+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Ғарышкерлер мәзірінен орын алған құрт

  • Дүйсенбі, Қазан 05 2015

«Құрт» сөзі құрғақ, кептірілген сүт мағынасын береді. Ол кальций мен ақуызға өте бай болғандықтан, оны Кеңес үкіметі кезінде ғарышкерлер мәзіріне қосқан. Бүгінде құртты елімізде ауылшаруашылық кәсіпорындары өндірістік дәрежеде шығарып жүр.

 

 

ДАЙЫНДАУ ТӘСІЛІ

Пісіліп майы алынған айранды қайнатып, кенеп дорбаға құйып бірер күн суалтады. Кейін мол етіп тұздап, қолдың алақанымен пішіндеп өреге жайып, кептіреді. Бұл тағам ақуыздарға өте бай. Дайындалу уақыты 2-3 күнге созылады, құрттың дайындалу уақыты өңірдің климатына да байланысты болмақ. Аздаған айырмашылықтарына қарай, сықпа, ақ, қара, майлы құрт деген түрлерге бөлінеді. Құрт ұзақ уақыт сақталатын тағам. Кейде 2-3 жылға дейін құнарлығын жоймайды.

 

 

 

 

Құртты өз алдына толыққанды тойымды жеңсік ас деуге де болады. Сондай-ақ, оны ыстық сорпаға қосып, езіп ішеді. Ет тағамдарына таптырмас қосымша бола алады.

 

 

 

 

Жас құрт. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп, бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе, кепкен қаттылау құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін өте кенеулі ас саналады. Ертеректе жас құртты мипалауға, құйрық-бауырға қосқан. Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасайды, ауырған малға ішкізеді, әйелдер бас жуады және одан тері илеу үшін малма жасайды.

 

 

 

 

Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін ас. Көбінесе өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.

 

 

 

 

Сықпа құрт. Мұның қайнатқан құрттан айырмашылығы, ашыған айран қапқа құйып сүзіледі де тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп, тақтайшаға кептіріледі. Сықпа құрт та бастырма ретінде пайдаланылған. Мұндай құрт жайған әйел ауыл балаларына арнап құрттан дөңгелек жасап, оны жіпке тізіп мойындарына іліп берген. Міне, осындай қуанту салты болған.

 

 

 

 

 

Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт астауға салып ұнтақталады, келіге түйіледі немесе қол диірменге тартылады.

 

 

 

 

 

Ұнтақ құрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.

 

 

Құрт-май. Сары майға батырып жасайтын кепкен сықпа, жалпақ құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да құрт-май деп аталады.

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
2717





Пікір қалдырыңыз