+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Балалық шақтан бір белес


4-5 сыныпта оқитын ауылдың қаратабан балалары таң азанмен ұйқыдан тұра сала, ауыл сыртындағы көлге жүгіретін. Таңғы төрт шамасында Арал қаласындағы әскери бөлімшелерден келетін орыс  аңшылар көл үстін азан-қазан етеді. Бұқпантайлап жатып бұлдырық атады. Қара дамбал, аяғы қара күс ауыл  балалары қаздай тізіліп, аналардың әрекетін бағамыз. Бұлдырық құлаған жерді бақылап, үзіліс болған кезде өре түргеліп құлаған құсты жинаймыз. Үшеу құласа екеуін әкеліп беріп түске дейін әр бала 5-6 бұлдырықты үйіне әкететін. Ауыл адамдарының  сол бұлдырықты онша ас етіп ішуге ынтасы болмайды. Балаларына жеке қайнатып беріп, күнделікті тамағын талғажау етуші еді. Түске таман торғай атаулысына охота басталады. Әр бала рагаткасымен баған басындағы сымда қонған торғайды атады. Мергендік те тәжірбиемен келеді. Ересек балалардың ебі көп болушы еді. Көздеген торғайын мұрттай ұшыратын. Қаншама торғайдың обалына қалдық екен?! Оны балалыққа теліп, қазір өз-өзімізді ақтап алып жүрміз. Торғай аулауда балаға ләззат беретін тағы бір тәсіл бар. Топылып келіп торғайлар қорадағы  жем жәшігінің қасына жиналады. Ақырын жем салатын легенді төңкеріп,бір бассына шағын ағаш тіреп, оған жіп байлап,қораның арғы басынан аңдып жататынбыз . Жемнен дәнек іздеген торғай легеннің астына келген тұста жіпті тартып қаласың. Дүңгір етіп леген  жұдырықтай құстың үстіне түседі. Ақырын барып легенді көтеріп, сыпақтап торғайды ұстаймын дегенше «пыр» етіп ұшып шығатын. Ол да бір дәурен екен ау! Өзіңе ыстық балалық  көзіңнен де, көңіліңнен де кетпейді екен.     

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

165

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз