+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«Білім және Мәдениет» арнасында ұлы дала шежіресінен сыр шертетін бағдарлама

  • 21.12.2015

«Білім және Мәдениет» арнасының ұжымы ғасырлар қойнауынан сыр шертетін жобаны қолға алды.

 

«Летопись степи» деп аталатын бағдарлама құнды жәдігерлер арқылы тамыры тереңде жатқан қазақ елінің тарихына бойлайды. Бүгінде еліміз бойынша 60-қа жуық музей бар. Жоба авторлары халқымыздың сан ғасырлық мұрасын көздің қарашығындай сақтап келген мәдени-рухани мекендерді аралап, тың деректермен бөліседі.

 

Еліміздегі музейлер – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Тарихи-мәдени бұйымдарға бай мекендер көне жәдігерлерімен құнды. Өйткені мұндағы әрбір заттың өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі, ерекше оқиғасы бар. Осы ретте білім және мәдениетті дәріптейтін арна ұжымы еліміздегі музейлерді аралап, көрерменге тағлымды бағдарлама ұсынды.

 

Дана Рысмұхамедова,«Летопись степи» бағдарламасының авторы:

 

- Өкінішке қарай, бүгінде телевизиялық деректі жанр ұмыт қалды. Есесіне жеңіл-желпі дүниелер қаптап кетті. Дегенмен көрерменнің ой-өрісін кеңейтіп, рухани азық болатын сапалы жобалар ауадай қажет. Арна басшылары да осыған ерекше мән беріп отыр. Өйткені кезкелген азамат өз елінің тарихын білуі тиіс.

 

Жоба авторлары сирек кездесетін экспонаттардың сыры неде, көне жәдігерлерде қандай құпия сақталған деген сауалдарға жауап іздеп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму тарихын тілге тиек етеді. Танымал тұлғалардың жеке заттарын зерттеп, көпшілікке беймәлім, қызықты оқиғалар баяндалады.

 

Болат Шайхинов,«Стратегические коммуникации» медиа-агенттігінің директоры:

 

- Тарихта ұсақ-түйек деген болмайды екен. Кішкентай заттың өзі үлкен оқиғадан хабар беруі мүмкін. Ең қызығы, ол туралы ешбір кітапта жазылмайды. Мұражай қызметкері сол жәдігермен байланысты оқиғаны тәптіштеп айтып бергенде өзім де таңқаламын.

 

Ұлы дала шежіресінен сыр шертетін бағдарлама авторлары Қазақстанның барлық қалаларын аралап, аймақтық музейлерді қамтымақ. Қазірдің өзінде көзі қарақты көрермен Қарағанды мен Көкшетаудың тарихи-өлкетану мұражайын тамашалап, тың дерекке қанықты.

 

Авторлары: Жадыра Медетбек, Наурыз Базаров

24.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
Жарияланды: БАҚ біз туралы

Loading...

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз