+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Жаңа жыл оқиғасы


Ағайымыз: "Жаңа жылдық жиынға жұлым-жұлымдарың шықпай, ақ көйлектеріңді киіп, әдеміленіп келіңдер" дегесін, әжем "дұшпан көз" дейтін қатырма жағамды үстіме іліп, шалбарымды шоқ өтекке мыжғылатып, табаны таздың басындай жалтыраған ақ жағал етігімді тазартып, кластың есігінен кіре бергенімде, "Қарасақау" атанған бір бала жүйке тамырыңа тиетін жіп-жіңішке даусымен: "Сақтапбелген, кешеді батпақ белденге" салып, құлағымды сарсытқан ескі әуенге басты-ай келіп. Өлеңдегідей күйім болса үндемес-ақ едім, тап-таза киіміме қалай араша түспейін, жыным тырысып, жұдырығым түйіле бастаған. Мектебімізге айқай салып кетпесе, көңілі көншімейтін жуан шешесі ойыма түсіп, жаймен ғана: "Қойсайшы", - дедім. Анау ішектей ыңылдатып қыл қобызын тарта берді. Енді кешіксем, қалған балалар да хорға қосылатындай тамақтарын кенеп жатқасын, "тәуекел" деп қойып кеткем. Көзімді тіккенім - ұзынды-қысқалы сиырдың емшегіндей салбыраған жағалар. "Әп" деп, Қарасақаудың тамағына тіреп ұстағам. Оның да қисық саусақты кішкене қолдары тышқанға құратын қақпандай шалт екен, көйлек сыртынан киген қара велветкамның қалтасына шап етті. Қанша жұлқып тартсам да "сиыр емшектер" мықты болып шықты, екі қолымды емізіп, елең қылмай тұр. Қайта менің төс қалтамның жел-құз желілеген талай жылғы тамыры үзілгендей, сытырлап қоя бермесі бар ма?

- Жібер, қалтамды жырттың!.. - Киімі түскірге ішім удай ашиды.

- Білінші өзің жібел! - Ол да біреу-міреу ажыратып жібере ме деген есек дәмемен балаларға қарап қояды. - Тап бал ғой, ағайға айтам.

"Ағай" дегесін алпыс екі тамырым "балқып", жүйкем босап, айбарақ жасап бір нұқыдым да, жіберіп қалғам. Ит таластырғандай уақыттарын көңілді өткізіп тұрған балалар шу ете қалды.

- Анаң қара!..

- Ананы қара!

Қарасам, алақандай қалтам Қарасақаудың қақпан қолдарына киіз түндіктей қыстырылып қалыпты. "Шынымен менікі ме?" деген оймен омырауымды шолсам, жіптері ағып, орны "жылап" тұр.

- Тап сенің! - жан-дәрменмен қайта ұмтылғанда, құланның қасуына, мылтықтың басуындай вожатый апай кіріп келді. "Вожатый" дейміз-ау, қыраулы қыста да мұрнының ұшы тершіп жүретін, өзімізден төрт-бес жас үлкендігі бар, Сүлейменқұлдың Әтей деген қызы. "Көршіміз ғой, маған не қылсын" деп, мұнымен де бұрын қырғиқабақ едім, енді қылмыс үстінде ұсталып, сызылдым да қалдым.

- Жаңа жылдарың құтты болсын! - Тілі ап-ащы қыз Сүлейменқұлдан аумайтын көкшіл көздерін сүмелектеп тұрған екеумізді өңмеңдете қадаған. Қарасақаудың қолындағы тәберіктей тәптіштеп жыртылған қара барқытқа көзі түсіп, мерт болған кімнің мүшесі екенін біле қойды.

- Бұл не, Түгелбаев?..

- Селдебаевтың қалтасы. - Қарасақау кеселімді кесіп алғандай вожатыйға беріп жатыр. - Өзі ғой білден төбелескен...

- Бірінші, апай, өзі мазақтады.

- Не деп?

"Апай да қызық, Қарасақаудың сөзін қалтасына салып ала кететіндей".

- "Сақтапбелген, кешеді батпақ белден" деп.

Алдыңғы партада, көптен жуынбағаннан бейнесі көмескі тартқан, жұртта қалған бәтеңкедей аузы үнемі ашық жүретін Мырзалы деген бала бар еді. Кертік мұрыннан "ақ боз ат, көк боз атын" қатар жарыстырып отырып, "Уақ" етіп күле бергенде, өз "байлығына" шашалып қарадай әлекке түсті. Осы абыройсыздығымен, "Өндіріс" атты қасиетті есімге ие болған. Мырзалыға: "Шашалсаң - өл" деп тұрмын. Парталарында тып-тыныш қана кино көргендей қызықтап қалған басқалардың өмірі - қол жетпестей арман! "Елка, Аяз Ата" дегендерің мұнан қызық болмаса керек, бағанағы даурығып жүргендер естерінен айрылып, көздерін бізден алмайды.

...Апай жазаның қай түрін берерін білмей, қасымызда сипақтап біраз тұрды да, кең залдағы қызықтан қалмаудың шарасын жасады. Екеумізді кластың екі бұрышына ұйықтаған үйректей бір аяқтатып қойып, балаларды ертіп шығып кетті. Ешкімнің ойында жоқ қарауылдыққа сұранған Мырзалы, бізбен бірге. Қылт етсең: "Ойбай, апай, әне қара, етігінің ұшы еденге тиіп дем алып тұр, оң аяғын сол жағына ауыстырып қойды" деп тұра шабудан тайынбайды. Ақиретті көріп, азапқа түскен Қарасақау қулыққа басып: "Өнділіс, балып елке көлсейші!" - деп алдаусыратқан. Анау көнер емес, "Ә-ә, қулар-ай!" дегендей ыржия күліп, басын шайқайды. Оң аяқтың бұлшық еттері түйіліп, беліміз бұралаңдай бастаған. Солға қарай ауысып тұруға болмайтынын жақсы білеміз. Қарасақаудың сиыр емшек жағалары бұрынғысынан да бір елі ұзара түскен тәрізді, қимылдап кетсе, салп-салп етеді. "Опат" болған омырауымды басып, қисалақтап мен тұрмын. Жылп етіп келетін бала қимылынан өзгешелеу сықырлап, тақтай есік самарқау ашылды. "Енді не бәлеге қалдық?" деп, бойымды үрей билеген. Қабақтарын қусыра түйіп жүрсе де, ешқашан езуі жиылмайтын еңгезердей Шотай. Мырзалы иесіне еркелеген күшіктей орнынан секіріп тұрып мәз болып қалған. Тиімді сәтті пайдаланып, аяғымызды еденге еппен басып, тартылған тамырымызды созып, тіземізді жазып алдық. Күлімсіреп кірген Шотай ешкімге назар салмастан,  қадамдаған күйінде, Мырзалының қасынан бір-ақ шықты. "Күзетті күшейткен екен" деп ойлағанымызша, күліп тұрған Өндірістің желкесінен қысып ұстап, "апайға айтамға" шамасын келтірместен, есіктен әрі ытқытып жіберді. Сосын етігі қолпылдап, қасымызда қарап біраз тұрған. "Еһе-еһелеп" селкілдеп күлді де: "Ағай келді, сендерге шықсын дедісін" сәлден соң айтты. Беліміз талып, тамырымыз құрысқан біздер, кирелеңдеп барып, қалың тобырға қосылдық.

Бар қызығы өтіп, базары тарқайын деп жатыр екен. Мүше үлестіргендей подарка беретін тартысты кезеңге ілініп, басымызбен қойып кеткенбіз. Байқастап қарасам, биылғы Аяз атамыз да жер шарының әлемішті глобусындай айғыз бет Тауасар. Қыс келсе Тауасарға арнап елка жасап, есі шығып жүргендерге таңым бар. Осыншама қошеметке қалайша қолы жеткені белгісіз. Тауасар мектеп бітіре кетсе, Аяз аталықты өзім атқарсам деген ой да жоқ емес. Жылда қалта арқалағанға үйренген Тауасар, оңайлықпен қолынан дорбасын бермес. Қазір трактордың иінді валындай келеңсіз ұзын қолдарын қызыл қалтасына бойлата сұғып, балаларға базарлық таратып жүр. Кәдімгі пряник пен кәмпит, жұрттың алақанынан алғасын жұтынып барамыз.

- Маған... маған-н...

Бір пряник, екі кәмпиттен аумай-төкпей үлестіріп келген Тауасар, қалт етіп тұра қалды да, мойнын созып әлдекімдерді іздей бастады. Орта шенде өрелері жетпей өңмеңдеп жатқан екі інісінің алақанына уыстап тұрып салмасы бар ма. "Аяз аталығын" қайтейік, тұс-тұстан шулап, кеттік.

- Ағай, ағай, Аяз ата інілеріне таратып жатыр.

- Әне, қараңыз, қалталарына сыймай, ауыздарына тыққан.

- Әй, қой. Қоймайсыңдар ма? - Ашулы Аяз атаның жапсырған сақал-мұрттары жыбырлап кетті. - Қазір далаға шығарсаңдар. Көрсетемін сендерге... Ауыз-мұрындарыңды помидор қылмасам ба? - "Несі бар, помидор да жаман тамақ емес".

Адамгершілігіне дақ түскен Аяз ата не айтып, не қоярын білмей абдырап тұрды да қалды. Кеңседен шыққан мұғалім бәрімізді қайта тыныштандырды.

-                            Жылына бір-ақ рет келетін Аяз аталарыңды құрметтеңдер, қане, тағы бір билеп, ән салайық!

 Қолдастырып елканы айнала жүргізді. Арамыздан Айсұлу деген қыз шығып "Боз бие" өлеңін айтып, бір ауыздан "Боз бие" деген ат және бір кәмпит алған. Айсұлудан қалғысы келмеген Зейнеш:

                 Дарияның бетінде аққан сең бар,

                 Алақандай бетімде қара мең бар.

                 Менде сендей біреудің жас баласы,

                 Көлеңкемнен аулақ жүр, менде нең бар? - деген ұзынсонар айқайдан кейін, атамызға дәмете қараған. Тауасардың кәмпиттері таусылған болуы керек, қызыл қалтаны түбінен ұстап сіліккенмен ештеңе түспеді. Дередей білекті омырау тұсына сүңгіте сұғып, жамбас жағын біраз бүлкілдеткен сұқ саусақтың қармағы жылтыр кәмпит қапқан екен. Көзі жылтылдап қимай қарап тұрды да, "ас жемесең, тас же" дегендей, Зейнештің алақанына тастай салды.

 

Біз үшін елка онша қызық болған жоқ, жалғыз аяқтаған жарты сағат пен екі аяғыңды тең басқан жарты сағатты қосқанда, басы-аяғы бір сабақтың шамасында, сымпиып шыға келдік. Кешке қарай жоғарғы кластың оқушылары жиналмақшы. Былтыр жарқыраған терезелерді жағалап жүріп көргенмін, бір түрлі, балалар мен қыздар белдерінен ұстап ырғалып билейді. Бәрі де бірдеңе жоғалтқандай төмен қараған, сірә, ұялатын болулары керек. Ұялса да, қайта-қайта билейді...

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

214

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз