+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Оқы, бала оқы!


Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең атты елді-мекенде  Зейтін деген ақсақал ұзақ жыл мектепте математика пәнінен мұғалім болды.  Сырттай оқығасын білім де шала қонды ма, әйтеуір тақтаға өзі бастап жазған есебін шығара алмай, желкесін қасиды екен. «Не боп кетті мынау?!» деп етекте тұрған айғыз-айғыз тряпкамен құлаштап тұрып шатпақ-шимағын тез  өшіріп тастайтын көрінеді.  Ағайдың әрекетін түсінбеген  оқушылар да екі ұдай жағдайда математикадан «шала сауат» болып шықты. Қарт мұғалімге содан кейін «Не боп кетті?!»деген айдар тағылып, ауылдастары көпке дейін күлкіге айналдырған.

   Сол мұғалім  пединститутта сырттай  оқып жүргенде ауылдың талапты Дәрмен дейтін бозбаласы бірге ере барып, оқуға түседі. Зейтін жалдаған пәтерде  4-5 жігіт бірге тұрады.  Сессия тапсыруға бар ынтасымен дайындалған Дәрмен карта ойнаған жігіттерге мойын бұрмай, аулаға су сеуіп, басына сүлгі орап, кітаптан бас алмайды екен. Ақырын ғана Зәкең:

-Бала, кел миың ашып кетеді, арасында карта да ойнап ал,-дейді

-Ойнамаймын.

-Онда оқы бала, оқы,-деп картаны ортаға тастап  жөніне отыра береді екен.

Өзі күйгелек, намысшыл Дәрмен «оқимын, оқымайтын несі бар?! –деп қызарта-бөртіп сәлде таққан молдадай талдың түбіне барып қайта жайғасады. Сөйтіп, төрт бес күн дайындалып емтиханнан  сүрнігіпті.

- Не болды бала?,-дейді  Зәкең.

- Байжолов дейтін шал бәле болды. Құлатып жіберді. Дайындалу керек,-деп Дәрменнің еңсесі түсіпті.

- Оқы бала, оқы,- деп Зәкең сызданып, қасындағыларға «карта жасаңдар» деп өз әуресімен өзі отыра береді.

 Тағы дайындалып, жолы болмаған Дәрмен:

-Карта жасаңдаршы, ойнайық. Сабағы құрсын,-деп шарасыздығын білдіріп.

-Оқымадың ба бала?!

-Болмады. Байжоловпен сіз өзіңіз үйіне барып сөйлесіңізші.

-Жарайды. Көрейік,-деп уәде берген Зейтін ертесіне  коньягін қойнына тығып,оқытушының үйіне кіріп кеткен.  Дәрмен есік сыртында тырнағын тістеліп, әрі-бері теңселіп күтіп жүрген.Сол кіргеннен 5-6 сағатқа жоқ болған Зейтін  аяғына сүрнігіп, удай мас болып  әзер шықты дейді.

-Не болды Заке? Зачеткама қойды ма?

-Қойды, мә зачеткаң.

-Тағы не айтты?

Зәкеңнің « Маған зочно емес, очно бізде оқитын бала екенсің деп айтты»-деп айтуға ғана шамасы келіпті. 

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

231

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз