+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН...»


Биыл бұл қызықтан құр алақан қалдым. Әжем шартақ ілген қалтамды қайыра тігіп, су болған ұлтарақтарымды пешке жайып, қыз-е-ек ертегі айтуға отырған. Бұл кісінің ертегісі көз алдыңдағы заттарды көгілдір аспанға айналдырып, қанат байлап ұшып жүретін кеңістікке оп-оңай алып барады. Құлағыңды салсаң, шайтан-перілердің шатағына араласып, періштелерді қорғап, есуас диюлардың жалына жабысып, әлдеқайда аға жөнелесің. Әтіс-қатысы жоқ әлдебіреулерге қастасып, жаның жаратқандарына кәдімгідей іш тартасың. Ертегі таусылғанда есің кірмей, қалғып-мүлгіп тұрғаның. Сабақ үйрету - бірыңғай ертек үйретуден тұрса деп қиялдайсың.

- Баяғыда Төрежан деген аңшы болыпты... - Әжем ұршық сабын шиырып тастап қызықты хикаяларды баяндауға кіріскен. - Өзіміз күнде көріп жүрген ақ шаңдақты Шоңтөбе - ол кезде сыңсыған орман, сірескен сексеуіл, бықыған құсқа тұнып тұрса керек. Келе-келе бұл аймақта "үйрек ұшып, қаз қонған... Бізге бұйырғаны осы ғана. Бірін ұшырып, екіншісін түсіріп қоятын тұстары түсініксіз, дегенмен, ештеңе қалмағаны қалай? "Неге?" деймін. "Өзім де білмеймін", - дейді әжем әңгімесін әрі сабақтай.

- Сол Төрежан қысы-жазы елден жырақтау барып, жата-жастана аң аулайды екен. Ұлтаны қатты кең табандықтан баспаналық жертөле қазған... Үй сияқты... Мезгіл-мезгіл керуеншілер өтетін құба жолдың бойына шығып, қолына түскен аң терілерін азық-түлікке, шыт-бөздемелерге айырбас жасап, бір ауылды асыраған көрінеді.

Күн кешкіріп қалған уақыт, ақ пен қызылдың арасында ет қақтап отырған аңшының есігін біреу қаққан екен дейді.

- Кіре бер! - Ер жүрек аңшы орнынан қозғалмаған.

Еппен ашылған есіктен қарақат көзді, сұңғақ бойлы, сұлу келіншек ізетпен иіліп сәлем етіпті. Адам қарасынан аулақ жүріп, өгейсіп қалған батыр әдемі бикешке ықылас көрсеткен. Ошақ аузынан орын беріп, жөн сұраған көрінеді.

- Көшіп келе жатқан елміз. - Күлімкөз әйел күдік алдырмай байыппен сөйлепті. - Тоңып-жаурап келеміз. Тамызыққа салар от ала кетсем деп едім.

Аңшы жеп отырған тамағынан ендете кесіп, әлгі келіншекке ұсыныпты. Қолын жасырып тұрған әйел жеңінің ұшымен алса керек...

Әңгіменің қызықты кезінде жастықтан басын көтерген атам да құлағын түріп, менімен қосыла тыңдайды. "Ойпырмай, ә..."

От алып шыққан бикешке көңілінде күдік қалған Төрежан да қулыққа көшеді. Есік алдындағы отындық сексеуілді өзінің пошымына келтіріп киіндіреді де, аулақтан аңдып жатқан деседі. Орман ішін қорқынышты қараңғылық басып, биік ағаштар жайған жасыл жапырақтар арасынан жарты ай сығалаған шақта, түннен бөлінген бір сүлде қарақшыға қарай жақындай түскен. Ай жарығымен аңшы жүзтаныс келіншекті көріпті. Бұрынғы түрін өзгертіп, үсті-басын түк басқан әлдебір мақұлықтарға ұқсап сақтана басып келеді екен. Оның күжірейген мойны мен кескінсіз бейнесінен, қараңғылықты қақ жарған отты жанарынан аңшының тұла бойы тітіреп қоя берген. Үрей билеген денесін әрең игеріп, демін ішіне тартып жатса керек. Әлгі алып тұлғалы албасты аяғын сыбдырсыз басып, қарақшыға төніп барып:

Ахау, ахау, ахалақ,

Менің атым жезтырнақ, - деп бас салған.

- Өй, атаңа нәлет! - Атам тырнақтың бір ұшы өзіне тигендей шоршып түсті. - Беті жылтырағанмен, бар бәлесі артыңда екен де. - Қолына түссе жіберіп ұратындай насыбай шақшасын іздеген. Бір-екі соққан соң жүрегім тоқтап қалатындай мен отырмын.

- Сексеуілдің өзегіне дейін ендеп кеткен болат пышақтай сояу тырнақтар қайтарып суыруға келмеген. Әрі-бері тартқылап қалжыраған Жезтырнақ: "Екі аяқтыдан айла аспас", - деп еңіреген екен.

Бәрін бақылап жатқан аңшы қанжарын қынабынан суырып, Жезтырнақтың саусақтарын түбінен шауып тастаған. Орманға қарай сүмеңдеп қашқан жауыз мақұлықтың хабарын аңшыдан естіген ауыл ақсақалдары: "Бекер істепсің, жанын алғаның жақсы еді. Енді ұя жасап, ұрпақ шашатын болды", - деп өкінген екен...

Көкірегімде көптеген сауалдар туындайды. Көпке дейін көзім ілінбей әжем мен атама маза бермеймін.

- Осының бәрі рас па?

- Қайдам, жұрт айтады ғой... Төрежанның осы ауылда шөбере-шөпшектері бар.

"Шөбере-шөпшек?.."

- Қазір Жезтырнақтар бар ма, ата?

- Білмеймін, балам, болуы да мүмкін. - Атам "мазамды алып, қоймадың ғой" дегендей аунап түсіп, бетін пешке беріп жатты. - Ұйықта енді, бұған бірдеңе десең, бәлеге қаласың.

Қалай ұйықтаймын, қалған сұрақтарымды әжеме қоямын.

- Жезтырнақтың қазіргі балаларын қалай білуге болады?

Әжем де, атам да орындарында жатып, селкілдей күлді. Маған қайтарар жауап таппай жатқандарын біле қоямын.

           "Орман қайда, жертөле қайда, Жезтырнақты өлтірмегені несі?" Қалың ойдың қабатында көшіп жүріп көзіміз ілініп кетті.

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

175

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз