+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



КӘРІ МҰҒАЛІМ....


Бұрқан ағайдың жасы жетпістің жетеуінде. Үнемі сақал-мұрты алусыз айдақ-жайдақ жүретін адам. Оның жарты ғасырға жуық мұғалім болғанының белгісі – қандай бір қиын-қыстау күні де мойнынан тастамай тағып жүретін галстугі. Әйтеуір, бір заманда сатып алынған және содан кейін өтек жүзін көрмеген кастюм шалбарына қарап, бұл кісіні не қызметкер, не ақсақалдар санатына іліктіруің қиын, сонысын өзі де білмейді ау. Кейде шалдар мәсісін киіп, кең қойын шапанын жамылып, сақалын салалап, кәделеп кіретін құдажолы, тойға Бұрқан галстугін ғана қылқита буып, қыржым-тыржым киімімен бара салады. Ас қайыруға білігі жетсе жетер, бірақ құран оқып, өлі аруаққа құдай жолымен тие берсін айтудан қара жаяу. Ақсақалдардың арасындағы аталы әңгімеге де, қыз алысу, қыз берісу сияқты мәслихаттарға да қатыспайды; қатыспайды емес, өзі тұратын ауылдың жол-жоралғысынан бейхабар-ау, шамасы...

Бас қосылған жерде шалдар қартайдық деп қарап отыра ма, бір -бірін іліп-шатып, тұқайдан қағып қалатын қалжыңдарын да айтады, бірақ біреуі Бұрқанның намысына тиетіндей мысқыл сөз қашырған емес. Өйткені, бұл кісінің бүкпелі қуақыларға көрсететін мінезі. Содан қаймығады. Сондықтан, Бұқаңның тойға барып қайтты деген аты, заты тікесінен тік отырып, шым-шымдай тамақ ауыз тиіп, үйіне келіп, сол жегендерін басу ішін шәй ішу. Құдайдың берген мінезі - сол. Заманында  қатар құрбылармен қас-қабағы жарасып қалса қайдам, ал қазір мектепте бірге жұмыс істейтін мұғалімдермен де қатынасы жоқ, аяқ-табақ араласы жоқ. Қай жағына да қонақ  – келеді де кетеді.

 Болмысы бөлек жаратылып, адам қарасынан бойын оқшау салып жүрсе де, бұл кісі осы ауылға жоғары білім алып келген алғашқы мұғалім ді. Есеп-қисаптың белгілі білгірі. Шау тартып  қалғаны қазір шығар, осыдан қырық-отыз жыл бұрын мемлекеттік емтиханға берілетін алгебраның қырық матау теңдеулерін аудан бойынша осы кісі ғана шығаратын. Ал қалған мектеп мұғалімдері Бұқаң шығарған есептің жауабын ай күткендей тосып, алдымен өздері, содан соң оқушылары бір-бірінен көшіріп алушы еді. Осындай қадыр -қасиеті артып тұрған кезде де оның  бәлсінгенін көрген жан жоқ, бір сазынан аумайтын қоңыр күйі. Сөзі де, мінезі де, тіпті, үстіндегі киімдеріне дейін өзгермеген жарықтықтың.

Дегенмен, өтіп бара жатқан өмір атты құдірет бар. Аузымен құс тістеген академиктеріңнің өзі нардай шөгіп жатқанда, математиктің қартаймасқа амалы қайсы? Егделік еңсесіне нығарлап тұрып отырды. Бұрқан зейнетақысын алса да сүрніккен мектебінен қол үзбей, санаулы сағаттарды айналдырып жүрген. Соның өзінде бірде ту сыртынан шаншу ұстайды, кейде жіліншігі сырқырап, түн баласы көз ілмей шығады. Тұмау-сүзегің тағы бар. Бұрхан ағай күн аралатпа өтетін сабағына да бара алмай қалатын.

Алғашқы жылдары беделді мұғалімнің бір-жар сабақ қаза жібергеніне басшылар кешіріммен қарады. Жүре-жүре сол мектепте істейтін әйел, бала-шағаның арасында сыпсың әңгіме шыға бастады. «Өздері қызық па, екі күннің бірінде ауру, пенсиядағы адамға сабақ бергізіп қойғаны несі? Тіптен, ақылынан алжасып кеткен адам сияқты, алдындағы баланың не істеп отырғанымен шаруасы жоқ» десіп жүрді.

Осы кезден ауыл арасында Бұрқан ағайға деген көзқарас кілт өзгеріп, оның атын да атамай, оқушылардан ересектерге дейін «Кәрі мұғалім» дейтін болды. Мектеп басшылары мұны көріп-білмей жүрген жоқ, бірнеше рет шақырып, жағдайлап көрген. «Сабақ беруді қоймасаңыз, әңгіме сөзге айналатын түрі бар» деген емеурін білдірді. Бұрқан ағай үгіт сөзге ығыланып, «осы оқу жылы біткесін көрерміз» деп сүйей салды құтылып кетеді. Бірақ келер жылдың қыркүйегі туар тумаста басында қыс киер құлақшыны, үстінде қалың жадағай, аяғында байпақ, қойнында қағаз қаламы бар кәрі мұғалімді тағы мектептен көресің.

Директор айтудай-ақ айтады - ау.

-  Ой, Бұқа-ай, құдайдың берген рахатын үзіп-жұлып, ит рәсуа етпей, деміңізді алып жатпайсыз ба? Енді үш жылдан соң сексенге шығады екенсіз...

Оған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қосарланады:

- Егер-әки, Бұқа бар ғой, мен сіздей ақыл-есім аман тұрып, жүз жиырма сом ақшаны шекесінен шертіп алар күнге жетсем, осы мектептің босағасына бас сұқпас едім. Қалғанын бала шағаның өзі жетістіре жатар, жетпесе, әтелеріне мың да бір нәлет...Жүрсін азып тозып...

Кәрі мұғалім тақуаланған дімар да, қадалған жерінен  қан алатын тілемсек те, тіпті, күні түскен адамның алдында құрдай жорғалап кететін жағымпазға да жатпайды. Директорға қарсы айтар дәлелі де жоқ, сөзін де жалынышты деуге қимайсың, бірақ бар жағдайын жапсарлап жеткізеді.

-           Қарақтарым, біле бермейді екенбіз... Бала кезде алданышың, қартайған соң алдауышың екен. Бәрі оқып-тоқып алғасын, бет-беттеріне бытырап кетті. Құдай басқа салмасын де. Біз әйтеуір, үкімет ауырсынбай, күніне бір-жар сабағын берсе, өздеріңе  қыдырыстап келіп-кеткендей болар едік. Көп емес, бір шалмын ғой...

Мүләйім сөз емес, кәрі мұғалімнің имандай шыны. Осы жағдай күні ертең біздің басымызға түседі-ау деген директор мен завуч сылқ ете қалады. Өздерінің де ұл-қыздан рахат көреміз бе деген құдайдан үміті бар, қойын-қонышы кең мектептің көлеңкесінен бір шалға орын ауыспапты деген ағайын арасындағы әңгіме сөзден де қаймығады. Әрі шалдың айтып отырған сөзінде жалғандық жоқ, келін-баладан салуы кем шыққаны да рас. Бұрқан қиян шеттегі немерелерім ашығып қалмасын деп, мұнан тапқан аз нәпахасын  ай сайын соларға салып тұрады. Бұл да құдайлық іс қой, сынап-мінеу әбес.

- Әй, мейілі, - дейді осының бәрін ойлап толғап, ақыры бір шешімге тоқтаған директор, - Берші мына кісіге. Сурет бар ма, сызу бар ма, тіпті, төменгі кластардан денешынықтыру қос.

- Әңгіме-сөз болса қайтеміз? - Завучтың көкірегінде кәрі мұғалімге деген бөтен ой жоқ, тек әшиін сақтығы.

-   Әңгіме-сөз қылғандардың басына Бұқаңның күнін берсін...

          Осының бәрін кәрі мұғалім құлағымен естіп отырады, бірақ ар-намысына тиіп жатқан әңгіме жөнінде не ойлайтыны беймәлім, ләм демейді. Қайта бастықтарына алғысын жаудырып, батасын беріп, үлкен іс тындырғандай бақуаттанып, үйге қайтады.

       Биыл да солай болды. Жаз бойы көрінбей кеткенге «Бұл байғұсты кәрілік меңдеп, төсек тартып жатып қалған ғой» деп жүрген жұрт. Оқу жылы басындағы салтанатты жиынға қалт құлт етіп тағы да келіп тұр. Жұрт жағасын ұстады: «Астапыралла!» Мұғалімдер Бұрқанмен амандасып, саулық сұрасты. Әрқайсысының сағаты мен класы жыл басынан белгілі, ту-талапай бөлісіп алып, пәндік кабинеттерде парталарды тәртіптеп, көрнекі құралдарды балаларының көмегімен сүрткілеп, тиісті орындарына қоя бастады. Қыркүйектің алғашқы күнінен қат-қабат тірлік қайнап жатыр. Тек, ештеңемен шаруасы жоқ, кірген-шыққандармен бас қана изесіп, самасау күйде мұғалімдер кеңсесінде отырған Бұрқанның бір өзі. Биыл тағы да ауыс-түйіс сағат дәметіп келгені әмбеге аян. Жиын басында кәрі мұғалімнің қолын бір алып кеткен мектеп директоры қайтадан қарасына жуымады. Жетпіс жеті деген  аз жас емес қой, торғайдың көлеңкесінен тоңатын кез: күннің ыстығына қарамастан, үстінде жағалы пальто, мойнына ұзын шалма орап алыпты. Аяғын асықпай басып жүріп директорды індете қуды. Директор жаңа ғана кеңсесіне кіріп кеткен ді, ізінен барса, зым-қайым жоқ болып шығады. Есіктің аузын торуылдайды, ақұдай-ау, телефоны шыр-пыр қағып безектеп жатса да маңайлар емес директор. Ақыр аяғында кәрі мұғалім тышқан аңдыған мысықтай кеңсенің есігіне телмеңдеп телмеңдеп, түскі үзіліс таяғасын үйге қайтты.

          Бір мезгіл мектеп директорын қуамын деп сілелеген бе, түс ауа сүргіндей барып төсегіне құлады да, далаға шықпастан қалды. Әрі-бері аунақшып жатып көрді, бөлме ішінде бүйім -әлімсіз отырып, көзін тас-төбедегі бір нүктеден алмай әлденелерді ойлады, қайтсе де қабырғасының астын уайым үңгіп жеп бара жатыр. Ертесіне шалмасын мойнына екі орап алып, мектепке тағы барды. Директор кәрі мұғалім ауыз-ләмімді сезген соң, мектеппен біржолата қош айтысқан шығар деген оймен көңілін бірлегендей кеңсесінде отыр еді. Табалдырықтан теңселе басып Бұрқан кіріп келеді. Дымы бітіп қалсын.

      - Бұқа - ау, неге келдің деймін, неге? Ойбай ау, жатпайсың ба, тынығып бір, - деп жылап жібере жаздады. 

     - Е-е, қарақтарым - ай, сендердің қараларыңа келемін де...

      Кәрі мұғалімнің жылдағы кәдісі. Үмітті көзін директордың жүзінен алмай, жылы күздің басында жаураған қос қолын уқалай береді. Бұл енді әңгіменің өзегін басқа мақамға бұрып, кәрі мұғалімнің негізгі шаруасын ұмыттырып жібермек.

                -      Отын алдыңыз ба?

      -  Жоқ. - Жауапқа көп аялдамаған Бұқаң мұны сағақтан ұстап айрылмайды. – Тиын-тебен тапсам, отынның бір жөні болар деп ойлаймын, айналайын-ау...

    - Совхоз не дейді, қолыңдағы бірлі-жар қараңа шөп беремін дей ме?

    -  Қайдам?.. Үйіңнен біреу үкіметке жұмыс істеп палуан шықпағасын, пенсиядағының қай айтқаны болады. «Өлдің, Мамай, қор болдың» деге-е-н...

      Міне, осы. Қанша салғылассаң да шұбалаңдаған әр сөйлемнің аяғы сағат сұраудан бір-ақ тоқтайды. Директор да қазақшылығы мол, көңілшек адам еді, жасы сексенді иектеген, төрінен көрі жуық шалға қалай қатты сөйлесін. Маңдайын ұстап отырды да қалды. «Үндемесем қайтер еді?» дейді өзінше. Бірақ кәрі мұғалім мұның сай сүйегін сырқыратып, өлі-тірі әруақты әріден қозғап кетті.

      -   Адамды айтам-ау, - дейді даусы қалтырап. – Бір әуре ғой. Сонау жылдары соғыста жүргенімде қара табанымның астына қос бомба түсіп, сонда аман қалдым-ау мен... Дәм таусылмаса, қиын екен, ит жеккеннен де тірі келді біреулер. Оған өзі, қуануға болмайды, адамның көрер азабы түгесілмей, құдай оны өлтірмейді.  Пешенедегі жазуды көресің, сосын өлесің... Бәрінен дүниеден ерте кеткендердікі дұрыс. Мәселен, бірер сағатқа зар болып осы жүрісім не?...

          - Ақсақал,сағат жоқ сізге, жоқ... Сабақ бере алмайсыз енді. Жұрт көздің қарашығындай әлпештеп отырған баласын  сізге сеніп бере ме?

 -  Шын ба, шырақай ау...

  - Өтірік айтып не басым іскені? – Директордың  да төзімі темірден емес, өз-өзін тоқтата алмай даусын көтеріп жіберді.

- Әбден сілемді қатырдыңыз ғой түсінбей... Жылда-жылда, жылда-жылда... Өлетін болдым тіптен...

 -    Жылда екені рас еді, қалқам... Ал, енді құдай бала-шағаңның бағын ашсын. Жағың түспей, жамандық көрме. Бір басын екеу, бір малың қоралы қой болсын. Мені сыйласаң, сені алла сыйласын, айналайын. Аумин. -  деп кәрі мұғалім орнынан қалт қалт етіп, есіктен тәлтіректеп шықты.

      Мектеп директоры не айтарын білмей, әлденеге оқталып-оқталып барып, тым-тырыс қала берді. Жаңа ғана кәрі мұғалімнен естіген алғыс, алған бата құлағынан кетер емес. «Айтқандарың періштенің құлағына шалынсын» деп бетін бір сипап өтті. Сосын жылдағы завучын тағы шақырып алды.

               - Сабақтарыңды бөліп қойдың ғой, кестесі   әзір ме?

      - Әлі де бір-жар сағатты балалы-шағалы мұғалімдерге үстемелесем деп отырмын. Қалғандары әнаукүнгі жоба бойынша.

   - Сен соларды үстемелемей ақ ой. Оннан-мыннан ауыстырып, бірдеңенің басын шатып, ана кәрі мұғалімге жаз. Сабағын өткізбесе, өткізбес. Берген қайыр-садақамыз болсын сол мүсәпірге.

Завуч иығын қиқаң еткізді.

     -  Тіпті, сол кісінің ақыл есі дұрыс емес ал... Бұқаңды қазіргі қалпында мектептің маңайынан жүргізуге болмайды!..

              -   Ақыл-есі дұрыс, жазасың, - деді директор  табан тіреп. – Ол бермесе сабақты, орнына өзің өткізесің, керек десең, және жалақысын өз қолыңмен апарып бересің.

-           Сізге де екі сағатын ілейін...

-           Іл, іл...

Мектеп директорының айтқаны жерде қалушы ма еді, тағы да ән-күйден, суреттен ауыс-түйіс сағаттар кәрі мұғалімге бекітіліп берілді. Кәрі мұғалімнің жан-дүниесінде қандай дүмпу болғаны беймәлім, әлде сырткөзге солай көрінді ме екен, әйтеуір тиесілі сабағынан қалмай өткізіп жүрді. Әрине, пән тиімділігін жақсарт, түсіндіру тәсілін жетілдір деп ақыл кеңес айтпайсың, ашық сабақ ұйымдастырмайсың. Қырық бес минут балалардың алдында қалқайып тұруға жараса - аз шаруа емес. Соның өзі үлкен күш. Сурет сабағы кезінде кәрі мұғалімнің тақтаға бұрылғанын пайдаланып, есіктен шығып кететін жылпостар бар. Ізінен кім сұрау салсын, кәрі мұғалім класс журналын қолына ұстап кіргені болмаса, оқушының атын атап, түсін түстеп тізімдеп тексермейді. Тексере қалған күні жоқ баланың фамилиясын айтса екінші бала тұрады, кейде барлық бала үшін мен деп жалғыз оқушы жауап береді. «Сен кімсің, ол қайда?» деуге сөлі жете ме,  кәрі мұғалім  үшін балалардың бәрі бейтаныс, тек фамилияларымен тұспалдайды. Сондықтан бала біткен сурет сабағында көңілі қалаған іспен айналысады. Табиғатында тыныштық сүйетін Бұрқанға шаншудай қадалатыны – оқушылардың сыбыры, қарқылдап күлгені, бір-бірімен алысып-жұлысып кететіні. Шайпаулық жаратылысында жоқ еді, бірақ бала шіркін өлген адамның тілін шығарады. Ондайда көзі шатынап, ерні дірілдеп, қолы қалтырап орынан еміне тұрады:

        - Әй, әтәңәнәлеттер, өлтіріп болдыңдар ғой. Маза бересіңдер ме, жоқ па? – дейді.

       -  Доңыздың ғана асыраған төлдері, - дейді кейде төбелерінен теңселе төніп. -  Осы, қайсыларың  күңіренетін?

       «Ішінен ыңылдап отырған мынау» деп бала айта ма, айтпағасын сона шаққан аттай, құлағын қағып-қағып отырады самсоз. Ал парта астымен еңбектеп жүрген оқушы қолына түссе, бет жүзіне қарамайды. Бойдағы қуатының бар сарқындысын жинап алып, төмпештейді дейсің. Осы мінезінен хабарлы ата-аналар сурет сабағы болатын күні балаларын соғысқа шығарып салғандай, «тыныш отыр. Біреу желкеңнен түртіп жатса да артыңа қарама. Сөйлеме, күлме. Өлесің, сорлы. Рә болмай бара жатса, қолын жұлқып тастап, шыға қаш!» деп тапсырып жатқандары. Кәрі мұғалімнің үстінен шағым жазған ата-ана болды. Бірақ елден ұялды ма:

      -    Құрысын, арызымды қайтып алдым. Мұғалім деген миашу жұмыс қой. Баласы түскір жүйкелеткен ағайды. Бір шапалағы баламызға артық кетсе, атасы ғой, - деп өздері қашып құтылады.

Осылайша елдің адамдары  Бұрқан ағайға кешіріммен қарайды.

        Тоқсан бітерде оқушылар білімін бағалауда кәрі мұғалімнің өз тәсілі бар. Ол журналды қолына алып отырады да бірінші тұрған тізімде бірінші тұрған баланы «бес», екіншісін «төрт», үшінші фамилияны қайтадан «бес» деп қорыта салады.

       Суретке қарағанда, ән-күй соғып тұр. Кәрі мұғалім нотаны қайтсын, баян домбырада ойнау болса-болмаса да жоқ. Әркім білетін әнін айтып, баға алады.

 - Ағай, хор айтайық, - дейді қыздар.

 - Е-е, айтыңдар.

Бір кластың ұл-қыздары қосылып, «Қара кемпірді» шырқай салады. Аракідік орысша өлең де бар.

- Е-е, орысша айтқандарың тіпті дұрыс болды, - деп кәрі мұғалім аракідік мақұлдап қояды.

... Уақыт осылай өтіп жатқан. Елді тұмау басқан ақпан айының іші. Бір күні класқа кіріп келген кәрі мұғалім күллі мектепті басына көтеріп жатқан оқушыларға елең етпестен, тақтаға тесіле қарап тұрып алды. Әшиінде асыр салса әкесін көрмейтін сотанақтар бұл жолы тастай тынып, есік жаққа едірейісе қалды. Класта ұшқан шыбынның ызыңы естілетін тыныштық. Кәрі мұғалім отыруға асығар емес, сәлден соң көзін көлегейлей тақта жаққа күн сала қарады.

 -          Әй, - деді сол қалпында. Қара табаннан тас төбесіне дейін тоқ жүріп өткендей қанша бала қатырап қоя берсін. – Сен, Серкебайсың ба?..

             Қайдағы Серкебайды айтып тұр? Серкебай бір заманда осы ауылда шопыр болып, машина айдаған өзі тұрғылас шал. Қазір сақалын тарамдап, ақ қабақтың басында бірді-екілі немересін ойнатып отырады. Кәрі мұғалім оны қайтсын, өткен уақыттағы «өз Серкебайымен» сөйлесіп тұр.

    -  Ал, амансың ба? Төрт дөңгелегің түгел айналып тұрса, саған бұйым ба? Биылғы отын-суыңды түсіріп алған шығарсың? – Кәрі мұғалім тәлтіректеп ілгері қарай екі қадам басты.

   -    Ағай! – Дүрліге көтерілген балалар есіктен шыға қашайын десе, Бұрқан ағай шап етіп етегінен ұстап алатындай көрінеді. Бәрі ұйлығып терезе жаққа топырлады.

       Кәрі мұғалім бірдеңесін ұмыт қалдырғандай қабағын кіржитіп барып:

  -   Серкебай ау, мұғалімнің көрген күні құрысын десейші... Құрыған ғой бәрі, - дей бере адымын санап тағы басқан. Теңселіп кетіп, шалқасынан құлады. Ол қимылдағаннан есікке қарай ығысқан балалар табалдырыққа сүріне-қабына топырлай сыртқа ұмтылды. Оқушылардың у-шуы алдымен кең залда келе жатқан мектеп директорының құлағына тиген. «Не боп қалды?»  деген оймен класс ішіне кимелей кірді.

        Бұрқан ағай құлаған орнынан тұрмаған екен, қол созым жерде жұлым-жұлымы шыққан ескі құлақшын өлген иттің терісіндей бұрқырап жатыр. Шарқаты мойнына екі оралған күйі. Класс журналын бауырына баса құлаған екен, саусақтары қарысып қалған ба, тартқанға жіберер емес. Алғашына қорылдап демалғандай сесі бар еді, еміне  берген директордың көзіне көзі түсіп кеткенде шошып кетті. Кәрі мұғалім ақырғы демін тартқан екен да...

- Әй, Бұқа-ай, әй, Бұқа-ай! -  деп көзі жасаураған директордың аузына онан басқа  сөз оралмады. Оралғанда не деуші еді?..

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

358

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз