+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



МЫҢ АЛҒЫС, БІР ТАҒЗЫМ.....


«Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тура бүгін шаңырақ көтеріп, уық қадағанына 25 жыл толды. Алла разы болсын, басшылары  шақырту билетін жіберіп, журналистері Астанаға арнайы келіп сұхбат алып кетті. Өкінішке орай, көңілді, пейілді  сыйлаған қазақпыз, осыдан бір ай бұрын өзімнің әріптес досым Тельман Бейсен қуанышына шақырып, ол тойға қатыспасам  әзілмен «мәселемнің май шаммен қаралатынын» ескерткен. Уәде-уәде.  «Айналдырған жақын араласатын 2-3 жігіт Астанадан үдере ұшып, Қызылордаға тойға кеткеніміз жөнсіз болар»,- деп досымнан рұқсат санаудың өзін шыны керек ар санадым. Сәлемімізді арқалап Нұрбек Амиша інімнің табаны бүгін Сыр еліне тиді. Бұл ұжым мен үшін ерекше ыстық. Журналистерден бастап, операторларға дейін құшақ жайып, амандасқанша асығамын. «Хабар» агентігінің Қызылорда облысындағы тілшісі қызметінде жүргенімде  бұл телеарнаның табалдырығын аптасына 2-3 мәрте аттаймын. Қызылорда-Шымкент-Тараз-Алматы телевышкалары арқылы «Хабардың»  жаңалықтарына өтетін сюжет тек осы каналдың техникалдық қолдауымен жүзеге асады. Телеарна басшы Жағыпар Қарабала ағам бір көргенде  қалың қабақты шенеунік секілді болғанымен, кабинетіне оңаша кіргенде «ой, асылдың сынығы келді»,-деп орнынан атып тұрып, құшағын жайып, балаша қуанып қарсы алады. Қашан барсаң да дағдысы сол. Облыс әкімдігінде қызметте жүргенімде  Астана мен Алматыдан келген қонақтарыма «Қыз Жібек» мейрамханасының есігін тәулігіне 24 сағат аштыртып қойып, бір жыл телеарна басшысы есеп-айырбас ретімен, дастархан шығынын «қыңқ» етпей көтерді. Қызық жері Жәкем «Ұялма, айт қанша қонақ келсе де, себебі сенің қонағың менің қонағым»,-деп ағалық азаматтығын оңашада ашық айтып қалатын.  Ал ұжымға келсек, өзім ерекше құрмет тұтатын Айсұлу, Айткүл, Гүләйім,  Бақыт апайдың орны бір төбе.  Қисайып келіп, көрген жерден «қылжақтаса» кететін тете шамадағы әріптестерім Алтынай, Мөлдір, «Хабар» агенттігінің алты жыл меншікті тілшісі болған Бағдат ақырын ғана әзіл айтсам, «бұл қылжақбас  жұқалап не тықпалап тұр деп сөзіме емес, оның астарына үңіліп,  «бәлеге» қалмаудың қамын жасап, құлақтары түрік тұрады.  Сәлден кейін күлкіге булығып, гу етеміз сосын.  Бас инженер Бақытжан Шүкенов, бас телеоператор Нұрлыбек Шахметов көрген жерде құшағын жая қарсы алады. Жастардан құралған футболдан бір командалары бар.Шетінен «бомбардир». Былтыр журналистер арасындағы спортакиадада Астанада  2 орын алды.

 

Аман болыңдар, бар болыңдар, нар болыңдар! «Қайран 25» деп ешқашан өкінбейтіндей дәрежегі мәңгі «25» жастан аспаңдар, тоспаңдар, шалдықпаңдар, шаршамаңдар, қартаймаңдар, қажымаңдар.  Пейіл  ғой бәрі, әйтпесе, біреуден біреу нанын үзіп жеп, күнін көріпті дегенді осы кезге дейін естігенім жоқ.       

НҰРЛАН СОҢҒЫБАЙҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

195

1 comment

  • Жұма, 29 Сәуір 2016 11:13 Ақмарал Ноғайбвева

    Облыстық телеарнаның мерекесі құтты болсын! Елі үшін қызмет ететін ерекше ұжым!!! Шығармашылық табыс тілеймін!!!

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз