+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Әбілқайыр хан жұмбағы


Ол жайлы не білеміз?!


Әбілқайыр феноменін танып-білуге ұмтылыстар толастар емес, солардың бірі – жақын арада жа­рық көрген профессор С. Мәшім­баевтың зерттеуі (Әбілқайыр хан.
Астана, 2007.).

 

Жеті тараудан тұратын кітапта XVІІІ ғасырдың 30-жылдарын­да­ғы кіші жүз бен орта жүзде қа­лыптасқан саяси, экономикалық ахуал, Әбілқайырдың шыққан тегі мен ортасы, көрші халықтармен, Ресеймен қарым-қатынасы, Орын­бор әкімшілігі мен хан сая­саты арасындағы қайшылықтар, ханның қолбасылық, мәмілегер­лік қырлары түрлі зерттеулер мен мұрағат мағлұматтары негізінде пайымдалып, бұл мәселелер төңі­ре­гінде автор өз пікірлерін білдіреді.



Отандық және шетелдік зерттеулерде Әбілқайыр ханның тарихтағы орны, қайраткерлігі мен адами кескін-келбеті көпші­лік жағдайда Қазақстанның Ресей империясының құрамына «енуі­не» байланысты анықталып ке­ле­ді.
Бұл орайда ханның Ресей про­текциясында болу туралы өтініші орыс бодандығын қабылдау ре­тін­де суреттеліп, «бодандық» ка­те­гориясына басқаша сипат берілуде.

 

Шындығына келсек, Әбіл­қайыр­дың анталаған жаулармен алыса жүріп жасаған жанкештілік қа­дамында заңдылық та, кез­дей­соқтық та баршылық. Бәрінен бұрын Әбілқайырдың өтініші шығысқа қарай бет алып келе жат­қан мемлекеттің шапқыншы­лы­ғының алдын алған шара бо­лып табылады. Қазақ даласы ерте ме, кеш пе орыс мемлекетінің экспансиясына ұшырайтындығы белгілі еді.

 

Сол кезеңнен бастап бұл оқиға еркіндікті бәрінен де жоға­ры ұстаған қазақтар үшін де жауа­бы жоқ сұраққа айналды. Қазақтармен бірде құдандаласып, бірде жаға жыртысып келген көрші башқұрттардың қанша көтерілсе де отарлықтың қанды шеңгелінен шыға алмағанын көре тұрып, торға өзі барып түсуіне нен­дей жағдай итермеледі, не түлен түртті? Дау-дамайдың да, айтыс-тартыстың да нобайы осы сұрақ төңірегінде.

 

Тарихи құжаттар Әбілқайыр Ресей протекциясын сұрауға шын ниетімен бармаған, ондай қадам жасауға мәжбүр болған деген тұжырымға итермелейді. А. Тев­ке­левтің «Неліктен сіз басқа хандар мен сұлтандардың, беделді стар­шындардың келісімінсіз бұл іске (яғни, Ресей бодандығын қабыл­дауға.) бардыңыз?» деген сұра­ғына, Әбілқайыр «Жылдар бойы қонтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес… Оның үс­тіне Еділ қалмақтары, башқұрт­тар, Бұқара және Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық» деп жауап береді.

 

Бұл жағдайлар – ешкім жоқ­қа шығара алмайтын объективтік шындық. Оның үстіне Әбілқайыр­дың Ресейге бет бұру се­беп­терінің бірі – оның басқа қазақ хандарының алдына шығуға, оларды өз билігіне бағындыруға тырысушылығы болды делінеді. Кіші жүз ханының бұл қасиетін аталмыш оқиғада басты фактор болды деп санауға ешкім сене қоймас, себебі ел басқарған адам­ның билікқұмарлығын қоғам дамуына кереғар келмесе, теріс мағынада түсіндіруге негіз жоқ.

Әбілқайырдың өтініші бойынша қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі 1731 жылы 19 ақ­пан­дағы Анна Иоановнаның грамо­тасында мынандай шарттар қойыл­ды: а) башқұрттар секілді қызмет ету және салық (ясақ) төлеу; ә) жаулар ша­буыл жасағанда орыстар тарапы­нан әскери көмектің көрсетілуі; ал өздерінің (яғни қазақтардың) башқұрттар, қалмақтар және Жайық казактарына шабуыл жасамауы; б) орыс тұтқындарын қайтаруы және орыс көпестері мен сауда-керуен­деріне зәбір-жапа, қысым көрсетпеу, қайта қазақ ауылдары арқылы өт­кенде оларды қорғау және сауданың дамуына қолдау көрсету.

 

Орынбор әкімшілігінің басшы­ларымен болған келіссөздерде «Мені қан майданда жаулап алған жоқсың, орыс бодандығын өз еркіммен қабылдадым, Түркістанға көшіп кетсем, орыс үкіметі мені қай­тара алмайды» деп ашу шақыр­ғанда, Әбілқайыр әлі де болса Ресей билігінің құлақкесті құлы еместігіне кәміл сенді. Оны А.Тевкелев те растайды.

 

Ресей көмегіне сүйену арқылы қа­зақ жерін қоршауға алған жау­лардан құтқарамын деп абайсызда бодандық торына түскен Әбілқайыр ханның бұл әрекеттері патша өкіметі тарапынан ескерусіз қалмады… Отар­лықтың сойылын соғып, бас пайдасының қам-қарекетін ел мүд­десінен жоғары қойған, кеудем­соқ­тық пен көреалмаушылықтың құлы болған Барақ сұлтан уақытша болса да тарих сахнасына шығады. Оның жасақтарымен бірге 1748 жылы тамыз айында Әбілқайырды өлтіруі Ресей отаршылдығының мүддесіне толықтай сай келді.



Әбілқайыр қазақ жерінің бүтіндігін сақтауға, бір орталыққа бағынған қуатты қазақ хандығын құруға тырысты. Оның барлығын сол замандағы өз танымы, өз пайы­мы тұрғысынан, Ресей көмегі арқылы жүзеге асыруға әрекеттенді. Бірақ ол оқиғалар шырғалаңынан шыға алмады, бір халық келіп екін­ші халыққа жұмақ орнатпайтын­ды­ғы туралы философиялық ой-пікір болашақтың сыбағасында қалды. Әбілқайыр ханның мысалы ел тәуел­сіздігін күмәнді есептерге негіз­делген саяси ойын құралына айналдыруға болмайтындығын көр­сетеді. Тарих мемлекет егемендігіне балама жоқтығын дәлелдейді.


Ол еш­қашан да жеке басының мүддесін өз халқының мұң-мұқтажы мен ар-намысынан артық көрген емес.
Оған бір ғана мысал келтіре кетейік. 1747 жылы, яғни ажалынан бір жыл бұрын өз ордасында өткен кіші жүз бен орта жүз сұлтандары мен старшындарының жиналысында Әбілқайыр: «Мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға да бармын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақыра­мын» деп сөзін аяқ­тайды. Ханның бұл үндеуі – бүгінгі күні де өзекті.



С. Мәшімбаевтың зерттеуінде келтірілген мағлұматтар Әбілқай­ыр ханның орыс патшасынан әс­кери одақтастық, тіпті, әрі кет­кенде
«протекторат» жөнінде ғана сұрағаны туралы концеп­циялық тұжырымды растайды. Әбілқайырдың 1748 жылдың маусым айының аяғында Орын­бордан И.Неплюевпен қоштас­пай кетіп қалуы «бодандықта» болудан біржолата бас тартуы деп түсінген жөн. Хан онымен де, А.Тевкелевпен де келіссөз­дерінде алдына қойған мақсатын орындамай, болашақ ұрпақ ал­дын­да абыройсыз болудан «өлім­нің артық екендігін ашық айтады.

 

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,

 

тарих ғылымдарының докторы,

профессор.


alashainasy.kz


Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

532

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз