi жарты ғұмырын сарп еткен Абай театры оны ұмытып кеттi, не бiр еске алу кешiн өткiзбедi. Еске алуды былай қойғанда, оның портретiн алып тастады, оның сiңiрген еңбегiн туған халқы ұмытты».

 

Оның сахнада ойнамаған рөлi кемде-кем. «Қыз Жiбектегi» Жiбек, «Абайдағы»  Ажар, «Бiржан-Сарадағы» Сара, Е. Рахмадиевтың «Қамар сұлуындағы» Қамар, З. П. Палиашвилидiң «Даисиiндегi» Маро, Н. А. Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығындағы» Марфа, К .Х. Делбибтiң «Лакмесiн дегi» Лакме, М. И. Глинканың «Руслан мен Людмиласындағы» Людмила, Дж. Пуччинидiң «Чио-Чио-Санындағы» Чио-Чио-Санның партияларын аса шеберлiкпен орындады. Тiптi композитор С. Мұхамеджанов «Айсұлу» операсын арнай өнер иесіне жазды. 1955-1969 жылдары Қазақ ұлттық консерваториясы мен эстрада цирк колледжiнде ұстаздық етiп, көптеген шәкiртердi тәрбиеледi. Ол Будапешт, Италия, Венгрия, Франция сынды көптеген шетелдерде өнер көрсеттi. Бүгiнде А.Байқадамқызы туралы деректер жоқтың қасы. Содан болар, Айсұлу Байқадамқызының жарқын бейнесi тарих қойнауына енiп көмескiленiп барады.

 

Айдар Жоранов

 

Суреттер ҚР ОМ КФҚ ДЖМ алынды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1232

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз