+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



СЫРЛАСУ КЕШІ....


Арғы атасы Жезтырнақ шығар деп жүрген Қарасақауым – арамыздан қыл өтпейтін ағайынымыз екен. Жер бетінде жалғыз қалсам да, сонымен туысқым-ақ келмейді. Амалың қанша, бәрі сол атамның кесірінен. "Пәленше - түгеншеден. түгеншеден тағы бірдеңе", - деп таратып-таратып келіп, ағаштың бір бұтағын - мен, екіншісін - Қарасақау қылады. Туысатын адамыңды таңдап алмағасын не шара, басқа салғасын Қарасақаумен туысып, бүлкілдеп жүріп жатқан жай бар. Біздің табалдырыққа аяғын салмастан жылмаңдап: "Ұлуымыз біл, тату болуымыз келек", - деп асты-үстіңе түседі дейсің. Анада "туған күнім" деп шақырғанда, менің де "туыстығым қысып" ерте барсам: "Неге елте келдің, қалның аш па?" деп басыма бәле салған. "Тамақты көп жейді", - деп Шотайды шақырмады. Тиын жинастырып, балалардың сыйлаған кітаптарын көргенде бірдеңе өткізіп қойғандай бұлқан-талқаны шығып ашуланды. "Неге белсебетке кашок сатып алмалдыңдал, не болмаса камл? Далада тұла тұлыңдал, үйге кілгізуге бола ма екен, апамнан сұлап келейін", - деп бізді иіріп қойған. Дастарқан үстінде де жағаласып болды. "Аздап жесеңделші, апам кейиді ғой" деп.

Со-ол Қарасақау: "Туысқаныңа қонып кел" деп, апам жіберді деп кел-е-еп тұр. Жаздыгүні есік алдында тігулі тұратын қараша үйге әжем қатарластырып төсек салып берген. "Бәленің бетін көрмейін" деп жүзімді іргеге қарай беріп, ұйқы шақырып жатқам, анау әй-шәй жоқ:

- Өскесін кімді аласың? - деп солқ еткізді.

Тіл-аузым байланып, талып қалған ештеңем байқалмады. Айыбы, Қарасақаудың аузынан шықты демесең, жанға жайлы жып-жылы сөз.

- Білмеймін, атам біледі... Өзің ше? - дедім.

- Менікі қалада. - Қарасақаудың сенімді үніне қарағанда, бүгін ертең бітетін шаруа тәрізді. – Ылғи лөккебай мініп заулатып жүледі. Үйінде тамақ дегеннің неше түлі бал. Соның менімен жасты қызына, қайтсем де, құда түсемін деп отыл. Иненің көзінен өткендей екен.

- Сенің қалай оқитыныңды біле ме?

- Жо-о-оқ...

- Иненің көзінен өтсе, тіпті жіңішке болды ғой.

- Олай емес шығал, әшиін айтқан ғой... Өзін көлгенмін,  әдемі.

- Әдемі болғанда қандай? Айта қойшы...

- Аузы бал, - деді Қарасақау ыңғайсызданып. - Көзі бал, мұлны да... Мұлны да әдемі... Былай... - Қараңғыда ауа қармап, бірдеңе сызып көрсеткен болады. - Міне, осылай... Сосын үстіне ақ палтук киіп жүле беледі.

Байқап жатырмын, өтірікті қиыстыра алмай қиналып-ақ қалған. Әйтпесе добардай ауыз, жұмылған көз менде де бар емес пе? Мұрын дейді ғой... Қақаған аязда ұшы тершіп тұратын өзінің қызыл шоқалағынан асар бұл маңда ешкім жоқ. Әй, болмас та... Қарасақаумысың деген. Оңтайыма өзі келіп түскен оңбағанды шабақтай бердім.

- Кездестің бе өзің?..

- Айтып тұлмын ғой, кездеспесем қайдан бәлін білемін. Аумаған мына кім... Біздің кластағы... Сонан айнымайды... Тазалық...

- Ақбөбек?

- Иә, иә. Сол... Қатты ұқсайды.

"О, түлкінің міршайы... Онан да, Ақбөбек еді демей ме... Дұре-ес, әкесі осы ауылда бастық, машинасы бар. Үйін көрген жоқпын, түрлі-түсті тамақтар бар шығар... Ауыз, мұрнын, көз деп сандалып отырғандары шамаға соғады. Көбінесе ақ фартук киетіні анық. Әдемі екені рас, бірақ "иненің көзінен қалай өтетінін" қайдам?"

 

Әлі де бірдеңелерді көңірсітіп сұрай түскім келіп дыбыс берсем, жаңа ғана ояу Қарасақауым  ұйықтаған болып қорылға басқан. Менен құтылудың оңай жолын тапқан екенсің! Әрі-бері сипалап қолыма іліне кеткен түюлі шүберекті "Ойбай, жылан!" деп төсегіне тастай салып ем, Қарасақау бақырған күйі орнынан атып кетті. Күлкіден ішегім түйіліп, жастығымды умаждап жата қалдым.

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

210

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз