+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Желге ұшқан уәде


1933 жылы Мирзоян Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ғабит Мүсіреповті Ташкентке Темірбек Жүргеновті елге қайтару үшін үгіттеуге іссапарға жібереді. Ол кезде Темірбек Өзбекстаннның наркомы (білім және мәдениет министрі) қызметін істеп, абыройы асқақтап тұрған кез. Өзбекстанға дейін ол Тәжікстанда қаржы министрі қызметін атқарған. Парсы тілін бала күнінде Тұрмағанбет Ізтілеуовтен үйренгендіктен, тәжіктер арасына да тез сіңісіп кеткен. Ғабит Мүсірепов Ташкентте Темірбектің үйінде екі-үш күн қонып, жұмысқа барса жұмысқа, үйге келсе үйге Темірбектің қасынан қарыс-қадым қалмаған. Темірбек тікелей Мирзоянға звондап, үш шартын қойған.

- Бірінші шартым, әкем Қара деген кісі Сыр бойында мыңғырлаған малы бар дәулетті адам. Ертең елге барғасын «байдың баласы», «халық жауы» дейтін болсаңдар, қазір айтыңдар Ташкентте қаламын, - деген.

- Келістік. Олай айыптамауға жол бермеймін, - депті Мирзоян.

- Екінші шартым. Мен Мәскеудегі  Орталық бюроға мүше болуым керек.

- Неге? - деп Қазақстанның бірінші хатшысы таңданыспен сұраған.

- Қазақстанның білімі мен мәдениетіне бөлінетін қаржыны екі адам ғана шешуі керек. Бірі - Мирзоян, екіншісі мен Жүргенов. Үкімет басшысы Орталық бюроға мүше лауазым иесінің үстінен қаржылық құжаттарға өзгеріс енгізе алмайды. Қысқарту жасай алмайды.

- Жарайды. Келістік.

Үшінші шартты да айтқан. Алайда, ұмытыңқырап қалыппын.  

Сонымен не керек, 1933-37ж. еліміз бойынша 4 мың мектеп, Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы технологиялық университет, агроуниверситет барлығы 7-8 жоғарғы оқу орнының салынуына мұрындық болып, 10 жылдық мектептің оқулықтарын жазуға барлық зиялылардың басын қосып, Абай атындағы опера және драма театрын салғызып, Жамбыл Жабаев,  Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Ғарифулла Құрманғалиев секілді мықты өнер иелерін Мәскеуге еліміздің мәдениет онкүндігіне өткізуге апарады. «Ескіліктің насихатшысы» деп айыпталып абақтыда жатқан Тұрмағанбетті босатқызады.  Тұрмағанбет Ізтілеуовке  Фердаусидің «Шахнамасын» аудартады.  НКВД ілікті осы жерден табады. Жүргенов  Ізтілеуовке зейнетақы тағайындау жөнінде шешім қабылдаған еді. Сол қағазды тіміскілер наркомның тартпасынан тауып, басын шырғалаңға салады. Негізі, осы кезде Жүргеновтен «халық жауын» шығару туралы Мирзоян тапсырма берген еді.  Уәде желге ұшады.

 

 НҰРЛАН СОҢҒЫБАЙҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

349

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз