+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Бас тартудың тарихы


Қазақ халқы құрметтеген қонағына қойдың басын тартады. Мұндай кәде тек қазақта ғана бар. Қырғыздар да бас тартады, бірақ олар оны сыйлы қонағына емес, балаға береді. Бас пен жамбас сүйек еш уақытта ажыратылмаған, екеуі бірге жүреді. Өйткені бастың өзін аяқпен жалғап көтеріп тұрған ең буынды жалпақ жілік – жамбас. Еті әрі қоңды, әрі жұмсақ. Бастың құйқасын күйдіріп алмай үйітіп, қылшығын қалдырмай жуып, жігін қуалай айырып, кеңсірігін сілкіп, көзінің шелін ағызып, тісін қағып, бөлек қазанға суық суға салып асады. Тұзын татытып, қанды көбігін алып тастап, бүлкілдете қайнатып, құйқасын сылып алмай былбыратып пісіру – ас әзірлеушіден едәуір шеберлікті талап етеді. Жұмсақ болып, әрі тезірек пісу үшін сорпаға бір ас қасық су араласқан сірке суын немесе лимон шырынын, тіпті болмаса бір шай қасық ас содасын қосып жіберуге болады. Дұрыс піскен бастың құйқасының шырыны қолға жабыспайды. Алдына бас келген адам оны жайдан-жай жей бермейді. Құрметтеу бар да, құрметке лайық болу бар. Басты жөнімен бөліп, үлестіре білудің өзі – үлкен сын. Сыннан сүрінсе – кісілігіңе тағылған мін. Демек, бас ұстауға да бас керек. Бір ескерте кететін жағдай, қаншама жолы үлкен болса да, әкесі бар кісі, күйеуі тірі әйел бас ұстамайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

701

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз