+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



АМАНАТ


Қази Данабаев                                                                        

Сен аман бол, Қазақстан!

 

Көтеріп көк жиектен делегейін,

Келесің ақ бауырлы кемедейін.

Мен болмасам болмайын

Қазақстан!

Сен аман бол,

Сен үшін мен өлейін.

 

Сенсіз өмір болады қалай маған,

Шаңдақпын шартарапқа жел айдаған.

Қаңғырып жүрер едім қай бұрышта,

Қазақстан бермесе арай маған.

 

Амансың ғой...

Барсың ғой...

Орныңдасың.

Орныңды таппай құдай қор қылмасын.

Көп көрдік көңіл мұңын,

Елдің жасын,

Жақсылыққа бастағай жолдың басын.

 

Тоқсан жолдың торабы

Алаңдарсың,

Қараулықтан қаш аулақ

Қараң қалсын.

Құлың болмай сол кезде қыңқылдасам,

Құдай менің жанымды табанда алсын.

 

Құлайын Қызылқұмда қызыл нардай,

Ізіңнен жатайыншы жүзімді алмай.

Саулығыңды тілейін жаратқаннан,

Қурап, жанып кетсем де түгім қалмай.

 

Алаңдама,

Артыңа қарамашы.

Қайда қалмас жігіттің қара басы.

Түк емес, шырылдаса шығар жаным,

Бір жаным,

Бар қазақтың садағасы.

 

Естідің таудың мұңын, көлдің зарын,

Ұмытпа жердің жайын, елдің қамын.

Ақылдылар азғанда сұм болады,

Сұмдарды көш басына қондырмағын.

 

Тілгілеп туырлықты кеспеу үшін,

Арқауыңды қылышпен шешпеу үшін.

Өмір сүрсем сүрермін,

Дұшпанға айбат,

Өлсем де мен өлейін,

Тек сен үшін.

 

Ақ сарайың тартатын көз алыстан,

Ақ сәулесі әлемге тарап ұшқан.

Мен болмасам болмаспын,

Сен аман бол,

Жиһандағы жалғызым Қазақстан!

 

Не деген қымбат өмір ең...

 

Операция...

Реанимация.

Бөлмесі бозғұлт тұман ба?

Талай ажалдан аман сақтап ең,

Сақтағай тағы бір Алла!

 

Ақ халаттылар ма?

Ақ қанаттылар ма?

Ұшады мені айналып...

Бауыр тесілген,

Қарын кесілген,

Жатырмын үнсіз байланып.

 

Қолымды созсам шарықтап көкке

Кетер ем самғап...

Қарашы...

Жылан қабығындай жұп-жұқа екен ғой,

Өлім мен өмір арасы.

 

Бақилығыңның көркі ме керім,

Шындасам тастап кетемін.

Кезек сыйлаған дерті мен емін,

Күнәһарлардың мекенін.

 

Жанымда менің қанша жарам бар,

Наркоздан ба екен...

Асқақпын.

Қайырымды адамдар, қайыршы адамдар,

Палатама әкеп тастапты.

 

Сайрайды радио “Шағалам-ау” деп,

Қай жаққа барсаң қасқа мұң.

Мен кетсем осы бір ән қалады-ау деп,

Көзімнен кетті жас тамып.

 

...Есілдің бойы ен тоғай деуші ед,

Тоғайы толы қасқырлар.

Біреуін ұстап көзіме көрсет,

Бар ма екен қара басқырлар.

 

Оларға дұғай менен сәлем де,

Күтумен жүрмін күнде мен.

Көк бөрі кірсін алаң-елеңде,

От шашып көзі іргеден.

 

...Тұра ұмтылдым, құбыла күліп,

Кеудемді кернеп жүз үміт.

Қарныма тіккен шынылар сынып,

Түтікшілері үзіліп.

“Адырлы қырдың арланы едім ғой”,

Айқасып өлсем арман жоқ,

...Өз еркіндігіме жүгірем өзім қызығып.

 

– Психа, дурака!

(Басқа да атым бар),

– Держите! – дейді қуғыншыларым.

– Пошлите все! Қасқа қатындар!

Терезеге қарай зуладым.

Бұйрықсыз жанға айтшы, өлім бар ма,

Секіртпей жерге ап қапты.

Бұрын сақтап ед жаратқан Алла,

Тағы да мені сақтапты.

 

Уақыт келер...

Уақыт кетер...

Тағдырың салса не етерсің.

Бақытсыз да өлер,

Бақытты да өлер...

Есіңді жисаң,

Өмірді қимайды екенсің,

Өмірді қимайды екенсің...                                                            

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

209

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз