+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



АДАМ ТӨЗБЕС АЗАП.....


«Өмір ғой, балам.... өмір»,- деп  бүгінде  92 жасқа жеткен қызылордалық  Мұстафа Матаев атам адамгершілік пен пендешілікті, парасат пен парықсыздықты, қайырымдылық пен жауыздықты осы бір сөзбен түйіп, әлі күнге айтып отырады. Осы сөзді естіген сайын ойым әр қияға ұшады. Күнделікті күйбің тірлікте кездестіріп жүрмін. Кеше бір әңгіме естіп денем түршігіп кетті...

Керекудің тумасы  Құсайын Әбдірахманов деген азаматты 1937 жылдардағы «халық жауы» деген жала, 58-ші статьямен Омбыда түрмеге тоғытқан. 10 жыл түрмеде отырып, азаптың сан атаулысынан өткен. Қарапайым ауыл адамына «Жапон шпионы», «Иран тыңшысы» деген айып тағылыпты. Екі жыл бойы құдайдың құтты күні айыбын мойындату үшін әскерилер тепкі астына алады екен. Бір күні  «Мойындайын, не болса да көрейін»,- деп қолына қағаз алып- иә, шешемнің төркіндері Иранда тұрады, оларға СССР туралы, Компартияның  келеңсіздігі туралы хат жазып тұрдым. Ол аздай 10 адамнан тұратын теріс пікірдегі адамдардың ұйымын құрдым»- деп жазып берген. Сол түсініктемені жазған күні әскерилер сабауды сап тиып, Құсекеңді жалғыз адамдық аядай, ешбір дыбыс естілмейтін камераға қамаған. Құлаққа ұрған танадай өлі тыныштық. Ешкім сөйлеспейді. Сөйлетпейді. Өз-өзімен де сөйлесуге де рұқсат жоқ.Таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін селтиіп тұрады да қояды. Арасында ғана таза ауаға темір тормен құрсалған аулаға ғана шығарады екен. Әбден тыныштықтан мезі болған Құсекең  бір күн ауада қалықтаған  масаны уысымен қағып алып, купәйкесіне жасырып камераға алып кірген. Масаның ұшқан ызыңына 3 күн разы болып жүргенде, маса да жан тәсілім еткен. Екі жыл осындай «үнсіздік» азабынан әзер босанған Құсайын әкей кейін баласы Амангелдіге «Онан да ұрып-соққандары, боқтағандары, тепкендері жақсы еді. Ана азапты тыныштықтан  сәл болмаса жынданып кетеді екенмін»,- депті. Негізі, түрмеде «тыныштық» режимін қолдану әлемдік практикада бар тәсіл. Немістер кезінде осы тәсілмен талай айыптыны есінен алжастырған. Ал кейбір елдерде 15 секундқа музыка қойып, соны «тыныштық» камерасында үзбестен қайталай бергенде, сау адам есінен ауып кетеді екен. Осы азапты бастан өткенген Құсайын әкейдің баласы Амангелді Құсайынов қазірде Астанадағы Евразия гумманитарлық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 

Осы әңгімені Әбекеңнің  аузынан естігеннен кейін.....«Өмір ғой, балам.... өмір»,- деп  үздіксіз айтып отыратын Мұстафа  атамның әлгі сөзі ойыма еріксіз оралды.       

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

314

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз