+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Шыртылдақ. Дәмді тағамды дайындаудағы 3 тәсіл

  • Бейсенбі, Қаңтар 14 2016

 

Шыртылдақ тағамы екі түрлі майдың, яғни жылқы майы мен сары майдың қорытылған қосындысы. Тағам аштықты тез басады. Шаймен бірге қосарлана қойылатын жеңсік ас, тоңған меймандардың дереу жылынуына сеп болады. Бұл тағамның үш түрі бар.

 

 

 

Қазіргі уақытта барлық шыжғырылған майды шыртылдақ деп атап кеткен өңірлер де бар. Мәселен шиті, май, шыжғырылған май, шыртылдақ деп қорытылған майды атай береді. Алайда шыртылдақ негізі – жылқы майы. Шыртылдақтың дәмі қазіргі сатылымда жүрген сары майды екі орап алады. Бабаларымыз шыртылдақты қаймақтың бір түріне жатқызып, оны тіл үйіретіндей етіп жасай білген. Сонымен қатар шыртылдақ сары май сияқты тез бұзылмайды және аштықты лезде басатын қасиеті бар. Оны жеңсік ас атап, адамның ішіндегі жел-құзды шығаруға бірден-бір ем көрінеді.

Шыртылдақты дайындаудың үш түрі

Бүгінге шыртылдақ дайындап, ас ретінде қолданып жатқан отбасын кездестірмейміз. Дегенмен жылқы майын алып, үй жағдайында жасап көрем деушілерге оның дайындалу жолы оңай, дәмі ерекше, ал пайдасы шаш етектен екені даусыз.

 Бірінші

Шыртылдақ ең бірінші жылқы майын қажет ететін ас. Кесектеп туралған жылқы майын қазанға салып, шыжығы қызарғанша қуырады. Май әбден қайнап дайын болған соң, оның үстіне қорытылған сары май құяды. Шыжғырылған сары майдың міндетті түрде тортасы алынуы керек. Екі түрлі май қосылған асымыз шыртылдақ болып шыға келеді.

Екінші

Шыжғырылған жылқы майына тек қант қосып әбден қайнатады. Қатты қоюланбас бұрын, шыртылдақ оттан түседі. Тәтті қосылған шыртылдақтың бұл түрі шаймен бірге дастарқанға тартылып, оның сәнін келтіреді.

Үшінші

Ал шыртылдақты дайындаудың үшінші түрі – оның жылқы майы мен сары май қосылған қазанға тары немесе бидай жармасын салып, біркелкі қоспа болғанша араластырып қайнатады. Шыртылдақтың бұл түрі жентке өте ұқсас.

 

Шыртылдақ туралы бірер сөз

Қаламгер Ә. Көшімовтың «Қысталаң жыл» шығармасында «Дастарқанға ірімшік, құрт, сары май, шыртылдақ, жент қосарластыра тігілді» деген жолдар бар. Осыдан байқағанымыз, шыртылдақ сыйлы қонақ алдына дәстүрлі тағамдарымызбен бірге қойылған.

Қазіргі таңда шыртылдақ атауының қайдан пайда болғанын іздеп жүрген ғалымдар оның чуваш тіліндегі «шараат», яғни қорыту, еріту мағынасынан пайда болған деседі. Бірақ ұлттық тағамымыздың атауын өзге ұлттың сөздік қорынан сөз алып, соған тіркеудің қажеті жоқ.

Кеңес үкіметінен қашып, қытайға ауа көшкен уақытта шыртылдақты жол үстінде, тау-таста дайындаған Әзипа Қажымолда әжей:

«Оның шыртылдап шыжғырылған даусы бірнеше шақырым жерге естілетін. Артымыздан көшіп келе жатқан көш, шыртылдатып шыртылдақ дайындап жатыр екен, тәтті асқа барайық деп, қонаққа келетін әрдайым», — деген екен.

Осы әңгімеден байқағанымыз, «шыртылдақ» деп аталуы оның дайындалу кезінде шыртылдаған қатты дыбыс шығаруына байланысты болған. Сонымен бірге, қазақ ұлты көбіне тек малдың майын ғана көп пайдаланған. Сол себепті, тағам тікелей мал майынан дайындалатындықтан оның атауының түп негізін шалғай жақтан іздемесек те болады.

 

munara.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
1126





Пікір қалдырыңыз