+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ӘУЛИЕДЕЙ БОЛҒАН ӘУЕЛБЕКОВ - ІV


Журналист болғаннан кейін  шетелді есепке алмағанда, облыстарды аралап көп іс-сапармен жол жүресің. «Бөрінің азығы жолында»,- деп біз секілді әпендіге айтылған шығар. Алайда, басқа, басқа өзімнің туған өңірім Қызылордаға барғанда көңілім нілдей бұзылады. Халқы қарапайым, сондай ибалы, жаны сырға, тілін тапсаң көкейі шерге толып тұрады.  Тұзы аралас ақшаңдағы мен аптап ыстығы аз күннің ішінде түте-түтеңді шығарады. Осындай өңірге тәңірдің табиғатты тарсынғанын қайтерсің?! Шөбі шүйгін, жаздай жасылға оранатын  Жамбыл, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Ақмола облысының  жерін Табылды Досымов ағамның тіліне салсақ, «Толағай болып туғанымда» көтеріп апарып, Сыр бойына қояр едім. Туған жерге деген бір перзенттік  қиялым ғой.  Жарайды, әкем Қазидің тәпсірлеуіне салсақ «Құдайдың қол созбаймын бермесіне».   

.......Осы жағдайды көзімен көрген, республикада ғана емес, Одақ шеңберінде беделі биік Еркін Нұржанұлы Әуелбеков мәселені Мәскеу алдына қойып, экологиялық өңір тұрғындарына компенсация төлеу жүйесін енгізіп кетті. Ол қазірде бар. Мәселенки, 100 мың теңге жалақы алатын жұмысшы үшін айлығына экологиялық  25 мың теңге үстемеленеді. Егер бұл үстемақы төленбей келген жағдайда, бір жаратқанға белгілі Сыр өңірі әкімшілік басқару аумағынан айырылған Семей, Торғай облыстары секілді жабылып тынып, мұңлықтың кейпін кешер еді. «Жыртық үйдің де құдайы барына» Әуелбековтей адамды жіберді.Еркін Нұржанұлы СССР денсаулық сақтау министрі Чазовті Қызылордаға шақыртып, «диагнозтикалық орталық» салдыруға қаржы бөлінуіне  ықпал жасатты. Айтпақшы, ««экологиялық компенцияны» алдыртпаса шетелдік инвесторлар аймаққа аттап баспайды»,-деп Парижге барып шетелдік журналистерге сұхбат берген облыс әкімінің де сүрлеуі жатыр бұл өңірде.Содан кейін, «Жас алаш» газетіне «Әлем жұртшылығын алдамақ болған әкім»,-деп әкем Қази Данабаевтың жанайқай материалы шықты. Білдей бір облыстың әкімі мен облысқа сөзі бәтуәдай қабылданатын беделді  тілшінің теке-тіресі басталып кетті. Журналистке тілекші болған сол кездегі облыстық экология басқармасының басшысы болған Қуанышқали Шапшаңовтың да ерлігін, азаматтығын әлі күнге ел аңыз етіп айтып жүреді. Осы мәселеге байланысты  облыс әкімінің қабылдауынан кейін үйге келгенде бар айтқаны «Кабинетінде екеуміз сізді қойып, сенге көштік»,-дегеніне қарағанда «экокомпенсация» үшін оңай күрестің болмағаны анық. Осы сөзімде әсерге шыланған  бір жалған болса, Сыр өңірінің тұрғыны келіп, көзіме тік қарап тұрып, бетіме айтсын. Кетіп қалған әкемнің аруағының алдында мен жауаптымын. Айтпақшы «Жас Алашқа» шыққан мақаланың да себі болды (басқа да себептерін бар) әлгінің иығы түсіп,  үш күннен кейін Қызылорда облысының әкімі қызметінен кетті.

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

127

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз