+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Көшпенділер етігі

  • Бейсенбі, Қаңтар 14 2016

Етікті ең алғашқы болып түркілер тігіп, пайдаланған. Уақыт өте келе қазақ даласындағы көшпелі тайпалардың етікшілері етіктің саптама, сақтиян, былғары, құрым, көк, қайқыбас, шоңқайма, тасұлтан, түзу табан сынды алуан түрлерін тіккен. Дәстүрлі қазақы ортада етік былғарыдан тігіледі, алайда оның киізден тігілетін жеңіл түрлері де баршылық. Ертеректе дәстүрлі қазақ етіктері түзу табан, оң мен сол аяққа бірдей киіле беретін болған. Ал қисық табан етіп, оң мен сол аяққа бейімдеу кейін пайда болды.

Саптама eтік – былғарыдан тігілетін қыстық аяқ киім. Аталмыш етікке әдетте ірі қара малдың мығым терісі қолданылады. Өкшесі тым аласа, ал қонышы тізені жауып тұрарлықтай ұзын. Саптама етіктің табанынан сыз өтпеу үшін оны көбіне қос ұлтанды етіп, екі ұлтан арасына көн салып қапсырады. Қос ұлтан арасындағы көн ақтарылып кетпеу үшін, оларды ағаш шегемен үзеңгілігіне дейін екі қатар етіп қағады.

Әдетте саптама етік кең етіп тігіліп, суық күндері ішінен байпақ киюге ыңғайлы еткен. Аяқ киімнің бұл түрін XVIII – XIX ғасырда көп пайдаланды және оны негізінен малшылар мен аңшылар жиі қолданған.

 

Мықшима – етік саптама етіктің қатты табанды, киізден жасалған, өкшелі түрі. Тұмсығы жоғары қарай қайқыланып келетін, қонышы ұзын етік. Мықшима етікті көбіне жас жігіттер, сауықшыл сал-серілер киген. Етіктің қайқы тұмсығына кейде мыстан ұштық салған. Ал қонышына былғары оюлар қондырылған.

Шоңқайма етік – жоғарыда айтылған саптама етіктің киізден жасалатын тағы бір түрі. Кеңдігі мен қонышы саптаманың дәл өзіндей. Оны да байпақпен, шұлғаумен киеді. Шоңқайма етіктің басы үшкір болып келеді.

Пима – қыстың күні киетін етіктің тағы бір түрі. Оны киіз етік деп те атайды. Пима түркі тайпалары арасында кең тараған аяқ киім. Киіз етік өзінің жұмсақтығымен, жеңілдігімен және қолжетімділігімен ерекшеленеді. Ежелгі Русьта пима Алтын Орда билік еткен уақытта пайда болды. Пима «валенкидің» түп атасы болып келеді. Пиманы қатты аязда киген.

Мәсі етік – киіз етіктің сәнді түрі. Ол ықшамдалып, кең пішілмей тігіледі. Оны былғарымен көмкеріп, табанына қалың ұлтан, өкшесіне сірі салып бүрмелейді. Өкшесінің сыртын, етіктің ұшын және қонышын оюлап, сәндейді.

Ерлердің және әйелдердің жаздық етіктері жұқа былғарыдан тігіледі.

Қыз балаға тігілетін етіктердің биік өкшелері болған. Сондай-ақ, сәнді әйел етігінің сірісі, қонышы мен басына алуан түсті жібек жіптермен кестелер түсіріліп, тастармен әшекейленген.

 

 

 

munara.kz

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
1282





Пікір қалдырыңыз