+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Гүлнәр қайда жүр екен ?!


Ағасы ма, жоқ әлде інісі ме тете бір туғаны Шыңғыс Мұқанды танимын. Қазір Атырауда қызметте. Осыдан 10-15 жыл бұрын әлемдік экономиканың діңгегі мұнайдың төңірегін жіті талдап,«Жас алашқа» материал жазатын. Тілі жатық, сараптамасы салиқалы мақалалары есте қалыпты. Кейін Оралда алғаш «Әдебиет әлемі» порталын ашып, қазақ ақын - жазушыларының туындыларын алғаш электронды нұсқада жинаған кезде, телефонмен аз-кем тілдескенбіз. Сыртымнан мені де білетін болса керек, Ақордада қызметте жүргенде әріптестерімнен тілектестігін айтып жіберіпті. Әке-шешеміз бөлек болса да, қаламгер шапанының шалғайынан еңбектеп шыққан біздердің бұғағымыз журналист болып бекіді. Жарайды, мадақ айтып отырған ештеңем жоқ, бауыры Гүлнәрға қатысты еске түскен ойдың бір жұрнағы ғой. Сол Гүлнәр қарындасым журналистикаға жаңаша леп әкелді.Ағылшын тілін еркін меңгеріп,алысты-жақын шетелдің жүрек лүпілін, тынысын тыңнан танытудың тәсілін «Айқын» газетіне жылт етіп көрсетті де қаламгерліктен ауылын алыс салды. Ұзақ жыл «Самұрық-Қазынада», Үкімет басшысының орынбасары болған Қ. Келімбетовтің баспасөз қызметінде жүрді. Гүлнәржанмен осыдан бірнеше жыл бұрын жолымыз Байқоңырда өткен Ресей мен Қазақстан арасындағы Үкіметаралық жиында тағы бір түйісті. Бірге істеген әріптестей аурасы жеңіл, жылы шырай, елгезек қызбен тез тіл табыстық. Кейін телефонмен сөйлескенімізде әңгімеміздің өрісі күнделікті күйбең тірлікпен емес, халықаралық журналистиканың өресі тұрғысында өрбіді. «Аға, Астанаға барсам хабарласамын, осы тұрғыда пікірлесеміз»,- деп балалық аптығы да, құлағына телефонды бастырып алып, басқа да шаруасын тындырып жүретін пысықтығы да трубканың мына басынан сезіліп тұрды. Доллармен келген дүмпуден Қайрат Нематұлын саяси теңіздің толқыны біресе оны Астанадан, біресе Алматыдан шығарды. Сол толқындардың арасында рухани рулас қарындасымнан көз жазып қалғандай болдым. Жанталасып аптығып біреумен сөйлесіп келе жатып мен де ұялы телефонымды суға түсіріп алып, нөмірлерден қағылдым. Жуырда әріптестерімнің «телефон нөмірін тауып берейік»,- дегенінен бас тартып, ағалық сағынышымды ақ қағазға түсіргенді жөн санадым. "Журналист деген елміз ғой ауызы жеңіл, сәлемім де толқынмен тез жетер"- деп әзірге үнсіз тынайын. Алып-ұшып Гүлнәржан да жетер бір күні.

Гүлнәр қайда жүр екен ?!               

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

231

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз