+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



"ӨМІР ӨТТІ-АУ ЗЫРҒЫП АҒЫП......"


«Бір күні сазгер Бағлан Омаров шақырды. Ол маған ақын Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған «Бір қуанып...» деген әнін ұсынды. Әуенді бірден ұнаттым. Сөздері көңілге қонымды, аса шебер жазылған екен. Әнді тыңдаған соң, Есенқұл ағамен кездестім. Екеуміз бірге шай ішіп, ұзақ сырластық. Ол кісінің айтыстарының кейбір шумақтарын жатқа оқып бердім. Есаға маған таңғалды. «Сені жай ғана әнші екен десем сен сөз құдіретін түсінетін жан екенсің ғой», – деді. «Мына өлеңге шамалы өзгеріс керек сияқты» деп едім, дереу қаламын алып, «Ескі доспен кездескен де есің шығып шын қуанып, Қайран өмір сонша сүйген, кетесің-ау бір күн ауып. Ғұмыр өтті зырғып ағып....» деп осы екі жолын маған арнап өзгертіп берді. Бірден Лұқпан Жолдасовқа барып, гитарамен сүйемелдетіп айтып шықтым. Кейіннен әнді жаздырғаннан кейін өзіне тыңдатқанымда, Есаға қатты қуанды, тіпті көзіне жас алды. Жалпы, екеумізді осы ән тоғыстырды. Жақынымдай боп кеткен Есағаммен кездескен сайын Әселхан апаймен айтысқанда айтқан әзілдерін айтып ішек-сілесін қатырушы едім.

 

Ал, соңғы рет 31 арна «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасында кездестік. Әнін орындаған соң, құшақтап құттықтадым, денесі дірілдеп толқып тұрғанын байқадым. «Аға ризасыз ба?», – деп едім, «Ризамын, бауырым», – деп күлімдей қарады. Сол кезде 5-6 сағаттық қана өмірі қалыпты ғой. Құдды кеше ғана сол кездесуде болғандай, Есағамның бейнесі көз алдымда.

 

Есаға – өте жақсы адам еді. Жаны жайсаң, қарапайым жан еді. Өзі өмірден өткенімен, оның жалын шығармалары мәңгі есімізде қалады. Есенқұл Жақыпбектің жырларының үні ұрпақтан-ұрпаққа жетеді деп сенемін.»

 

 

Мейрамбек БЕСПАЕВ  әнші.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

616

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз