+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ӘУЛИЕДЕЙ БОЛҒАН ӘУЕЛБЕКОВ - V


Қазіргі таңда Қызылорда облысының  экономикадағы табысының  93,4 пайызы мұнайдан түсетін салық қана құрайды. Қалғаны ірілі –ұсақты өндірістердің, шағын кәсіптің еншісінде. Өкінішке орай мұнайдың қоры 10-12 жылда сарқылады деген ресми мәлімет бар. Бұрғылар шақырымдап жеті қат жер астына барды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың экономикамызды «әртараптандыру» қажет деп шырылдап жүргенінің астарында осындай қауіп жатыр. Қызылорда да шыны зауыты, Шиеліде ванадий өндірісі, шаруасы шатқаяқаған «Шалқияға» жан бітіруге жанталасып жүргені сол. Облыс әкімінен бұрын, осы Сыр өңірінің перзенті ретінде, әкесі Елеу, атасы Көшербайдың алдында жауапты екенін іштей жақсы түйсінеді. Әкімнің шашбауын көтеріп,  майдан қыл суырғандай, жұқалап келтіріп, «жарнамасын» өңіштеріңізден өткізіп жіберу секілді титімтей де болса «арам ниетім» жоқ. Анығы осы. Егер жаңа өндірістер іске қосылмай, мұнай таусылса сорлаудың көкесі сонда болады.  

Енді қызығы Қызылорда облысына «Құмкөлдегі» мұнайды қызылордалықтардың 40 жыл несібесіне жаратып кеткен кім еді? Әуелбеков  Еркін Нұржанұлы. «Құмкөл» кеніші географиялық тұрғыда Қарағанды облысына қарағанымен, Сыр өңірі үшін осы кенішті Әуелбеков  Үкіметке дәледеп тұрып «тартып алды». «Қарғандының көмірі, темірі, өндірісі, ауылшаруашылығы бар, ал Қызылорда болса тек малға, азғана күрішіне қарап отыр»,-деп Алматыда өткен алқалы жиында  сөйлегенін неге ұмытуымыз керек?! Сол «Құмкөл» кеніші ашылғанда 13 мың адам жұмысқа тұрды. Әр жұмысшының тасасында бір отбасы барын ескерсек, есептей беріңіз мұнай өндірісінің қанша қызылордалық отбасыға қамқор болғанын! Өкініштісі сол таза табысқа жұмыс істеп тұрған мұнай кеніші жекешелендіру кезінде  бар болғаны  120 миллион АҚШ долларына сатылып кетті де, жылына миллардтап табыс тапқан 10 жыл канадалықтардың, одан кейін шығыстағы көршілердің  еншісіне байланды.Осыдан 4-5 жыл бұрын Қарағанды облысы  жерге дауын айтып, Үкімет отырысының  күн тәртібіне шығарыпта көрді. Әрине, олардың да адамгершілік тұрғысынан алғанда базынасы орынды. Жылы көрпені әрқайсысы өзіне тартуы заңдылық. Салық түседі, мыңдаған  жұмыс орыны дегендей.  Ең өкініштісі Әуелбековтен қалған осы ырзықты толықтай өңірдің, еліміздің ырзығына жарата алмадық. Ең қиыны сол.

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

165

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз