+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ДІНИ ЕМЕС, ҒЫЛЫМИ ПАЙЫМ


«Қаламыңызға жел бітсін!»,-деп тілекші достарымның бірі ЖЕЛідегі жекеме ізгі тілегін қалдырыпты. Әдепкі қабылдағанда соншалықты ақеден, риясыз тілектестік  болып көрінгенмен, түйіліп қалдым. ЖЕңіл жазылсын деген ниет болғанымен,  ЖЕЛге бір жақты баға беру өте қиын. Себебі, әлемдік философияда ЖЕЛдің жақсы да, жаман да қасиеті қатар жүреді. ЖЕЛ - табиғи, тегін энергия көзі.Еуропаның 20 пайызына  жуығы қазірде қуат көзін қалақшалары күндіз-түні айналатын қондырғыдан алады. ЖЕЛ мен АЙНАЛУ процессі байқасаңыздар қашанда қатар жүреді. Жарайды жер шарын жағалап кетпей, айтар ойымды қарапайым ғана қазақы пайымның қазығына шалмап байлайын. Сан ғасырлардан бері бабаларымыз бүлдіршіндерін өбектеп «АЙНАЛАЙЫН» (Ш. Уәлиханов таңдамалы шығармалары) деп жатады. Оның себебіне әріден үңілсеңіз«бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайын сені» деген мағына қалқып шыға келеді.       Ал, қонақ келгенде 4-5 баланың басы қосылса шаттанып дастархан басында отырған үлкендердің ту сыртынан айналып бір-бірімен «қуыспақ» ойнауға үйірсектеніп кетеді. Сол кезде біздің сан ғасырлардан ұлттық гендегі сақталған ақпарат атып шығады да «АЙНАЛМАҢДАР, әрі барыңдар»,-деген ескертуді еріксіз тіліңізден шығарады. Себебі, қуанышқа шаттанған бүлдіршіндерде ЖЕЛік пайда болды. ЖЕЛпініп маңдайын сүртеді, ЖЕЛігіп ескертуді бір тыңдап, бір тыңдамайды. Егер бала айналса онда «жын-пері аурасы жеңіл, санасы қалыптаспаған өренді алып түседі»,- деген бағзыдан түсінік қалған.

       «Разве круговращение в природе заметил ты один? Твой предок был наблюдательней, он жил в природе, зависел от нее и старался угодить ей пониманием ее символов. Он включил себя в эту круговерть». Олжас Сүлейменов  «АЗиЯ»

Науқас адамды ағаш үйдің ортасына жатқызып, қасына от жағып, емдеп айнала жүгірген бабаларымыздағы бақсылықты кім жоққа шығарады?! Ешкім.Тарихта болғаны анық. Сол бақсылар шыр айналғаннан «ЖЕЛ-құз» тиіп, ауыздары көпіріп, трансқа кіріп жерге құлайды.Тағы бір қызық жайт Қызылорда облысында салынған Қорқыт ескерткішінің басында ЖЕЛ соққанда ғана қобыздың дауысы шығады.Оны да назарға алмасқа болмас. «ЖЕЛ-құз тимесін балапаным, жылы киін»,-деп ескерту айтып отыратын әжемнің әр сөзі әлі күнге құлағымда. ЖЕЛмен жарысып жылдам жүгіретін киікті аталарымыз (скиф) садақпен атып алу үшін жылқыны пайдаланды, адырнасын керіп, ыңғайлы тұруға арбаның қаңқасын жасады, да соңында дөңгелекті ойлап тапты. Сол дөңгелек қазірде әлемдік инженерияның басты тетігіне айналып кетті.(А. Сейдімбек шығармалары) Сонда кім-кімге қарыз? Грек мифологиясындағы мәдениет пе жоқ әлде дөңгелекті ойлап тапқан аталарымызға әлемдік өркениет қарыз ба?!

  Техниканың бәрі дөңгелейді, мұнай бұрғысы айналады, жер дөңгелек, көз дөңгелек, күн дөңгелек, ана құрсағына түсетін микроскопиялық дәрежеде ғана көрінетін алғашқы клетканың ядросы дөңгелек, жұмыртқаның уызы дөңгелек...............кете береді құдай-ау! Шыршаны айналып христиандар хоровод жасайды, Қасиетті Қағбаны айналып мұсылмандар өтеді. Ақыр аяғы Африкада бұтына лыпа ғана таққан тайпалар да отты айнала билейді.Ендеше, киіз үйді табиғатқа байланыстырып жасаған аталарымыз даналардың данасы болған керек болса. Шаңырақ дөңгелек, үй дөңгелек. Шаңыраққа қадалған уықтар күн шапағымен астасып тұр. Оған тағылатын ЖЕЛбаудың метрологиялық қызметі тағы бар. ЖЕЛ бағытын айқындайды. (Ә. Қоңыратбаев шығармалары)(Сүт пісірім, ет асым, ат шаптырым уақыт мезгілдері күннің уықтан уыққан  жетумен геометриялық, минуттық есеппен дәл шығарылған) Әлемдік брендке, Еуропаға осы пайымды, түсінікті насихатымыз кем болғаннан әлі күнге нақты, «соқырға таяқ ұстатқандай» ағылшын тілінде түсіндіре алмай қор болып жүрміз.

Ағылшын демекші, ЖЕЛ мен АЙНАЛУдың қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі ортақ ұқсастықтарды табалық. (Ш. Бекмағанбетов) ЖЕл –зат есім.( одан шығатын етістіктер  же-лігу, же-лпілдеу) ВЕ-тер-зат есім. (Ве деген түбірден ве-ртеть, ве-ет,ве-нтилятор, ве-рталет т.б ұқсас ұғым шығады.)Ағылшынша WI-nd-(жел) –Зат Есім. (VE-ntilator- айналдыру жабдығы). Көрдіңіз бе ЖЕ -ВЕ -WI-VE түбірінде ортақ тілдік ұқсастықтың барын. Бұл кездейсоқтық емес, сәйкестік. (Лингвисттердің де өз пайымы болуы мүмкін, ғылыми дәрежем жоқ мен де шатасуым кәдік. Делетант деген арзан атаққа ілінгім келмейді.) Тіл де сынап секілді.Тіл, сөз жер басқан адамзатқа ортақ болғаннан кейін ұлттық, шекаралық ерекшеліктерге қарамай өтіп кете береді.

P.S «ЖЕліде ЖЕлігіп балам нең бар? Оқыған-тоқығаныңды, азаматтық ұстанымыңды, шығармашылығыңды кітапқа түсір. Тіл-көз бар. Қайтесің, пікіріңді ашық айтып, уақытыңды зая кетіріп. Таста. Ана жерден кет»,-деп анам күнде «қақсайды». Мен өз кеңістігімде  біреудің ала-жібін аттамай, рухани таза дүниелерді жазып жүрмін,-дегенімді «тыңдағысы» да келмейді. «Бәле іздеймін десе, ілікті аяқ астынан табады. Көргенбіз ондайдың талайын»,- деп анам сыртымнан «шыр» айналып жүр...... Ойланып жүрмін.  

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ       

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

219

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз