+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Хош Түркие, Жәлила...


 

 

Хош Түркие, Жәлила...

 

Эллидждің басы – бұлт,

Шыңында – күн.

Құдайым қалай қиған мұның бәрін.

Қасымда жұдырықтай Жәлила қыз,

Шыр көбелек айналар шыбын жаным.

 

Бұлақтай тау басынан төгілдіріп,

Бұрымын қойған қырық өрім қылып.

Төрт тілде түгел сайрай жөнеледі,

Елтисің әуеніне еріп жүріп.

 

Қасиеттің қаншасы бар бір басында,

Жиһанның тілін білген жиырмасында.

Ажары бұлтқа ілінген ай секілді,

Жанары жатыр таудың тұнбасында.

 

Түріктің айлап кездім шың-құздарын,

Көрсетті құпияның бұл қыз бәрін.

Симауда ойдан өрген театр жатыр,

Эфестке көмген сәулет жұлдыздарын.

 

Таушанның тастақ екен дөңес-белі,

Найбта нөсер құйып, жел ескені.

Бурсақта бурыл аю қуып берсін,

...Көзіме туған жерім елестеді.

 

Үйлері Текір-Дағдың қабат-қабат,

Тастапты ақ мәрмәрмен абаттап-ақ.

Сабағын сан ағаштың өрген-сынды,

Шашындай Жәлиланың тарап-тарап.

 

– Ғажап қой,

– Жәлила қыз сызылады. –

Дүниенің осы бәлкім ұжымағы.

Көңілім туған жер деп бұзылады.

 

Жат елде шыдап жүргем бір ай неғып,

Аттандым Алматыға шырайланып.

Жәлилажан, қалдың-ау Стамбулда,

Ағаңды іздеп таппай шыр айналып.

 

Он жыл өтті...

Түсесің енді есіме...

Қайталап көзім жетті көрмесіме.

Қош боп тұр, Түркие мен Жәлила қыз,

Құдайдың қол созбайын бермесіне.

 

Өздереде Эгейге түскен едік,

Ізмірде шәрбат-шырын ішкен едік.

Гиссарджикте сүрініп, құшқаным-ай,

Тағы бір құшақтасам

Не істер едік?

...Бұл күнде соның бәрі еске түске енеді.

 

Ғаламға сәуле шашып, назға ораған,

Сен екен,

Жаңа көрді жазған ағаң.

Өмірде сен барсың ғой,

Бақыттымын,

Бақытты өмір сүру аз ба маған?

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

187

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз