+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНЕ БАЗЫНА


Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде еліміздің экономикасында не бітіріп, не қойғанымыз Аллаға аян, ал білім саласында басқасы тұрмақ, қарапайым мектеп оқулықтарын ретке келтіре алмай сорымыз қайнап жүр. Биік мінберлерден «Жастар-біздің болашағымыз» деген сыңайда алаулатып-жалаулатып сөйлеген не керек, мектеп оқулықтары қатеге тұнып тұрса. Мәселен, математика пәні. Берілген есептің түзілуі кейде  дұрыс болғанымен, шарты қиыр-шиыр бала тұрмақ, ата-анасы оқулық авторларының баладан не сұрап тұрғанын түсінбей, еріксіз желкесін қасиді. Ауыр, бұралқы, шұбалаңқы сөздермен жазылған шартты сонда деймін да «мынау балаларға обал болады»,- деп Білім және Ғылым министрлігінде ұлт ұрпағына шынайы жаны ашыған бір адам болмағаны ма?! Дәлел керек пе, «менмін» деп төсін қаққан мүйізі қарағайдай, «математик-авторларға» ешбір қиындықсыз, «Сіз» дей отырып, әдебімнен жаңылмай,  дәлелдеп беруге әзірмін. Себебі, Астанадағы мектеп-лицейдің бірінде 7 сыныпта оқитын баламның өзі геометриямен, алгебрағы қателерді  «жіпке тізіп, күнге қақтап қойғанына» жылдың жүзі болды. Енді сол олқы оқулықты жазған авторлармен бетпе-бет жүздесудің сәтін күтіп, күн санап жүр. «Талап-жоқ, үміті мол бір халықпыз»,-деп ХХ  ғасырда өкінген Ахмет Байтұрсыновтың  сөзі өкінішке орай арада ғасыр өтсе де өзгеріссіз қалды. «Анау жаман, мынау жемқор»,-деп бет-алды біреудің бетін тырнар ауыр сөз айту азамат басыма жараспайды. Қайтпек керек?!

Көп ойлана келе алғаш мектеп оқулықтарын жазған авторларын іздегенімде Алаш зиялыларына барып маңдай тіредім. Большевиктер күш алып кеткесін Әлихан Бөкейханов «Биліктен қуғындалған біздерге айналысатын екі іс қана қалды. Бірі -ағарту,елді сауаттандыру, екіншісі –баспасөз, журналистика»,- деп әр зиялымен келісе отырып, жазатын оқулықтарын бөліп берген. Әлихан Бөкейханов өзі бастап астрономия,  Ахмет Байтұрсынов тіл білімін, Жүсіпбек Аймауытов психологияны т.б  жазуға кірісті. Себебі, оған дейін  мектеп оқулығы шынымен   жазылмаған.
Сол кезеңдерде  мектептің математика кітабын кім жазды дейсіз ғой? Жазушы Міржақып Дулатов «Есеп құралын», жазушы, мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Есеп тану құралын», атақты геолог Қаныш Сәтбаев «Алгебраны», қазақ жерін Ресейден қызғыштай қорғап қалған Әлімхан Ермеков студенттерге арналған «Ұлы матиматика курсы»оқулығын жазды. Енді қызықты қараңыз, сол ХХ ғасырдың басында жазылған матиматика оқулықтары қазіргі интернеті иен тіресіп, технологиясы қарыштаған  заманнан әлдеқайда мазмұнды, сапалы, түсінікті. Кеше осы мақсатта  филология ғылымының докторы Амантай Шәріппен кездесіп, 1924 жылы Ташкентте жарық көрген Қожановтың «Есеп тану құралы» оқулығын талқыладық. Балаға берілетін шарт та, есеп те, түсіндіру тілі де жеңіл, тез қабылдауға қонымды. Сол сорымыз қайнамай бұрын қолданып  келген есептердің озығын алып, тозығын бөліп, неге пайданабасқа?!Ол кезеңде  Алаш зиялыларының  ұлтқа жанашырлығы қазіргілерден  мың есе артық болды. Бастысы-ниетте емес пе?! Ниет қисық, немқұрайлылық болмаса осындай олқы оқулық неге басылады?! Неге бұрынғы білім министрлері басуға қол қойып, құжатпен бекітті. Мазмұны төмен оқулықтардың басылуына қол қойған б/у министрлермен де, оқулық шығарғыш «авторлармен» де жеке-жеке кездесемін. Оқулығын қызыл сиямен бояп тұрып  -1, -0,-2 деген баға қоятын  сауатты  мықты, білімге талапшыл  матиматиктерге тексеруге тура келеді. Айыбын мойындаса (мойындамай қайда барады?) «ҰЛТ ҰРПАҒЫ АЛДЫНДА ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН ҒАЛЫМДАР» деген санатпен әлеуметтік желіге шетінен аты-жөнін жариялауға уәде беремін. «Пусть народ знает своих героев»...........

Р.S Бұйыртса, Сағадиев «шырыққа» мектеп матиматикасындағы қателіктерді тізіп, көзін жеткізетін кез келеді. Енді сол мемлекеттік  тіліндегі матиматиканы оңдыра алмай жүріп,  ағылшын тіліне өтеміз деу қай қисынға келеді? Үш тілділік тұрғысында баланың миын су, кітабын «атала» етер күнде алыс емес секілді. Министрдің әйтеуір екпіндеуінен соны сеземін...

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

170

1 comment

  • Дүйсенбі, 16 Мамыр 2016 20:38 Руза

    Білім министрлігінде қазір барлығы масқара болып жатырғой...

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз