+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Адам қасіреті мен аққу қасиеті


Аққуды киелі құс ретінде қазақ халқы ежелден қастерлеп, «құс төресіне» оқ атпаған. Оны атқан адамды оның киесі ұрады деп есептеген.

 

Халықтық музыка тарихында аққу бейнесі жиі кездеседі. Көптеген композиторлардың домбыра немесе қобызға жазған «Аққу» күйлерін естігенде, біз киелі құстың дауысын, қанатының қағылғанын, сұлу кербездігін елестетеміз. 

 

Әйгілі Ықылас Дүкенұлының қобызға арналған «Аққу» күйінде мынадай аңыз баяндалады:

 

Бұрынғы жаугершілік заманда ел үдере көшкенде бір жетім жігіт шешесі және қарындасымен жұрттан қалып қояды. Жігіт оларды құс атып, аң аулап асырайды екен. Бір күні ол құс атайын деп көлге келсе, ұшып жүрген бір аққуды көреді. Оны атып алмақ болады. Бірақ оғы аққуға тимейді. Мылтықтың даусынан шошынған аққу көл сабалап ұша жөнеледі. Жігіт ұшқан аққуды тағыда атады, бірақ оғы дарымай, аққу жоғары самғап ұшып кетеді.  Жігіт көкшолақ атына мініп, аққудың соңынан шаба жөнеледі. Аққуға жете алмай, шаршап-шалдығып қайтып кетеді. Олжасыз келген жігітті көрген шешесі мен қарындасы енді қайтіп күнелтеміз деп қайғырып, жылайды. Қарындасы мен шешесі жылағанына шыдамай, мұны көріп өлгенше, көрмей өлейін деп көкшолағына мініп, шаба жөнеледі. Жігіт шауып келе жатып, ел тонап жүрген бес қарақшы кезіктіреді. Қарақшылармен жекпе-жек соғысып, ақыры олардың бәрін жеңеді.

 

Сөйтіп, жігіт аман-есен шешесімен, қарындасымен табысып, ел қатарына қосылған екен дейді. Осылайша, ел аузындағы аңыз-әңгімені Ықылас күй етіп сөйлеткен екен.

 

Бұл жердегі жігіттің оғы қанша атса да аққуға тимеуі, аққудың киелі құс екені, аққудың өмірі сақталғандықтан, жігіт кейін отбасымен жақсы өмір сүріп кетуі – бекер келтірілмеген...

 

Төмендегі видеодан осы аңыз-әңгіменің әр эпизодына шығарылған күйдің мағынасына қаныға аласыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1505

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз