+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ҚЫЗЫЛША...


Сол жылғы қыс біздің көршіміз Толыбай деген шал, әйелінің аты Қағаз еді. Аты Қағаз болғанмен, заты қағаз емес, көмірдей қара, көзі аларған, тайпақ бет үлкен әйел. Мен ол кісіден тайсаламын. Қағаздың менен үлкен баласы бар, шешесінен түр-түсі аумағандықтан, онымен ойнау да қауіпті тәрізді. Сондықтан жалғыз өзім машинадан қалған ірілі-уақты дөңгелектерді тауып алып, жер жетпегендей күл-қоқыстардың арасында заулап жүремін. Езуім көпіргенше гүрілдеп, титықтайтыным сондай, бір күні жайма қораның шуағына маужырап, далада ұйықтап қалыппын. Толыбай қойды қораға қамайын десе, бір бұрышта пышылдап жатқан "құбыжықты" көріп, дүрлігіп кейін толқиды дейді. "Ішіне ит кіріп кеткен бе?" деп назарын салса, аузынан су ағып, дөңгелегін құшақтай құлаған мені көрген. Содан кейін үйдегілердің бәрі қорқытып-үркітіп, әр түрлі құбыжықтар жайлы айта бастады.

- Далаға ұйықтап қалсаң, шайтан қағып кетеді...

- Қаққанда қайтеді?

- Аузың желкеңе шығып, көзің тас төбеңде жанып тұратын болады?

- Ал, бұрынға аузы-мұрнымның орны тас болып бітеліп қала ма?

- Ол араға қалқиған құлақ шығады, сосын құлағы салбырап кеудеңе соғып, күндіз-түні дөңгелегіңді қуа бер.

Шынымен қорқынышты. Осындай жантүршігерлік оқиғаларды көз алдыма елестетіп отырып, өткен жолы аман қалғаныма қуанам. Олар әлі де менің санама сіңіре түскісі келеді.

- Далаға ұйықтаған кезіңде перінің қызы Бекторы аңдып тұрып, жеп кетеді сені.

- Содан соң не болады?

- Сосын бүйтіп ирелеңдей отырып. - Саусағын қимылдатып көрсетеді. - Бекторының тамағынан өтесің де, ішегімен жүріп қарнына түсесің.

- Қарнынан кейін қайда барамын?

- Одан кейін бе? - Олар да ойланып қалды. - Сосын қойдың құмалағындай жұмалап-жұмалап жерге түсесің де, сені "ап" деп қасқыр жейді.

Қасқырдың атын естісімен үнім шықпай қалады. Осыдан соң біраз уақытқа дейін үйден ұзап кетпейтін болдым.

Бір күні аулымызға беті қисайған бір кісі келді. Аузы желкесіне шыға қоймаған, бірақ жағының қапталында тұр. Сол арадан тамақтанып, сол арадан күледі.

- Аға бала кезіңде далада ұйықтап қалған ба? - дедім. Әкем маған "Өшір үніңді" дегендей көзін алартқасын, аңтарылып қалдым.

 

***

 

Анда-санда төбесін көрсетіп, есіктің қыр көзінен кейін қайтатын Қағаздың балықтай қара баласы бір күні, қыр ізімнен қалмады. Мен оны өнеріммен таңқалдыру үшін, ортасына өткізген дөңгелегімді қаттырақ айдап, ши-шидің арасындағы сиыр салып кеткен қатқыл жолмен тоңқаңдап жүгірейін. Анау ойын қызықтағандай, алысқа ұзап кетсем де соңымнан борсаңдап, ішек-сілесі қатқанша күледі. Оның маған соншалық мән бергеніне масаттанып, бұрынғыдан да қаттырақ жүру үшін жан дәрменімді жұмсап, ой-қыр демей ұрынамын. Әбден жүгіре-жүгіре сілесі қатып шаршаған бала, қайтар кезінде май құйрығымнан түртеді. Иманым тас төбемнен шықты, бағанадан бері көршімнің таң-тамаша қалып жүргені өнерім емес, балағы тобығына түсетін ұзын дамбалым бар еді, соның ту сыртындағы тігісі сетінеп кетіпті. Мен дөңгелек айдаймын деп еңкейген кезде, Қағаздың баласы кино көргендей шұқшиып ішек-сілесі қата шиқылдайтын еді-ау. Мәселенің байыбына барғасын қалған абыройымды алақаныммен басып, үйге қарай тұра жүгірдім.

Содан кейін біраз мерзім үйден шықпадым, ұялғаннан емес, төсек тартып ұзақ уақыт ауырдым. Күндіз-түні күйіп-жанып жатамын да, көзімді жұмсам, құдыққа құлап судың түбіне кетіп бара жатқандай аласұрам. Көп ұзамай денемнің әр жеріне қызарып тарыдай-тарыдай дақтар пайда болды да, бара-бара киіздей ұйысып тұтасып қалды.

- Ақұдай, ақұдай, енді тәуір боласың. - Мен үшін көздері құрғамай отырған әке-шешем әр жерімді сипалап көреді. - Бұл қызылша ғой.

Олар айтқандай бірден келеге келе қойғам жоқ, қызуым қайтпай ұйқылы-ояу тірліктің арасында мәңгіріп жаттым. Үй ішінде болып жатқан әңгімені түгел естимін.

- Қағаздың баласы да қатты жығылған екен. Қызылшасы бетіне шықпағасын ба, денесі өртеніп жатыр, - дейді шешем.

- Індет қой, - Жалғыз ұлынан ұзамаған әкем маңдайымды уқалайды. - Бұл өзі доғдырға көрсететін ауру емес...

Ертеңіне де сәмсіреп өң мен түстей бір күйімде жатыр едім, құлағыма еміс-еміс шешемнің үні келді.

- Қағаздың баласы шетінепті-ау...

- Жаңа ғана көзін аша алмай жатқан...

- Көне қоныста барлық баланы баудай орып жатыр дейді, біздің жайымыз не болады екен?.. - Шешем үнсіз жылап отыр. Әкем дыбысыңды шығарма дейтін белгі берсе керек, сыңсыған үн әлдеқайда жоқ болады.

- Құдайға сиына бер, - әкем жәй ғана сыбырлады. - Сен осы арада бақауылдап отыр, мына үйге көңіл айтып, кіріп шығайын.

Бір күні қуығым байланды. Дөңбекшіп, төсегімде бүктетіліп, жылап жатырмын. Әкем мен шешем "не жаздым" күйге түсіп, құдайына "ақ сар бас" айтты, бірақ біздің үйде ондай атаулы мал қайдан болсын.

- Дүние-мүлкім сенің жолыңа садаға, - әкем есіктен бас жібінен жетектеп торпақ алып кірді, құйрығының ұшынан кесіп отқа көңірсітті. - Осыны әруақтарға атадым.

Не құдірет күштің әсер еткенін білмеймін, буыным босап, байланған қуығым жүріп кетті. Әулие-әмбиелерге жалына-жалбарына, алыс ауылдағы атышулы тәуіп болған кісінің ұрпағы деп,  адам шақырып, жаңағы торпақты бердік. Тағы да қой сойылды. Сол кештен бастап, маған әлдеқайдан күш ене бастады. Келген қонақтарды қызықтап жатып, жан-жағыма алаңдаймын. Күлдім. Әке-шешем мәре-сәре қуанып, табандары жер иіскемей зыр жүгірді.

 

Көретін жарығым бар екен, көзім үңірейіп, тізем-тіземе соғып, қалтырап-дірілдеп орнымнан тұрдым. Терезенің жақтауынан тырмысып тысқа қарап едім, дала самаладай жап-жарық. Көкжиектен көтерілген күн, "қалай тәуірсің бе?" дегендей күліп қарайды, мен тұнжырап төмен қарадым.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

179

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз