+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



"ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН"


Тағы да жаз. Біз қонған шұңқырда үй аз, бала басы да санаулы. Ойындарының бағытын кейде ұқпай қаламын, сонда да болса қатарларына қосып алады. Өзім де ұзақты күнге үй көрмей, айналма болған қойға ұқсап, солардың жанынан шықпаймын. Көбісі жасы үлкен қыздар, мені жиі-жиі түртпектеуіне қарағанда, аса сүйкімді емеспін. Кейде есемді жібергім келмей ойыншыққа таласып та көремін, бірақ ешкімге әлім жетпейді.

Бір күні бәріміз шұбырып ауыл маңындағы ай тақырға бардық. Сол тақырдың бетінде үлкенді-кішілі тастар жататын, соларды жинаймыз. Оған мен де қатысамын. Бәрімізді бастап жүрген Нәзира деген қыз:

- Ал, енді үй саламыз, - деді.

- Қалай, қалай?..

- Қазір көрсетемін.

Шынымен адам отыратындай кең бөлмелі үй соғар деп ойладым ба, тергіштеген шақпақ тастарды етегіме салып үйе бердім. Нәзира тастарды қатарластырып тізіп, төрт бұрыштың нобайын келтірді де, "төр үй" деп біреуін бөлекше қоршады. Мен саралап жүріп жинаған тарғыл тастарды осы төргі үйге жұмсады. Сосын, ауыз бөлме, шылаң, қора – бәрі салынды. Есік деп қалдырылған ашық жермен кіріп-шығып жүрміз. Нәзира бәрімізді тәртіпке келтірді.

- Мен қазір келіншек боламын, сосын шелегімді алып барып, түйе сауып келемін. - Бұл арада "түйе" де - тас, "шелек" те - тас әрине, бәрінің орнын белгілеп қойды. Бір қыз – кемпір, бір қыз – бесіктегі бала, іңгәлап жылайды, оны тас "табақпен" жауып, қылқылдатып сүт ішкізеді. Ара-арасында, баланы емізіп те алу керек, Нәзира "емшек" береді. Байқап отырмын үй ішінде орнын таппай құр қалған мен сияқтымын.

- Мен не боламын? Мен ше? - Нәзираның қыңқылдап қасынан кетпедім.

- Сен маған бай боласың.

- Орә, орә! - Бұндай оңайдан табылған ақылға қалған қыздар қолдарын шапаттап қуанды да, мен енді "бай" болуға кірістім.

- Сен отыр, - деп алдыма тас "дастархан" жайды да, "самауырдан" "кесеге" шай құйып беріп отыр. – Енді сенің жатуың керек.

- Мынау төсек, - деп "төргі бөлмедегі" тақырдың үстін қолымен сипап жіберді де, басыма жастық деп бір тасты салды. Мен сол тасқа, шекемнің ойылғанына қарамастан құлай кетіп, "қор" ете ұйықтауым керек. Басымды да, жамбасымды да жаңағыдай "құс төсек" жеп барады. Ойынның ережесін бұзбасқа сыр білдірмеймін, аяғымды айқастырып шалқамнан түскенмін.

Тұрып-ақ кетер едім, "келіншегім" жүгіріп келеді де құлағыма былдыр-былдыр сыбырлайды да:

- Түсіндің бе? - дейді.

- Түсіндім. - Мен қауақтай басымды изеп белгі беремін.

- Шай ішіп, домбыраңды тартып жат, - дейді.

Мен айтқандарын екі етпей орындаймын ол: - Кешкілік келемін ғой, - деп шығып кетеді. Бірақ оның бұл әрекеттерін түгел ұқпағандықтан, басымды көтеріп:

- Шай қайда? - деймін.

- Сен де бір бәле болдың-ау, - Нәзира мені шынымен некелі күйеуіндей көріп, шаптығып сөйлейді. - Құмыңды ішкір, ішсейші мә, қақсай бермей... Өзімнің қолым тимей жатса, бір жағынан бала, - деп алдыма ірілі-уақты бірнеше тасты лақтырып жібереді.

Е-е, белгілі, мен шынымен кәделеп шай ішеміз деп ойласам, тас кесені ерніммен иектеп сораптауға тиіс екенмін. Төбемнен күн өтіп, мыж-мыжым шығып отырғандықтан, "шай ішесің" деп алдағанына наразылық білдіремін. Нәзира болса тағы да:

- Мына балаға қарай тұр деп – тағы бір тасты ұстатып кетті. Өзі сиыр саууға тысқа беттеді.

Мен "келіншегіме" тіпті риза емеспін. Оның үстіне шекеме батқан қырлы тастың орны зар қақсап барады, қолымдағы "баланы да" ереже бойынша селкілдетіп жылатпауым керек, күннің астында қалғып-мүлгіп басым ауырайын деді ме, жылауға айналдым. "Бай" болудың қиын міндет екенін сол жолы білдім.

Малды байлап, шаруасын бірыңғайлап, уһілеп үйге келген "келіншегім":

- Қазір көзге түртсе көргісіз түн болды. Төсек саламын, - деп тақырдың үстін тағы да сипалап-сипалап. - Жатуымыз керек, - дейді. "Алдымен сен жат" деді де, баяғы көпшік деп қойған үп-үлкен тасын нығарлап көрсетеді. Менің мұндай өтірік өмірге жыным тырысты.

- Жатсаң өзің жата бер! - Мен де ерегісіп алдым. Бағанадан бері үстінде жағдайсыз жатқан тасқа құлай кетуге құлықты емеспін. - Бірінші сен баста.

"Ерлі-зайыпты" екеуміздің арамызда кикілжің осылайша өріс алып кетті. Есіктің алдында жайылып жүрген қой-ешкілер қайтадан адам қалыптарына келіп, біздің "шаңырақтың" қалай қарай қисаятынын бағып, екінші жағынан Нәзираға болысады.

- Жатсайшы, ойын ғой, жатсайшы...

Менің тіпті, сөз өтпейтін миғұла екенімді көрген Нәзира, ертелі шай беріп отырған көк тасты алды да, онсыз да ауырып тұрған шекеме тоқылдата ұра бастады. Бірақ мен қос қолдап ұстаған "баладан" айрылған жоқпын, оған әрине бауыр етім елжіреп бара жатқан жоқ, өйткені тасы түскір үй мүліктеріне өз қолыммен қосқан  "үлесім" еді. Сол үшін Нәзираға тұқырайып отырсам да, өз дегенімен қайтпайтын қаркестілігіме әбден күйді ме, "қалап алған байы" екенімді де ұмытып, бірден желкеме мініп, желкеме тізесін тірей тақырға қарай бассын. Өліп барамын, көзім мұрнымның тұсында тақалып тұрған сирағына түсіп кетті де, ауызды салдым келіп.

- Ойбай өлдім, ойбай!..

Жіберер бәлең мен емеспін, тісті бақадай жабысып, басыма тиген тасқа да қарамадым. Әзер дегенде босанған Нәзира аяғын ұстап отыра кетті. Бұдан әрі қарай таяқ жеп қалмау жағын қарастырып, ауылға қарай қаша жөнелдім. "Күйеуінің" опасыз болып шығып, сазға отырғызғанын көрген Нәзира атып тұрды да,  бағана "бала" деп ұстап отырған тасты өзіме қарай жіберіп қалды. Абырой болғанда "бала" басымнан  асып қаңғалап кетті. Сөйтіп біздің "шаңырақ ортасына түсті", мен басымды қайттап, "некелі әйелімді" сонадайдан көрсем қашқалақтап жүріп, ақыры "ажырасып" тындым.

 

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

302

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз