+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Айбалта

  • Бейсенбі, Қаңтар 14 2016

Айбалта  соғыс қаруы. Жаумен жақыннан айқасқан кезде қолданылады.

Шығу тарихы

Айбалтаны көшпелі халықтар – сақтар мен ғұндар қолданған. Ол грек заманына дейінгі өркениетке жататын діни символ – лабристен (екі жүзі бар рәсімдік балта) шыққан дейді (б.з.д. 2600-1450 жылдар).  Ежелгі Грекияда лабристі Зевс құдайына тиесілі деп санаған. XIV-XV ғасырларда бұл қаруды Орта Азия жауынгерлері жиі қолдана бастады.

Жасалу жолы

Айбалтаның сабы ағаштан жасалып, кейде терімен қапталады, металл жапсырмалармен әшекейленеді. Кейбір балта саптары түгелдей терімен, күміспен қапталуы да мүмкін. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдіргі тағылады. Қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безейді. Қазақтың айбалтасының басына күмістен ою-өрнек салынады. Қазақтар ұстанған айбалта саптарының ұзындығы негізінен 70-90 см аралығында. Балтаның басы жарты Ай тәріздес дөңгелене соғылуы ай атауына негіз болған.

Кімдер қолданған

Айбалта қаруын соғыс қимылдарында алдымен садақшылар жауды зуылдаған жебенің астына алып атқыласа, іле-шала қолына айбалта ұстаған атты сарбаздар лап қойған. Артынан жаудың есін жиғызбастан найзагерлер легі аттандайды да ең соңында қоян-қолтық соғыс тәсілі бойынша қылыштасу жүреді.

Айбалтаны хан ордасын күзеткен қақпа алдындағы нөкерлер де қолдарына ұстап тұратын болған.

Айбалтаның кішірейтіліп, сәнді етіп жасалған түрін сал-серілер, батырлар, хандар белгілі жиындарға, мәслихаттарға барғанда өзге де қару-жарақтарымен қоса жандарына байлап жүрді.

Ерте замандарда айбалтаның көмегімен түрлі ырым-жоралғылар жасалған. Бақсы-балгерлер адам емдеп сәуегейлік іс жасағанда қолданған.

Қазақ жауынгерлері айбалтаны белге байлап, жорыққа шыққан. Ал, аттың үстінде жүргенде оны ертоқымның сыртқы қабына салып қойған.

Айбалтаның көлеміне байланысты оны бір немесе екі қолмен де пайдалануға болады.

Қазақтар бұл қару түрін ХХ  ғасырға дейін пайдаланып келді.

 

munara.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
1052





Пікір қалдырыңыз