+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



САҒЫНЫШ ПЕН ЖЕЛКЕНІШ


Аяқ асты, ел тыныш, жұрт аманда 1996 жылы Қызылордада танымал ақын Әділ Ботпанов жоқ болып кетті.  Өкініштісі, ол ақынның әлі күнге тірісі не  өлісі белгісіз. Тылсымның жұмбағы ма? Полициядан бастап, туған-туыстары, әріптестері дария жағалай Әділді іздеді. Іздемеген жер, сұрастырмаған жан қалмады. Құдай-ау бір жерден бір жұрнағы шықсайшы. Жоқ. Ізім-ғайып.Жора жолдастары, әріптестері жылап жүріп «Өмірзая» кітабын шығарды. Өз өлеңі өміріне арқау болды.  

Өмірзая жұлдыз болып келем мен,

Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем.

Салыстырсаң маған біткен өлеңмен,

Тіршілігің тек әншейін қырт екен,

-деп бәлкім Әділ сезді ме жоғалатын бейнесіне «рухани көктасты» осылайша өзі қойып кетті.

9 сыныптан қол ұстасқан жан жары Гүлсім оқушы кезінде ауырып қалған кезде, бір шумақ өлең жазып, бір баладан қолына ұстатып жіберген екен.   

 Егер мені шын қаласа жүрегің,

Бірге күліп, бірге жыла – тілегім.

Қиналғанда жалғыз мені тастама,

Жалғыздықтан көп жылаған жүрегім.

Дария жағалап, көзінен сорасы ағып жүріп іздеген ақын досының бірі Елубай Әуезов еді. Таппады. Таба алмады. Жоқтады. Зарланды.

 

 ОЛ КЕЛЕДІ

(Әділге)

Қанша арман бар-ды, алдыңда,

Жүрекке запыран толады у.

Еркелеп болсаң тағдырға,

Керек те шығар оралу.

 

Түсіре берме мұңды еске,

Шөлмек те, бір күн сынады.

Ұзаған сайын жыр көшке,

Бірдеңе жетпей тұрады.

 

Сағынтқан Сырдың жейдесі,

Алматы тар боп «шатақ ұл»,

Өлең жырдағы бейнесі,

Байрағы бөлек баһадүр.

 

Айларың жылға ұласып,

Шертеді күйін жүз перне,

Түсінбей жүрміз расы,

Жоғалған сен бе, біздер ме.

 

Тағдырың тартса қилы сын,

Бақ үнсіз қалып, жылар бау.

Әділ-ау, оңай деймісің,

Өзіңсіз кеште жыр арнау-

деп еңкілдеп жылап тұрып өлең оқу Елекең досыма да оңай болмады.

Өткенге салауат. Сол Елекемнің талай жыл қасында жүріп күйкі тірлікте желкеніп кеткен «досы» да болды. Ол айтпақшы әлі де бар. Жер басып жүр. Қалам деген ауылдың арғы-бергі жағынан төбе көрсетеді. Алайда,  ондай «достың» рухани жаназасын өз өлеңімен жөнелтті.

 

 

ЖАНАЗА

Иманың бір күн сауығып,

Білер ме екенсің қатеңді.

Не болды сонша жауығып,

Өлтірген жоқ ем ғой әкеңді.

 

Есітіп жатсаң елден сын,

Болушы едім жиі алаң.

Білдірмей қалай келгенсің,

Дос болдым деуге ұялам.

 

Талмаймыз тағдыр кеусенін,

Таусылар қашан білер кім.

Өкпеге қимас деуші едім,

«Өлімге» қиып жібердің.

 

Алланың шек жоқ күшінде,

Таупығын бергей құлқынға.

Аласы адам ішінде,

Аласы «иттің» сыртында.

Әділ де, Елубай да әкем Қазиды көрсе құрақтай ұшып, қолын алып, құшақтай амандасқанша асығатын еді. Оңашада үйде «Әділ өлең жазбайды балам, суретпен салады. Қиялының шегі жоқ Менің өзім бірде бойлап, бірде бойлай алмаймын»,-деп Ботпанов шығармашылығын бір ауыз сөзбен түйгені есімде қалыпты. Айтпақшы, әлгі «жаназасы» шыққан «дос та» әкем кеткенде «еңкілдеп» жылаған.... Бар болсын!

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ  

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

420

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз