+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



АЙТЫЛМАЙ КЕЛГЕН БІР ӘҢГІМЕ....


Тылсым дейсіз бе, кездейсоқтық  дейсіз бе өзіңіз біліңіз! Анығы сол Қызылорда облысында 1979 жылдары Қорқыт Ата ескерткіші салына бастаған кезде 2-3 күннің ішінде 11 адам ажал құшқан. Бірі суға батып кетсе, енді бірі жынданып кеткен. Көлік апатынан көз жұмғандар да бар. Осы жағдай себеп болды ма білмеймін, ескерткіш салдыруды бастаған  Қармақшы ауданының бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың үстінен  берісі  Алматыға әрісі  Мәскеуге  арыз дөңгелеп, ардақты азаматты қызметтен алып тынды. «-Елге сыйлы әкемнің алты ай жұмыссыз қалғаны менің де жаныма батты. Арада біршама уақыт өтті. Білім, денсаулық сақтау және спорт министрі болып тұрған кезімде Алматыда  әкемді қызметтен алдырған Қазақстанның екінші хатшысының..... (өзге ұлт есімде қалмапты авт.)кабинеті менің кабинетім, қабылдау бөлмесі  менің қабылдау бөлмеме айналды,-деп бастады Қырымбек Елеуұлы Көшербаев әңгімесін. - Сол кезде болған жиынның  мұрағаттағы стенограммасын көтерттім. Әлгі басшы «Что за позор, во время атеизма построил памятник  мусульманскому деятелю»,- деп ащы айқайлап жатқанда, дауысы қарлыққан әкем «Это не имеет отношение к мусульманству, а больше шаманизму»деп айтып қалды. Әлгі басшы одан сайын үстелді тоқпақтап, «Не учи, нашелся тут умный» деп сөгіп жатқан стенограммадан дауысын естідім. Қиыстырам десе құдайдың шебер-ау. Арада біраз жылдар өтті. Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметінде жүргенімде еліміздің Сыртқы істер министрінің атынан «Жәрдем беріңіз» деген бұрыштамамен хат келіп тұр. Әкем Елеуді  қызметтен қуған әлгі шенеунік, Мәскеуде  зейнетке шыққасын қуарып, әбден шал болған. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевқа «Жәрдем бере көріңіз. Кемпірім кетті. Кәдеге асар балам жол апатынан қаза болды. Бір балам наркоман болып үйдегі бар жиһазды сатып жіберді. Қазақстанға иә көшіріп алыңыз, болмаса материалдық көмек беріңізші»-деп өтініш жазыпты. Сонымен, Мәскеудегі пәтеріне кірсем орыстың «ход шаром покати»дейтін сөзі бар ғой, үйінде  дені дұрыс дүние қалмаған. Көне керуерттен әлгі шал қисайып келіп қолымды алды. Өзімді таныстырып, қандай жәрдемнің қажеттігін тіздім. Баласындай қолдау жасап, дәрі-дәрмегі, жиһазы, газетіне дейін қамтамасыз еттім. Елшілік асханасына көлікпен алдырып, үш мезгіл тағамына дейін бергіздім. Бірақ, ішімдегі әкеме жасаған азары көкейімді тесті.  Мен де, ол да білмегенсіп, жүре бердік. Сөйтіп жүргенде Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалып, Оралға кеттім.  Арада бірнеше ай өткенде әлгі ақсақалдан жедел хат келіп тұр. «Уважаемый Кырымбек Елеуович! Спасибо  за Ваши  благородные дела,  хотя когда-то по воле судьбы я препятствовал твоему отцу. Вы никогда этим не упрекали и не упоминали» деген жазуды көргенде көңілім бір түрлі бір ысып, бір суыды. Солай болған .....»     

НҰРЛАН СОҢҒЫБАЙҰЛЫ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

1024

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз