+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«АНАҒА ҚОРҒАН, БАЛАҒА ПАНА БОЛҒАН -ҰМАЙ АНА....»


  Әдетте, ертеректе  шыр еткен қызылшақа нәрестенің кіндігін  өмір көрген әзиз әжелер «менің қолым емес, Бибі Пәтиманың, Ұмай ананың қолы»,- деп кесіп жатады. Буыны қатпаса да, денесі буылтықтанып палуан секілді болып тұратын  нәрестенің әрі бері қол-аяғын созып, майлап-сылаудың алдын да осы сөздерді еріксіз тілінен шығарады. Халық жадында ана мен баланың пірі болған Ұмай ана үкі қауырсынымен жын-перілерді аластаған деген аңыз қалған. Жүкті әйелдер босана алмай жатқанда бақсылар айнала билеп, үкінің қауырсынымен  жас ананың қарынын сабалайды екен. Сол кезде жеңіл босанады деген түсінік болған. Арада сан ғасырлар өтсе де ол ырым дәстүрімізде жалғасып келеді. Үкі- қазақ үшін қасиетті құс. Оның қауырсынындағы бедер, құранның құпияланып жазылған нұсқасы деп баланың бесігіне, бас киіміне таққан. Сонымен қатар бақыт, табыс әкеледі деген сеніммен ақын, әншілер бас киімдерін, домбыраларын үкілеген.  «Қамажай» халық әніндегі «Басында Қамажайдың бір тал үкі» деп басталатын тармақ сөзімізді айғақтай түседі. 

Басында Қамажайдың бір тал үкі

Айрылып Қамажайдан болдым күлкі

Айрылып Қамажайдан отырғанда

Келеді қай жерімнен ойын-күлкі»,- деп басталатын халық әні баршаға таныс. Ауылда  мектепте оқып жүргенде сыныптың қыз-қырқындары осы «Қамажайды» билеуге ерекше құлшынып тұратын. Біреулері ақ колготкимен мектептің ойдым-ойдым еденіне тізесін қойып құштарлана билеп жатқанына таң қалып, қарайтынбыз. Ол аздай би кезінде айнаға қарайды, шашын тарайды. Қысқасы, Ұмай ана, бала мен ана, «Қамажай» әні күллі әйел тумысының  еншісіне таңылған түсінік ретінде қабылдайсың. Деседе «дана да, батыр да анадан туады» деген сөз еске оралғанда еңбектеп барып анаңның етегіне бір сәт қайта оралғың келеді. Себебі біздің әрқайсымыз есейіп кетсекте біз сізге сәбиміз -Ұмай ана - Әзиз ана!      

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1891

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз